Сенбі, 21 желтоқсан, 20:45

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Робот жасау шығармашылық пен инновациялық ойлауды дамытады

17.09.2024

505 0

Жақында Алматы қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде ұйымдастырылған «WRO – 2024» республикалық чемпионатында «Robomission elementary» бағыты бойынша өңірдегі №217 ІТ мектеп-лицейінің шәкірттері ІІІ орынды иеленді. Олардың жетістігі информатика пәнінің мұғалімі Тұрар Ерікұлының роботехника үйірмесінде инновациялық әдіс-тәсілдері мен жаңашыл оқыту әдістерінің арқасында еселенді. Мектептегі робототехника үйірмесінде сабақ беретін ұстазбен сұхбаттасудың сәті түсті.

– Елімізде робототехниканың дамуы қалай? Оқушылардың қызығушылығы қаншалықты?

– Робототехника үйірмесіне оқушылар­дың қызығушылығы жоғары, өйткені олар технология, инженерия және бағдарламалау сияқты салаларға қызығады. Қызығушылық деңгейі мектептен басталады және бұны ары қарай дамыту оқытушының тәжірибесіне және қолжетімді ресурстарға байланысты. Қазіргі кезде мектептеріміздің басым бөлігі робототехника кабинеттерімен және заманауи ресурстармен жабдықталған. Мұғалімге де оқушыға да жағдай жасалған. Мұғалім оқу­шылармен жұмыс жүргізу үшін икемді оқыту түрі мен жаңаша тәсілдерді қолданған дұрыс.  Ақпараттық қоғамда бәсекеге қабілетті болу – бұл іргелі, инновациялық өндірісті дамытуға, бастысы – үздіксіз білім алуға дайын болу. Жалпыға бірдей деңгейде жаңа немесе жаңартылған білім беру құралдарын жасау, үздіксіз дайындықты қалыптастыруға ықпал ету білімді, әмбебап оқыту және метапәндік дағдыны дамыту қажеттілігі туындайды.

– Қызығушылық жоғары деп қалдыңыз. Сіз мектепте робототехника үйірмесінде қанша оқушыны тәрбиелейсіз?

– Қазіргі уақытта мектептегі үйірмеге 70-ке жуық оқушы қатысады. IT саласына балалардың қызығушылығы басым. Робототехника – ғы­лым мен техниканың ең жылдам дамып келе жатқан саланың бірі. Жалпы елімізде робототехника саласы 2010 жылдан бастап дамыды. Бүгінде елімізде осы сала бойынша түрлі байқаулар, сайыстар ұйымдастырылып келеді. Робототехника сабақтарында оқушылар технология мен инновация әлемін зертейді. Олар түрлі роботтар мен электрониканың қалай жұмыс істейтінін үйрене отырып, негіздерінен бастайды. Оқушылар бөлшектерді қосу және тапсырмаларды орындау үшін бағдарламалау арқылы қарапайым робот үлгілерін құрастыруды үйренеді. Оқыған сайын олар күрделі жобаларды өмірге әкелу үшін топпен жұмыс жасау арқылы есептерді шешу дағдыларын дамытады. Оқушылар роботтарының қозғалуына және қоршаған ортаға жауап беруге көмектесу үшін сен­сорлар мен қозғалтқыштар сияқты әртүрлі материалдармен және компоненттермен тәжі­рибе жасайды. Сондай-ақ олар роботтарға командалар беруге және тапсырмаларды автоматты түрде орындау үшін алгоритмдер жасауға мүмкіндік беретін арнайы бағдарлама арқылы роботтарды бағдарламалауды үйренеді. Қазіргі уақытта үйірме оқушылары әртүрлі функцияларды орындай алатын күр­делі роботтық жүйелерді жасай алады. Робототехника сабақтары оқушыларды ин­женерия мен технологияны зерттеуге ша­быттандырады.

– Қазіргі уақытта робототехника бойынша оқушыларыңыздың жетістіктері қандай? Ауыз толтырып айта аласыз ба?

– Әрине. Үйірме оқушылары жыл сайын өткізілетін сайыстарда жүлделі орындар иеленіп жүр. 2022 жылғы байқауларда «Робо арқан тартыс», «Робо қыз қуу», «Робо сумо», «Арқан тартыс» санаты бойынша жеңімпаз болса, халықаралық «NatRoboCom-2022-CA-Turkestan» байқауында «Robo Aq Suiek»  бойынша үздік атанды. Оқушыларым 2023 жылы робототехникадан республикалық «Robotek Grand Tournament 2023» чем­пионатына «Эстафета»  бағыты бойынша қатысып ІІ орын иеленсе, 2024 жылы  робототехникадан халықаралық  «Robotek Grand Tournament 2024» чемпионатына  «Туды жеткізу» бағыты бойынша қатысып ІІІ орын,  «Мерген» бағыты бойынша ІІІ орын және «Роботек» бағыты бойынша І орынды жеңіп алды. Ұстаз ретінде мен шәкірттерімнің халықаралық робототехника жарысындағы жетіс­тіктерін мақтан тұтамын.

– Сіздің ойыңызша, робототехниканы оқитын оқушылар үшін ең маңызды дағды қандай? Қандай қасиет пен қабілет керек?

–  Әрине, бұл – біріншіден, мәселелерді шешу қабілеті. Робототехника тек бағ­дарламалау мен механика емес, ол – күрделі мәселенің шығармашылық шешімдерін табу. Робототехника балаларға жобаны талдауға және тиімді шешімдер табуға көмектеседі. Роботтарды жасау шығармашылық пен инновациялық ойлауды дамытады, инженерлік ойлауды дамытуға және техникалық про­цестерді түсінуге ықпал етеді.

– Алдағы жылдарда робототехника сала­сында қандай өзгерістер болады деп ойлайсыз?

– Жасанды интеллектің робототехникаға көбірек интеграциялануын көреміз. Бұл бізге автономды және тиімді жүйелерді құруға мүмкіндік береді деп ойлаймын.

– Робототехникамен айналысқысы ке­летін жастарға қандай кеңес бере аласыз?

– Робототехниканың негіздерін, бағдар­ламалауды үйренуден бастау керек. Бұл білім робототехникадағы көптеген тапсырмаларды шешуге көмектеседі. Практикалық тәжірибе жинау үшін роботтарды құрастыру мен бағ­дарламалауды тек теория жүзінде емес, практикада да үйрену маңызды. Arduino, LEGO сияқты платформаларды пайдаланып, қарапайым жобаларды жасаудан бастасаңыз, күрделі бағдарламалары бар роботтарды жа­сай аласыз. Робототехника үйірмелері мен жа­рыстарға қатысу арқылы тәжірибе жинақ­тап, басқа қызығушылық танытқан жас­тар­мен байланыс орнату арқылы дағдыларды жетілдіруге көмектеседі. Жалпы ро­бо­то­тех­ника саласы болашақ инженерлер мен өнер­­тапқыштардың жаңа буынын қалыптас­­тыруға ықпал етеді. Робототехника балалар­­дың логикалық ойлауын, математи­калық және логикалық қабілеттерін, топпен жұмыс істеу мен ғылыми ізденістерге деген қызы­ғушылығын дамытады.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен

София Хайруллақызы

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: