Ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде: «Алла Тағала кімге жақсылықты қаласа, соған дінді терең түсінуді нәсіп етеді», – делінген. Дін іліміне терең бойлап, оны халыққа дұрыс жеткізе білу сауабы мол іс. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйытқы болуымен асыл дініміздің құндылықтары дәріптелуде. Мәселен, Діни басқарманың рухани құндылықтарды сақтауда, оны насихаттау жолында қабылдаған құжаты ел мұсылмандары үшін маңызды құндылық болып табылады.
Діни басқарма қабылдаған маңызды құжаттың бірі – «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының рухани (діни және ұлттық) құндылықтарды насихаттаудағы рөлі» деп аталады. Бұл жайында айтпай кетуге болмайды. Бұл құжат 2023 жылы қабылданды. Құжат бізге не береді немесе біз одан қандай рухани байлық аламыз?!
Осы жөнінде айтсақ…
Расында бір ұлттың қалыптасып, оның өміршең ғұмыр кешуі үшін діни және ұлттық құндылықтары дәйім қалыптасуы қажет. Мұндай құндылықтар адамның күнделікті тұрмыс-тіршілігіне, өмір-салтына, діни және дүниелік таным-түсінігіне қарай қалыптасып отырады. Рухани құндылықтар қашан да адамның өміріне бағыт-бағдар беріп, оның адамгершілік қасиетін арттырады. Сол арқылы қоғамды жамандықтардан, азғындықтардан қорғап, кемелдену, өркендеу жолына түседі. Адамның адамдығы осы құндылықтарынан байқалады.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы елімізде діни және ұлттық құндылықтардың сақталуы мен насихатталуына өзіндік үлесін қосып келеді. Құндылықтардың насихатталуымен дәріптелуінде ілкімді істері мен ауқымды шаралары жетерлік. Айтпағымыз бұл емес. Құжатта аталған діни және ұлттық құндылықтардың қазақ қоғамында насихатталуының маңызына тоқталмақпыз.
Діннің бұйрықтары мен талаптарына назар аударғанда негізгі мақсатының адам баласын жамандық атаулыдан сақтандырып, жақсылыққа тәрбиелеп, кемелдікке қарай бағыттау екенін көреміз. Жаратушының бар һәм бір екеніне сену – адам табиғатына Алла тарапынан берілген қасиет. Дін – өмірге мән сыйлап, жоғары адамгершілік құндылықтарға жетелейді.
Ислам – Алла Тағаланың өзі кемелдендіріп, разылық танытқан ақырғы дін. Ислам діні күллі адамзатқа рақым ретінде жіберілген.Осыған қатысты Құран Кәрімде: «Біз сені күллі ғаламға тек рақым ретінде жібердік» («Әнбия» сүресі, 107-аят), – делінген. Пайғамбарды жіберудегі мақсат – адамзатқа құндылықтарды жеткізу.
Ислам діні – бұрмаланбайтын, адамзаттың бақыты үшін жіберілген ең соңғы дін. Дініміз ислам қоғам тіршілігінің баянды болуы үшін бізден бес құндылықтың сақталуын талап етеді. Олар: дін, жан (өмір), ақыл-ес, ұрпақ пен дүние-мүлікті сақтау. Құжатта мән берілген осы бес құндылыққа қысқаша тоқталып өтейік:
1. Дінді сақтау. Сенім – адам өміріне бағыт-бағдар беретін құндылықтар қайнары. Дін – иман, ислам, ихсан тұғырларына негізделеді. Абайша айтқанда «Ақылды адамға иман парыз, иманды адамға ғибадат парыз». Иман мен ислам адамды ихсанға, яғни тақуалық пен адалдыққа, жан тазалығына, кемелдік жолына жетелейтін ізгі қасиеттерге бастайды. Дінді сақтау үшін адамдарға діннің негізгі құндылықтарын дұрыс үйрету қажет. Бұл өте маңызды.
2. Жанды/өмірді сақтау. Ислам діні адам баласын бәрінен ардақты етіп жаратқандықтан, адам өмірін сақтау – негізгі талап. Өмірді сақтау дегеніміз – адамның тәні (денсаулығы) мен жанын (рухани байлығын) қоса сақтаудан тұрады. Адам жаны Алланың берген аманаты саналғандықтан ислам дінінде бір адамды өлтіру күллі адамзатты өлтірумен тең саналған. Сондықтан ешкімнің өміріне қол сұғуға жол берілмейді. Тіпті өзіне қол салуға және түсік жасатуға да қатаң тыйым салынып, үлкен күнәлар қатарына жатқызылған.
3. Ақыл-есті сақтау. Адамды өзге жаратылыстардан ерекшелеп, үстем еткен құндылық – ақыл. Алла Тағаланың адамға берген ең үлкен нығметінің бірі. Ақыл – Хақты табудың құралы. Алла Тағала дін секілді ең ұлық аманатты ақыл иелеріне табыс еткен. Құранның көптеген аяттарында «oйлaнбaйcыңдap мa?», «aқыл жүгipтпейciңдеp ме?» деп, ақылды қолдануға шақырған. Сондықтан да ислам шариғаты ақыл-есті сақтау үшін мас қылушы ішімдіктер мен түрлі есірткілерді қолдануды харам еткен.
4. Ұрпақты сақтау. Адам баласының осы өмірде бақытты өмір сүруі ұрпақтың жалғасуына қатысты болғандықтан отбасын құру – адам табиғатының қажеттілігі. Ислам діні ұрпақты сақтау әрі жалғастыру мақсатында отбасын құруға ынталандырып, ақ некені шарт қылған. Ұрпақ жалғасымы мен тектілігін сақтау үшін Алла Тағала зинаны арам етіп, себепсізден-себепсіз түсік жасауға тыйым салған.
5. Дүние-мүлікті сақтау. Ислам шариғаты мүлік иелену құқығын кепілдікке алған. Адам баласына осы дүниеде тұрмыс тауқыметін тартпай, дұрыс өмір сүру үшін мүлік иелену құқын берген. Ислам еңбексүйгіштікке, адал табыс табуға ынталандырып, бай, дәулетті күй кешуге тыйым салмаған. Қоғамды кері тартатын жалқаулық пен қайыр тілеуді құп көрмеген. Адамдар арасындағы араздық пен қызғанышты жойып, әлеуметтік теңдікті сақтау үшін зекет беруді парыз етіп, өзгенің мүлкіне қол сұғуға, ұрлыққа, пайыздық өсімге, құмар ойындарына қатаң тыйым салынған.
Бұл бес құндылық адам өмірінен орын алатын ең керекті байлығы. Бұлар жоғалған сәтте адам баласы адами құндылықтардан ұзай бастайды. Сонымен қатар асыл дініміз ұлттық құндылықтарды сақтауға да ерекше мән береді. Әрбір ұлт пен халықтың жүріп өткен жолы, тарихы болады. Ғасырлар бойы қалыптастырған ұлттық құндылықтары, салт-дәстүрлері мен мәдениеті тағы бар. Қазақ халқының да ұлт ретінде ұйысуына ислам дінінің жасаған ықпалы тым бөлек.
Он сегіз мың ғаламның Иесі «Рум» сүресінің 22-аятында: «Көктер мен жерді жаратуы, тілдеріңнің, түстеріңнің алуандылығы да Оның белгілерінен. Шүбәсіз, бұларда білгендер үшін белгілер бар», – деу арқылы ақылға салып, ойланған адам үшін тілдердің, нәсілдер мен ұлттардың өте көп және сан алуан болуы Жаратушы даналығының дәлелі екенін баяндаған. Ал «Хужурат» сүресінің 13-аятында: «Әй, адам баласы! Шүбәсіз сендерді бір ер, бір әйелден жараттық. Сондай-ақ бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық. Шынында Алланың қасында ең ардақтыларың – тақуаларың. Шүбәсіз, Алла толық білуші, әр нәрседен хабар алушы», – деп адамдардың мәдени және этникалық әртүрлілігінің мәнін көрсеткен. Алла Тағала адамдарды бір-бірімен танысып, білісулері үшін түрлі ұлт пен ұлыстарға бөліп, өздеріне тән ұлттық ерекшеліктер сыйлаған.
Ислам діні тек қана құлшылықтардан тұрмайды. Ол әрі – иманнан қуат алған, адамды кемелдікке бастар моральдықэтикалық құндылықтар жиынтығы. Қазақ халқы күнделікті өміріндегі отырып-тұруы, сөз тыңдап, сөйлеу әдебі, тамақ жеуі, киім киюі т.с.с. қарапайым әрекеттерін мұсылмандық өмір салтына негіз еткен. Ислам қазақ халқының рухани өзегіне айналды.
Халқымыздың ұрпақ санасында арлылық, адамгершілік, құдайшылдық, адалдық пен тазалық секілді қасиеттерді бойларына сіңіруде қолданған мақал-мәтелдері мен нақыл сөздеріне үңілсек, ислам дінінің ұстанымдарын анық байқаймыз. Мәселен, халқымыз «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы», «Пайда ойлама – ар ойла», «Ұят бар жерде иман бар», «Құдай деген құр қалмас», «Аққа құдай жақ», «Құдайға сенген құстай ұшар, адамға сенген мұрттай ұшар», «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген қағидаттарды өмірлік ұстанымдарына айналдырған. Қазақ халқының дүниетанымында дінімізден бастау алатын адамгершілік-имандылық, ар-ұят, кісілік қасиеттер жоғары бағаланған. Қазақ дүниетанымы мен әдеп жүйесінде күнә тәубе, обал-сауап, «жаман болады», «ұят болады», қанағат, шүкір, сабыр, адамгершілік, үлкенді сыйлау, әділеттілік, батырлық, отансүйгіштік, парыз бен қарыз т.б. секілді ислами категориялар жоғары тұрған. Халқымыз исламның асыл құндылықтарын «жаман болады», «ұят болады», «обал болады», «сауап болады» деген қарапайым түсніктермен-ақ ұрпақ санасына сіңіре білген. Қазақ халқы өте ерте кездерден-ақ ислам дінін қабылдап, оны өмірінің рухани өзегіне айналдырған.
Қазақтың тұрмыс салты мен әдет-ғұрпын ислам дінінен бөлек қарастыру мүмкін емес. Ислам діні қазақ даласында әл-Фараби, Иассауи, Баласағұни, Бақырғани, Иүгнеки, Хайдар Дулати секілді даналардың кезеңінде нағыз гүлденген дәуірін бастан кешірді. Қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі, салт-санасы, әдет-ғұрпы, фальклоры, жырдастандары, шешендік сөздері, термелері, діни дастандары, мақал-мәтелдері, өлең-жырлары да ислам нәрімен уызданды. Сондықтан дәлелдеуді қажет етпейтін «Қазақ – мұсылман» деген аксиома қалыптасты.
Қазақ руханиятының негізі – діни және ұлттық құндылықтардан тұрады. Бұл руханияттың тамыры ғасырлар қойнауында жатыр. Бүгінгі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да бабалардан қалған сол жолды қайта жаңғыртып, жалғастырып келеді. Осы мақсатта арнайы құжат қабылдап, ел ішіне насихаттау жұмысын жүргізуде.
Біздің ұлттық құндылықтарымыз – дініміз, тіліміз және діліміз. Рухани құндылықтар ұлтты ұйыстырады. Адамзат қанша шарықтап дамыса да бабалар ұстанған діни-рухани құндылықтарымыз ешуақытта құнын жоғалтпайды. Құндылықтар шапшаң өзгеріп жатқан кәзіргі таңда діни және ұлттық құндылықтарымызды сақтай отырып, ұрпағымызды заман талабына сай, бәсекеге қабілетті, білім мен ғылымға, еңбексүйгіштікке, ұлтжандылық пен отансүйгіштікке тәрбиелей алуымыз қажет. Бұл бүгінгі күннің талабы.
Қайырбек ОТЫЗБАЕВ,
Қызылорда қалалық «Мүсірәлі ата» мешітінің бас имамы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!