Сейсенбі, 11 қараша, 01:47

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№86, (2198)
11.11.2025
PDF мұрағаты

Рухани келісім мен бейбітшілікті сақтау – қоғам міндеті

11.11.2025

42 0

Рухани келісім күніне орай, ағымдағы жылдың 20 қазан күні облыстық дін істері басқармасына қарасты дін мәселелерін зерттеу орталығының ұйымдастыруымен Жыраулар үйінде облыстық ғылыми-тәжірибелік конфереция өтті. Оған діни бірлестік өкілдері, дін саласының сарапшылары, теолог мамандар, ғалымдар, өзге өңірлерден келген қонақтар мен мемлекеттік органдардың қызметкерлері қатысты.

Іс-шараның негізгі мақсаты – өңірде­гі конфессияаралық келісімді нығайту, зайырлы қоғам мен дәстүрлі рухани құндылықтардың сабақтастығын сақтау, сондай-ақ діни ахуалға қатысты өзекті мәселелерді талқылау.

Конференцияны облыс әкімінің аты­нан құттықтау сөзбен ашқан модератор, облыстық дін істері басқармасының басшысы Мира Қазбекова рухани келісім мен бейбітшілікті сақтау барша қоғамның ортақ міндеті екенін атап өтті.

Конференцияда қоғамдағы руха­ни процестердің түрлі қырлары талқы­ланды. Атап айтқанда, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ доценті Сержан Оразбай «Рухани келісім – тұрақты­лық тұғыры» тақырыбындағы баяндама­сында дінаралық татулықтың ұлттық тұрақтылыққа әсерін ашып көрсетті. Ал Жамбыл облысы дін істері бас­қармасының өкілі Ерзат Жақыпов «Қазіргі жаһандану заманында рухани қауіпсіздік және қазақ халқының рухани болмысы» баяндамасында рухани қауіпсіздік мәселесін ұлттық болмыспен байланыстыра отырып саралады.

Сондай-ақ Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры Айтжан Оразбақов Сыр өңіріндегі этни­калық әртүрлілік пен тарихи қалыптасу жолдарын баяндаса, дінтанушы Әлібек Жаппасбаев өз сөзінде әлеуметтік желілердегі рухани келісім идеяларын тарату тетіктеріне тоқталды.

Жиын барысында Қазақстан мұсыл­мандары діни басқармасының өкілдігі, православ шіркеуі мен пресвитериан қауымдастығының басшылары өз ойла­ры­мен бөлісіп, конфессияаралық өзара құрмет пен түсіністіктің маңызды­лы­ғына тоқталды.

Шара соңында дін саласындағы ең­бегі үшін бірқатар азаматтар облыс әкімінің және Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Дін істері комитетінің алғысымен мара­патталып, «Жыраулар үйінің» жыршы-жырауларының жырларын тыңдап, рухани азық алып қайтты.

 Фариза Жорабекова,

«YI GROUP» ЖШС басшысы

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: