Сейсенбі, 25 қараша, 01:20

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№90 (2202)
25.11.2025
PDF мұрағаты

Рухани шұғыла шашқан кеш

25.11.2025

34 0

А.Тоқмағамбетов атындағы  мәдениет үйінде қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен  Сырдың сыршыл  ақыны, «Тұран» сыйлығының иегері, Мәдениет саласының үздігі, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, «Таңсәрі», «Сезім – серуен», «Қыр гүлі» жыр жинақтарының авторы, белгілі ақын Ғазиза Әбілданың 50 жас мерейтойына арналған «Сезім мен Сырдың самалы»  атты әдеби-сазды кеш  өтті.

Рухани кешті «Қалалық мәдениет үйлері, клубтар және халықтық ұжымдар» МКҚК директоры Эльмира Қанатбаева  ашып, қала әкімі Нұржан Ахатовтың құттықтау хатын табыстап, ізгі лебізін білдірді.

Мұнан соң сөз алған  Жалағаш ауданы әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменов мерейтой иесі, ақын Ғазиза Әбілданың  аудандық  «Жалағаш  жаршысы» газетіндегі қызметіне ерекше тоқталып,  жалағаштықтардың  жылы сәлемін жеткізіп, Жалағаш ауданы әкімі Ардақ Ибраимовтың құттықтауын табыстап, сый-сияпат көрсетті.

Рухани шұғыла шашқан кеш

Айта кетейік, Ғазиза Әбілда Жалағаш ауданында дүниеге  келген. «Жалағаш жаршысы» газетінде әдеби қызметкер, жауапты хатшы, 2010-2017 жылдар ара­лығында басылымның директор-редакторы, бас редакторы қызметтерін атқарды. Бүгінде  облыстық «Сыр бойы» газетінің бөлім меңгерушісі.

Ғазизаның жырларының көпшілігі  ли­ри­калық тақырыпта жазылғанмен, ақын туған жерге, ата-анаға деген жүрек­те тулаған сезімдерін кестелі өлең өр­нектерімен жеткізуді бір сәт естен шы­ғармаған.  Студент жастар мәнерлеп оқыған «Сейхунмен сырласу» жырында ақын өз махаббатын Сыр толқындарына наздана жеткізеді.

Ей, Сейхундария,

Тіл қаттым саған наздана,

Сабыр ет тыңдап аз ғана.

Тулаған толқындарыңа,

Сырымды шертіп қоздаған.

Бойымды шарпып өтеді,

Бұлқынып бір күй боздаған.

Мен дағы бір мұңлығың,

Жүрегінде махаббат оты маздаған,

Жанымның шерін қозғаған…, – деген тебіреністі өлең жолдары кез келген жырға, өнерге ғашық жанның жүрек қылын қозғайды.

Ал «Беу, дүние!» өлеңіндегі  ақынның теңеуі көңілі ояу жанға терең ой салады. 

Келешекке кезім көп алаңдаған,

Көңілімнің дауасын таба алмаған.

Тарам-тарам тұрлаусыз ойым жатыр,

Тарқатылған бұрымдай таралмаған.

Саятшыдай қызықтап аң аулаған,

Тапқан олжам тұрса да таяу маған.

Жолдас көріп біреуді жаңылысып,

Жүген ұстап көбіне жаяу қалам.

Ақын өлеңдерін қырғыз ақыны Кундыз Суранбаев пен Накан Жазының қырғыз тіліне аударуы да өлең құдіретінің тереңдігін паш етсе керек.

Кеш барысында ақын Қатира Жәленова, Қазақстан Жазушылар одағының облыстағы өкілі Қаршыға Есімсейітова, «Сыр медиа» ЖШС директоры Марат Аралбаев пен «Сыр бойы» газетінің бас редакторы Қуат Шарабидинов, ақын Дүйсенбек Аяшұлы жүрекжарды тілегін арнап, сый-сияпат жасады. Қорқыт ата атындағы Қызылорда уни­верситетінің оқытушысы Аягөз Қожақова ақын поэзиясының ерекшелігіне тоқталды. Кеш соңында мерейтой иесі Ғазиза Әбілда кеш қонақтарына алғысын білдіріп, оқырман­дарына қолтаңба жазып, кітабын сыйлады.

Гауһар АСҚАРҚЫЗЫ

Суретті түсірген Н.НҰРЖАУБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: