«Кітап – мұхит, білім –теңіз» деген сөздің парқын сөрелері ұлағат пен өсиетке толы том-том кітаптың ортасында отырып, жас ұрпаққа жөн сілтеп, бағыт беретін кітапханашыларды көргенде ұғасың. Осынау қымбат қазынанынасихаттаудан жалықпайтын жанның жан дүниесі рухани азыққа толы екенін оның көзқарасынан танисың.
Әрине, алтын көмбенің сырын, сипатын тек сол мамандар ғана біліп, саған ауадай қажет дүниені тауып беріп, білім бұлағынан сусындатады. Тау-тау кітаптарды әкеліп, сөрелерге орналастыру, оны әр оқырманның жүрек қалауына сай насихаттау, ақын-жазушылардың шығармашылығын елге таныту бір сәт тыным таппайтын ой еңбегі мен дене еңбегін де талап етеді. Сондықтан бұл мамандықты кез келген адам таңдай бермейді. Кітаптар әлемінің құпиясына қызыққандар ғана таңдайды.
Ұлы мұраттарға жетелейтін осынау мамандықты Жаңыл Махамбетова бала күнінен жан-тәнімен жақсы көрді. Сөредегі қаз-қатар тізілген кітап, оның иісі, оның үстіне өзінің көркем әдебиетті сүйетіні бар, бәрі қосылып кітапханашы болсам деген асқақ арманға жетеледі. Анасы да жастайынан қаршадай қызға түрлі ертегі, қызықты әңгімелерді көп оқытып, оның көкірек көзін ашты. Бала күнінде кітапхана хан сарайындай көрі-нетін.
Бала қиялды қанаттандырып, сүйікті мамандығын таңдауға талпындырған отбасындағы ұлағатты тәрбие екенін де Жаңыл апай тебірене жеткізді.
– 1949 жылы 13 маусымда Қызылорда облысы, Қармақшы ауданында дүниеге келдім. 1956-1966 жылдары Қармақшы ауданындағы №105 мектепті тәмамдап, еңбек жолын Қармақшы байланыс бөліміндегі телефоншы қызметінен бастадым. 1971 жылы Жалағаш ауданы, Мәдениет ауылына келін болып түстім. Ол кезде жастардың басқосу тойын комсомол тойы деп бүкіл ауыл дәріптеп, кең көлемде атап өтетін. Тойдың керемет өткені сондай біздің үйлену тойымыз жайлы ақын, Социалистік Еңбек Ері Ұзақ Еспанов ағамыз өзінің «Сыр күріші – ел ырысы» кітабында кеңінен жазып, керемет суреттеді, – дейді ол.
Әрі қарай өмір жолы ауыл тынысымен сабақтасып, 1971 жылы №2 бөлімшеде жұмысшы, араға 10 жыл салып ауылдағы «Балауса» балабақшасында бала күтушісі болып жұмыс істейді. 1982 жылдан бастап өзі сүйген мамандыққа қол жеткізеді. 1983 жылы ауыл кітапханасының меңгерушісі болып еңбек етеді. Еңбегі еленіп, 1985 жылы «Еңбек озаты» ауыспалы туын алады. Осы салада табан аудармай 22 жыл еселі еңбек етіп, 2007 жылы зейнетке шығады. Зейнетке шыққан соң да алғысқа бөленіп, облыстық ардагерлер кеңесінің Құрмет грамотасымен, аудан, ауыл әкімдерінің Алғыс хатымен марапатталып, бірнеше төсбелгіні өңіріне тақты. Болтайқызы бейнетінің зейнетін көріп, отбасында 4 перзентінен 9 немере сүйіп отырған қазыналы қария. Тұңғыш қызы Айгүл ана жолын қуып Қармақшы ауданы Төретам кентінде кітапхана меңгерушісі, екінші қызы Айнұр Қармақшы аудандық мәдениет үйінің бас есепшісі, Нұргүл болса, Қостанай медициналық колледжінің мұғалімі, ұлы Оңдасын педагог- психолог.
Өнегелі әулеттің шырақшысына айналған Жаңыл апай руханият жанашыры кітапханашылық қызметін мақтан тұтады. Себебі кітап тілсіз қазына болса, кітапханашы – баға жетпес құндылықтың насихатшысы.
P.S. Кәсіби мерекеде Жаңыл Маханбетова «Қазақстанның құрметті кітапханашысы» төсбелгісімен марапатталды.
Гауһар АСҚАРҚЫЗЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!