Қызылорда биыл айтулы мерекені атап өтуде. Қалаға астана мәртебесі берілгеніне 100 жыл толуына орай, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің бірлесе ұйымдастыруымен – «Kitap time – 2025» IV жалпы республикалық кітап фестивалі салтанатты түрде өтті. Іс-шараға зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, ардагерлер және оқырмандар қатысты.
Мәдени шарада қалалық мәслихат төрағасы Ибадулла Құттықожаев Қызылорда қаласының астана болғанына 100 жыл толуына орай қаланың тарихына тоқталды. Сондай-ақ кітаптың адам өміріндегі мәнін ерекше атап өтіп, оқуға құштар ұрпақ тәрбиелеудің маңызын жеткізді.
Орталық алаң бір сәтке руханият ордасына айналды. Сөрелерге тізілген жүздеген кітап оқырманын тапқандай болды. Әлем және қазақ әдебиетінің классиктері, балаларға арналған ертегілер мен энциклопедиялар, заманауи басылымдар мен тарихи еңбектер көпшілікке ұсынылды.
– Қызылорданың астана болғанына 100 жыл толып отыр. Бұл – халқымыздың тарихындағы маңызды кезең. Бүгінгі іс-шараның мақсаты – жастардың, жалпы оқырмандардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру. Кітап – адамзаттың ең сенімді серігі. Осы орайда кітапхана қызметкерлеріне алғысымды білдіремін, – деді қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Айдын Қайруллаев.
Қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі «Алаштың анасы – бақыттың қаласы Қызылорда» атты көрме ұйымдастырды. Мұнда «Ақмешіт» мұражайында сақталған 1925–1928 жылдары жарық көрген алғашқы кітаптар қойылып, оқырманды ХХ ғасырдың рухани әлеміне жетелегендей серпін берді.
Сонымен қатар Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ғылыми кітапханасы, Қызылорда ашық университеті, Қызылорда медициналық жоғары колледжі, Қызылорда аграрлық-техникалық жоғары колледжі және көпсалалы колледждердің кітапханалары өз қорындағы кітап қазыналарын көпшілікке паш етті.
– Бүгін біз жас буынға Қызылорданың тарихын таныстырып, өткен мен бүгінді сабақтастыруды көздедік. Сонымен қатар Сыр елінің ақын-жазушыларының кітаптарын дәріптеуді жөн санадық, – дейді Сейхун колледжінің кітапханашысы Назиза Рабаева.
Кітапхана қызметкерлері кітап оқудың маңызын ерекше атап өтті.
– Бүгінгі рухани шараға біз «Мен таңдаған мамандық – менің болашағым» атты кітап көрмесін әкелдік. Әдеби шығармалармен қатар кәсіби еңбектеріміз де бар. Жастарға әрдайым кітап оқудың маңызын түсіндіріп келеміз. Себебі барлық білімнің қайнар көзі – кітап, – дейді Смағұл Ысқақов атындағы Қызылорда құрылыс және бизнес колледжінің кітапханашысы Бақыт Сұлтанбекқызы.
Фестивальде балаларға арналған арнайы сөрелер де жасақталды. Балғындар ертегілермен, суретті кітапшалармен, энциклопедиялармен танысты.
– Қазіргі таңда балалардың көбі смартфонға тәуелді. Сол себепті оларды кітапқа баулу тікелей ата-ананың қарауында. Бала бізден көргенін қайталайды. Сондықтан кітап оқу дәстүрін отбасынан бастау маңызды, – дейді балалар кітапханашысы Жансая Қожас.
М. Ысқақов атындағы Қызылорда техникалық IT жоғары колледжінің ұжымы кітап фестиваліне жоғары деңгейде дайындалғаны байқалды.
– Бұл іс-шара жай ғана кітап көрмесі емес, жас ұрпақтың білімге деген құштарлығын арттырудың жолы. Саналы ұрпақ тәрбиелеу үшін ең алдымен кітапты балаларымызға насихаттауымыз қажет. Осы орайда біз «Мен таңдаған мамандық – менің болашағым» атты кітап көрмесін оқырман назарына ұсынып отырмыз, – дейді колледждің кітапханашысы Жарқын Мұхитқызы.
Фестивальге еліміздің түкпір-түкпірінен «Қасым», «Сана», «Мазмұндама» секілді баспалар қатысып, өз кітаптарын ұсынды. Жергілікті «Атамұра» мен «Кітап ал» дүкендері де жаңа кітаптарын жұртшылық назарына шығарды. Сонымен қатар «QAZAQSHA QUIZ» интеллектуалдық сайысы өтті. Жеңімпаздар қаржылай сыйлықтарға ие болды.
Тағылымды шарада облыстық «Сыр бойы» газетінің тілшісі, «Тұран» сыйлығының иегері, ақын Ғазиза Әбілданың «Қыр гүлі» атты жаңа жыр жинағының тұсаукесері өтті. Кітап жәрмеңкесіне мыңға жуық қала тұрғыны қатысты. Әсіресе жас оқырмандардың кітапқа деген қызығушылығы ерекше байқалды.
– Бүгінгі кітап көрмесі өте ұнады. Қызықты әрі пайдалы ақпарат алдық. Кітапқа деген ынтамыз арта түсті, – дейді Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенті Нұрай Тұрсынова.
Фестиваль соңында қала мәдениетіне, руханиятқа үлес қосып жүрген азаматтар қала әкімінің алғыс хатымен марапатталды. «Үздік кітапхана», «Үздік кітапханашы», «Үздік оқырман отбасы» номинацияларының иегерлері анықталды.
«Kitap time – 2025» фестивалі – Қызылорданың 100 жылдығына орай ұйымдастырылған мерекелік шара ғана емес, рухани құндылықты дәріптейтін айтулы мереке. Бұл бастама жас ұрпақтың бойына кітапқа деген махаббатты ұялатты. Қызылорда – бүгінгі күнде тек тарихымен емес, руханиятымен де елге үлгі бола алатындығын тағы бір мәрте дәлелдеді. Бүгінгі шара қала тұрғындарын рухани тұрғыда байыта түсті.
Айдана БАХТИЯР
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!