Сенбі, 10 қаңтар, 10:19

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№2 (2214)
10.01.2026
PDF мұрағаты

Роза Ерімбетова, С.Толыбеков атындағы №3 ІТ-мектеп-лицейінің физика пәнінің мұғалімі, педагог-зерттеуші: Шәкірттерімнің жетістігі – басты марапатым

10.01.2026

65 0

«Үздік педагог»  байқауы елімізде 2012 жылдан бері өткізіліп келеді.  Өткен жылдың қорытындысы шарасында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аймақтағы «Үздік педагог» облыстық байқауының жеңімпаздарын  марапаттады. Қаламыздағы С.Толыбеков атындағы №3 ІТ-мектеп-лицейінің физика пәнінің мұғалімі, педагог-зерттеуші Роза Ерімбетова «Үздік педагог» байқауында үздіктер қатарынан көрінді. Үздік ұстазбен әңгімелесудің сәті түскен еді.

– Жыл қорытындысы бойынша «Үздік педагог – 2025» марапатын ие болдыңыз. Құтты болсын! Бұл мара­паттың артында үлкен еңбек жатқаны анық. Ұстаздық  жолыңыз жөнінде айтып өтсеңіз…

– «Үздік педагог – 2025» мара­паты – мен үшін үлкен құрмет әрі жауапкершілік. Бұл жетістік – жылдар бойы жинақталған тәжірибе, үздіксіз ізденіс пен оқушыларыммен бірге ат­қарған тынымсыз еңбектің нәтижесі деп білемін. Физика пәні мұғалімі ретінде еңбек жолымды қарапайым мектептен бастадым. Бастапқы жылдары әр саба­ғыма жаңалық енгізуге тырыстым. Заман талабына сай оқытудың тиімді әдістерін, оның ішінде цифрлық техно­логияларды, модельдеуді, зертханалық жұмыстарды кеңінен қолданып келе­мін. Оқушылардың қызығушылығын арттыру үшін элективті курстар ұйым­дастырып, ғылыми жобаларға же­текшілік еттім. Осы жылдар ішінде көптеген шәкірттерім қалалық, облыс­тық, республикалық жарыстарда жүл­делі орындарға ие болды. Бұл менің кәсіби мотивациямның бір көзі. Алда да білім сапасын арттыру жолында аян­бай еңбек етіп, оқушыларды ғылымға баулуды жалғастырамын.

– Бала кезден мұғалім болуды ар­мандадыңыз ба, әлде тағдыр жете­леді ме?

– Мен Қазалы қаласында дүниеге келдім. №16 М. Горький атындағы орыс орта мектепте білім алдым және дәл осы мектепте физика пәнінің мұғалімі болып еңбек жолымды бастадым. Бала кезімнен математика пәнінің мұға­лімі болуды армандадым. Елена Николаевна апайым маған осы пәнге деген қызығушылықты оятып, бағыт берді. Оқушы кезімнен олимпиадаларға қатысып, білімге құш­тар болдым. Физика пәніне деген қызы­ғу­шылығым да осы математика ар­қылы қалыптасты. Себебі физикадағы жетістіктерімнің артында логикалық ойлау мен есептеуге бейімділік жатыр.

– Сіздің ойыңызша, жақсы мұға­лім қандай болу керек? Оны өзге­лерден даралап тұратын қандай қасиет деп ойлайсыз?

– Менің ойымша, нағыз мұғалім – білім үйретуші емес, әр баланың жү­регіне жол тауып, оның қабіле­тіне сеніп, адамгершілік пен жауапкерші­лікті өз өнегесі арқылы сіңіре бі­ле­тін үлкен жүректі тұлға болу. Оны өзге­лерден даралап тұратын басты қасиет – жа­нашырлық пен шынайы ықылас. Мұғалім әр оқушыны түсіне білсе, оны көтермелеп, шабыттандыра білсе, бала­ның есінде қалады. Соны­мен қатар үз­діксіз ізденіс, жаңа­шыл­дыққа ашықтық және өз ісіне деген сүйіспеншілік – нағыз ұстаздың ажы­рамас белгілері.

– Сіз үшін мұғалім мен оқушы ара­сындағы сенім қаншалықты маңызды?  

– Мен үшін мұғалім мен оқушы арасындағы сенім — тәрбиенің де, білім берудің де өзегі. Сенім бар жерде ашық диалог, өзара түсіністік, шынайы байланыс орнайды. Оқушы өз ұстазы­на сенсе, сұрақ қоюдан, қателесуден қо­рықпайды, пікірін ашық білдіреді. Ал мұғалім оқушысына сенсе, оның мүм­кіндігіне шек қоймайды, қолдап, жігер­лендіріп отырады. Сондықтан сенім – оқу процесін тиімді етіп қана қоймай, бала тәрбиесінде де үлкен рөл атқарады.

– Қазіргі білім беру жүйесіндегі басты өзгерістерге көзқарасыңыз қалай? Бүгінгі шәкірт жүрегіне жол табу қиын емес пе? 

– Қазіргі білім беру жүйесінде үлкен өзгерістер болуда. Цифрландыру, құзыреттілікке негізделген тәсіл, ака­де­миялық еркіндік, оқушының жеке қабілетін дамытуға бағытталған білім беру. Бұл жаңашылдықтар уақыт тала­бына сай, заман ағымына бейімделуге мүмкіндік береді деп ойлаймын.

Бүгінгі шәкірт бұрынғыдан өзгеше. Олар – еркін, ақпаратқа қанық, пікірін ашық айтуға бейім. Жүрегіне жол табу қиын емес, бірақ ол үшін мұғалім де үнемі ізденісте болуы керек. Баланың қызығушылығын түсіну, тілін табу, сенімін ояту – міне, сол кезде ғана мұғалім мен шәкірт арасында тығыз байланыс орнайды.

– «Үздік мұғалім» атану сіз үшін нені білдіреді? 

– Ахмет Байтұрсынұлы «Мұғалім – мектептің жүрегі» деген. Бұл сөз – мен үшін тек қанатты тіркес емес, ұстаздық жолымның мәні мен мағынасы. Себебі мектептегі барлық тәрбиелік те, білім­дік те процесс – мұғалімнің жүрегі мен жан жылуына байланысты. Сол себепті «Үздік педагог» атағын иеле­ну – мен үшін үлкен құрмет қана емес, дәл осы жүрекпен сезінген, шын ниет­пен атқарған еңбегімнің бағалануы. Бұл марапат маған жаңа серпін беріп, әр оқушының жүрегіне жол табуға, білім беруде жаңашылдыққа ұмтылуға, әріптестеріммен бірге даму жолында еңбек етуге жігерлендіре­ді. Шәкірттерімнің жетістігі – менің бас­ты марапатым, ал «Үздік педегог» ата­ғы – сол жолдағы еңбек пен махаббат­тың айғағы.

– Сұхбатыңызға рахмет.

Айтолқын АЙТЖАНОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: