Балалардың дамуы мен білімі үшін робототехника ерекше маңызды. Бұл заман талабына сай технологиялар әлемінде балалардың логикалық ойлауын, шығармашыл қабілетін және топта жұмыс істеу шеберлігін жетілдіреді.
Қаламызда ашылған «RoboOrda» робототехника үйірмесі дәл осындай білім мен дағды беруге ұмтылып келеді. Робототехника үйірмесіне 5 жастан бастап 14 жасқа дейінгі балалар қабылданады. Бұл жас аралығы – баланың логикалық ойлауы мен моторикасының дамып, технологияға қызығушылығы арта бастаған шақ.
– Үйірмеге жазылу үшін ешқандай емтихан немесе алдын ала білімі талап етілмейді, тек техника мен шығармашылыққа деген қызығушылық жеткілікті. Қатысушылар жас ерекшелігі мен дайындық деңгейіне қарай топтарға бөлініп, әр топқа арнайы оқу бағдарламалары әзірленген. Бастауыш сынып оқушылары үшін жаңадан бастағандарға арналған ерекше сабақтар қарастырылған. Үйірмені құрудағы басты мақсат – балалар мен жасөспірімдерді заманауи технологиялар әлемімен таныстырып, шығармашылық ойлау мен инженерлік қабілеттерін дамыту. Үйірменің басты ұраны – робототехниканы бала тұлғасын дамытудың маңызды құралы ретінде пайдалану, – дейді үйірме жетекшісі Тұрар Ерікұлы.

Шындығында, робототехника қазір болашақ мамандықтардың негізі ғана емес, балалардың логикалық ойлауын, командалық дағдысын, мәселелерді шешу қабілетін жетілдіретін маңызды құралға айналған. Үйірме сабақтары барысында балалар тек робот құрастырып қана қоймай, оларды бағдарламалау, сенсорлармен жұмыс істеуді және нақты өмірдегі әртүрлі тапсырмаларды техника көмегімен шешуді үйренеді. Үйірме жетекшісінің айтуынша, бұл балаларды технологиялық жаңалықтарға ерте араластырып, олардың өз идеяларын жүзеге асыруына толық мүмкіндік береді.
– «RoboOrda» үйірмесінде сабақтар аптасына екі рет өткізіліп, әрқайсысы 1,5 сағатқа созылады. Сабақтарда теория мен практиканың үйлесімі басты назарда. Алдымен жаңа тақырып түсіндіріліп, кейін сол білімді қондырып робот құрастыру және бағдарламалау жұмыстары арқылы балалар жас тәжірибелік жұмыс жасайды. Әр сабақта оқушылар алдымен тақырыппен танысып, кейін сол білімді робот құрастыру мен бағдарламалауда қолданады. Бағдарламасына негізінен бірнеше тақырыптар кіреді. Робототехниканың негіздері, конструкторлармен жұмыс (LEGO Education және т.б.), бағдарламалау негіздері, роботтың қозғалысын басқару, жарық, дыбыс, қашықтық сияқты датчиктермен жұмыс, жарыстарға дайындығы және командадағы жұмыс дағдылары. Бұл тақырыптар бір-бірімен сабақ барысында ұштастырылып, оқушыларға роботтарды жобалау мен басқаруды жан-жақты меңгеруге мүмкіндік береді, – дейді Тұрар Ерікұлы.
Ұйымдастырушылар заманауи және балаларға ыңғайлы құрал-жабдықтарды пайдаланады. Құралдар әр оқушының жасына және деңгейіне сәйкес таңдалады. Ең көп пайдаланатын платформа – LEGO Education (WeDo 2.0, EV3, Spike Prime) конструкторлары. Бұл – бастауыш және орта жастағы балаларға арналған тиімді робототехника платформаларының бірі: LEGO жинақтары арқылы оқушылар робот құрастырып, оны арнайы визуалды бағдарламалау тілі арқылы бақылай алады.
– Әр құрал-сайман мен технология оқушыларға тапсырмаларды шешуде қолдау көрсетіп, олардың бағдарламалау және инженерлік ойлау дағдыларын дамытады, – дейді үйірме жетекшісі.
«RoboOrda» үйірмесіне қатысқан балалар қалалықтан республикаға дейінгі робототехника жарыстарына белсене қатысып, тамаша нәтижелер көрсетіп жүр. Бұл олардың тек теориялық біліммен шектелмей, нақты практикалық жобаларды сәтті жүзеге асырып жатқанын байқатса керек. Жетістіктер қатарында 2024 жылы Халықаралық робототехника «Роботек» чемпионатында екі оқушы бірінші орын иеленсе, 2025 жылы «Robotek Grand Tournament 2025» халықаралық жарысында үйірме командасы екінші орынмен марапатталды.
– Бұл жетістіктер – балалардың өз бетінше ойлауға, шешім қабылдауға және креативті болуға деген ынтызарлығының нәтижесі, – дейді үйірме жетекшісі.
Үйірмеде балаларды ынталандырудың бірегей тәсілі ретінде «РобоКеш» деп аталатын ішкі виртуалды валюта жүйесі енгізілген. Сабақ барысында оқушылар өз жетістіктері мен белсенділігі үшін РобоКеш жинайды. Мысалы, олар РобоКешті сабаққа уақытылы және жүйелі қатысқаны, жобаны сәтті орындағаны, топта басқа оқушыларға көмектескені немесе жеке өзіндік жоба жасағаны үшін ала алады. Курс соңында жиналған РобоКешті оқушылар «Робо-дүкеннен» қажетті заттарға айырбастай алады. Бұл – ойыншықтар, кеңсе тауарлары, техникалық гаджеттер немесе шағын сыйлықтар.
– РобоКеш жүйесі балалардың қызығушылығын арттырып қана қоймай, еңбегінің бағаланатынын сезіндіреді. Балаларға қаржы сауаттылығы, еңбек пен нәтиже арасындағы байланыс сияқты маңызды ұғымдарды түсінуге көмектеседі. Яғни, олар тек техниканы ғана емес, өмірлік маңызды дағдыларды да меңгеруде, – дейді жетекші.
«RoboOrda» үйірмесі оқушылардың теориялық білімін практикалық тәжірибе арқылы бекітуге ерекше мән береді. Сондықтан мектеп оқушылары қалалық, облыстық және республикалық деңгейдегі робототехника жарыстарына тұрақты қатысып келеді
Байқауларға дайындалу – тек робот жасаумен шектелмейді. Бұл процесс оқушыларға топтық жұмыс, уақытты тиімді бөлу, шешім қабылдау, көпшілік алдында сөйлеу сияқты өмірлік дағдыларды да дамытуға мүмкіндік береді. Оқушыларды командада жұмыс істеуге, өз идеясын қорғауға үйретеді, – дейді жетекші.
Тұрар Ерікұлының пікірінше, робототехника бүгінгі балалар үшін тек хобби ғана емес, болашаққа бастар жол. Қазіргі технологиялық даму заманында робототехника баланы қарапайым тұтынушы емес, технология жасаушы адам ретінде қалыптастырады. Болашақ инженер, жаңашыл өнертапқыш ретінде қалыптасуына жол ашады.
– Робототехника балалардың жан-жақты дамуына ықпал етеді. Біріншіден, бұл пән логикалық ойлау, шығармашылық және техникалық сауаттылықты дамытады. Оқушылар қандай да бір мәселені шешу үшін ой құрып, жоспарлап, робот жасап іске асырады. Екіншіден, робототехника – пәнаралық бағыт математика, физика, информатика, инженерия, тіпті экологиямен тоғысады. Бұл оқуды қызықты әрі мазмұнды етіп, әр пәннің өмірдегі маңызын көрсетеді. Үшіншіден, робототехникада балалардың командамен жұмыс істеуді, уақытты басқаруды, табандылықты, қателіктен үйренуді меңгереді. Олар «темір» құрастырып қана қоймай, өз ойын еркін білдіруге, жауапкершілікті сезінуге де үйренеді. Сондықтан робототехниканы бала тұлғасын дамытудағы маңызды құрал ретінде бағалау керек. Робототехника жастарды жаңа идеялар іздеуге және тәуелсіз жобалар жасауға жетелейді. IT-маман, технопарк жүргізушісі немесе стартап иесі сияқты жоғары сұранысқа ие мамандықтар үшін өте маңызды, – дейді ол.
Жастар үшін робототехника заманауи ойлауды, инновациялық көзқарасты және шығармашылық қабілетті дамытуға мүмкіндік береді. Мұнымен айналысатын жасөспірімдер сандық сауаттылық пен инженерлік ойлауды жетік меңгереді. Иә, шынымен де, «RoboOrda» үйірмесі керемет бастама. Қазіргі уақытта балаларды ғылым мен техника әлеміне баулитын, олардың IT салаға қызығушылығын оятатын ерекше жобаға айналуда. Бұл бастама болашақта да жақсы нәтиже берері сөзсіз.
София ХАЙРУЛЛА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!