Қалаға қарасты Сабалақ елді мекенінде ақ түйенің қарны жарылған күн болды. Бірнеше жылдан бері көтеріліп келе жатқан мәселенің нүктесі қойылды. Елді мекен халқына газ берілді.
Ел игілігіне бағытталған шараға аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев қатысты.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өңірде өткен Ұлттық құрылтайда: «Соңғы жылдары Қызылорда облысы заман талабына сай өсіп-өркендеп жатыр» деп, аймағымыздың барлық салада қарқынды дамығанын ерекше атап өтті. Cыр өңірінде атқарылған жұмыстарға оң бағасын берді. Тарихи миссиясы маңызды жиында Мемлекет басшысы Қызылорда қаласында 300 орындық көпбейінді аурухана құрылысы басталғанын, алдағы уақытта 500 орындық емхана мен 200 орындық перзентхана салынатынын, жаңа драма театр мен заманауи Президенттік кітапхана құрылысы басталатынын жариялады. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автодәлізінің Қызылорда – Ақтөбе бағытындағы жолын төрт жолақты етіп кеңейту жобасы, «Бейнеу – Сексеуіл» жолының құрылысы биыл қолға алынатынын айтты. Бұл – Мемлекет басшысының Сыр жұртшылығына ыстық ықыласы, тұрғындарымыздың бекем бірлігі мен тату тірлігінің нәтижесі. Халқымызда «Мұраты бірдің қуаты бір» деген сөз бар. Ауылдың дамуы, келешегі сіздерге, тұрғындардың еңбекқорлығымен ауызбіршілігіне байланысты. Сабалаққа қосылған «көгілдір отын» халықтың тұрмыс сапасын арттырып, әлеуметтік жағдайын жақсартуға оң әсер етеді деп сенеміз, – деді облыс әкімі.
Рәсімде аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан тұрғындар және мердігер мекеме қызметкерлері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Қызылорда қаласында 80-ге жуық саяжай бар, оның 10-ға жуығында халық тығыз қоныстанған. Осыған байланысты бас жоспарға өзгерістер енгізіліп, бірқатар саяжайға «Тұрғын үй аумағы» мәртебесі берілді.
Қазіргі таңда Сабалақ саяжайы қала шекарасына енгізіліп, инфрақұрылым жеткізуге мүмкіндік жасалды. Соңғы төрт жылда бұл аумаққа 6 млрд теңгеден астам қаржы бөлініп, 22 шақырым ауызсу магистралі тартылған. Су мұнарасы орнатылып, электр желісі жүргізілді, 20-ға жуық көшеге орташа жөндеу жасалды. Айта кетейік, Сабалақ елді мекеніне 3,2 млрд теңгеге газ тартылып, 1 694 үйге көгілдір отын қосылады. Алдағы уақытта басқа да саяжайларға кезең-кезеңімен инфрақұрылым жүргізіледі.
«Ақмешіт-ақпарат»
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!