Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект қоғам өмірінің барлық саласына дендеп еніп келеді. Бұл үдеріс құқық қорғау жүйесін де айналып өткен жоқ. Қылмыстың алдын алу, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, азаматтарға көрсетілетін қызмет сапасын арттыру бағытында полиция жұмысы жаңа форматқа көшіп жатыр. Осы орайда, құқық қорғау саласындағы жүзеге асқан цифрландыру жобалары, «смарт-полиция» тұжырымдамасы және жасанды интеллектті қолдану туралы Қызылорда облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Сабит Ибадуллаұлымен сұхбаттасудың сәті түсті.
– Цифрландыру мен жасанды интеллектті құқық қорғау саласына енгізу қалай жүзеге асуда?
– Цифрландыру мен жасанды интеллектіні құқық қорғау саласына енгізу жұмыстары кезең-кезеңімен бірнеше бағытта жүргізілуде. Жалпы алғанда, бұл процесс құқық қорғау органдары жұмысының тиімділігін арттыруға, адами факторды азайтуға және қылмыстың алдын алуға бағытталған. Мысалы, бірқатар ведомствоаралық цифрлық платформалар мен деректер қоры құрылып, құқық қорғау органдары арасында ақпарат алмасу автоматтандырылды. Қылмыстық істер электронды форматта тіркеліп, жүргізіледі. Азаматтар, көліктер, қарулар мен сотталғандар туралы бірыңғай дерекқор енгізілді. Азаматтарға арналған электрондық сервистер де кеңінен қолданылуда. Мысалы, онлайн арыз-шағым беру, электронды шақыру қағаздары, айыппұлдар мен тексерулер туралы автоматты хабарламалар жүйелері іске қосылды. Мұндай цифрлық шешімдер тұрғындарға құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимылды жеңілдетіп, қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
– Өңірдегі құқық қорғау саласының цифрлық дамуы республика бойынша қай деңгейде деп ойлайсыз?
– Қызылорда облысы Полиция департаменті тарапынан құқық қорғау қызметін цифрландыру және материалдық-техникалық базаны жаңарту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Қазіргі таңда облыста сыртқы қызмет бөліміне енген 660 планшеттік құрылғы әкімшілік өндірістің бірыңғай тізіліміне (ЕРАП) енгізілген. Бұл сыртқы қызмет бөлімдерінің 86%-ын құрайды. Жаңа планшеттер әкімшілік құқық бұзушылықтарды жедел тіркеуге, деректерді онлайн режимде енгізуге, сондай-ақ қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар 2024-2025 жылдары сәйкесінше 109 және 382 компьютер жиынтығы сатып алынып, барлық қызмет бөлімдерінің техникалық құралдармен қамтылуы жақсарды. Осы шаралардың арқасында полиция қызметкерлері ақпараттық жүйелермен жұмыс істеуге бейімделіп, цифрлық сервистерді толық пайдалана алады. Сонымен бірге сыртқы қызмет салалары смартфон негізіндегі бейнежетон құрылғыларымен жабдықталды. 607 бейнежетон жалға алынып, қызмет бөлімдерінің 81%-ы құралмен қамтамасыз етілді. Бұл қызметкерлердің әрекетінің ашықтығы мен заңдылығын арттыра отырып, азаматтармен қарым-қатынас кезінде дау-жанжалдардың санын азайтуға септігін тигізіп отыр.

– Жуырда өңірде 1400-ге жуық бейнекамера орнатылып, оларды жасанды интеллект жүйесімен интеграцияланған. Бұл жүйе нақты қандай құқықбұзушылықтарды автоматты түрде анықтай алады?
– Қызылорда қаласына 1400 дана бейнебақылау камераларын және 80 дана «зияткерлік қиылыс», 96 дана «стационарлық жылдамдық өлшегіш» қондырғыларын, жасанды интеллект функциясы бар бейнеаналитикалық жүйе орнатуға және Жедел басқару орталығын қайта жаңғыртуға жергілікті бюджеттен өткен жылы 3 млрд 882 млн теңге қаражат бөлініп, «Алатау Смарт Технолоджи Казахстан» компаниясымен 2025 жылдың тамыз айында келісім-шарт жасалды. Қазіргі таңда бейнебақылау камералары мен стационарлық жылдамдық өлшегіш құрылғылары орнатылып, іске қосылуда.
– Дрондар, басқа да смарт-құралдарды патрульдік қызметке енгізу барысы туралы айтсаңыз…
– Аймақ басшысының қолдауымен жаңа бастама қолдау тауып, Полиция Департаментінің теңгеріміне дауыс ұлғайтқыш және LED жарық шамдарымен жарақталған ұшқышсыз ұшу аппараттары берілді. Бұл дрондар қоғамдық тәртіпті қадағалауда қолданылуда. Олар жоғарыдан қала көшелерін бақылап, тұрғындарға тазалық пен қауіпсіздік ережелерін сақтауды ескерту үшін арнайы үндеу таратады. Сонымен бірге кешкі уақытта дронға қосылған жарық шамдары күшейіп, қылмыстың алдын алуға ықпал етеді. Сондай-ақ дрондар көлік қозғалысын әуеден бақылай отырып, жолда заңбұзушылық жасаған автокөліктердің деректерін тіркей алады. Осылайша, дрондар қызметкерлерге патрульдеу кезінде көп көмек көрсетіп, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге үлесін қосуда.
– Цифрландыру игілігі полиция жұмысының тиімділігін қаншалықты арттырды?
– Цифрлық технологияларды енгізу полиция жұмысын тиімді ете түсті. Біріншіден, құқық бұзушылықтарды тіркеу жылдамдығы артты. Планшеттер мен мобильді жүйелер арқылы әкімшілік материалдарды рәсімдеу уақыты бұрынғыға қарағанда екі-үш есе қысқарды. Екіншіден, қылмысты ашу жеделдігі жақсарды: бейнебақылау камералары мен аналитикалық жүйелерді қолданудың арқасында жедел ашылған қылмыстардың үлесі айтарлықтай өсті. Үшіншіден, қылмыстың алдын алу тиімділігі артты. Цифрлық талдау арқылы қылмыс көп тіркелетін орындар мен уақыт анықталып, профилактикалық шаралар нақтыланды. Бұл қайталама құқық бұзушылықтардың азаюына ықпал етті. Қызметтік бейнежетондарды пайдалану азаматтардың шағымдары мен даулы жағдайлардың санын азайтуға көмектесті, сондықтан полицияның жұмысы ашық деуге болады.
– Құқық қорғау саласында жасанды интеллект енгізілгенде адам факторы азаяды дейді. Бұл қызметкерлердің жауапкершілігін төмендетіп жібермей ме?
– Жасанды интеллект тек көмекші құрал, ал ең жауапты шешімді әрдайым адам қабылдайды. Құқық қорғау саласында ЖИ тек мәліметтерді талдау мен ұсыныстар жасау үшін қолданылады, бірақ соңғы шешімге әрдайым жауапты қызметкер қол қояды. Барлық әрекеттер цифрлық түрде тіркеліп, бақылау күшейтіледі.
Заң бұзушылық болған жағдайда жауапкершілік толықтай жүйені пайдаланған лауазымды адамға жүктеледі. Яғни қызметкердің жауапкершілігі бұрынғыдан да күшейіп, қатаң түрде бақылауға алынады.
– Полиция қызметкерлерін жаңа цифрлық жүйелермен, соның ішінде жасанды интеллект платформаларымен жұмыс істеуге үйрету қалай жүруде?
– Полиция қызметкерлерін жаңа цифрлық жүйелер мен жасанды интеллект платформаларымен жұмыс істеуге дайындау үшін арнайы оқу-жаттығу бағдарламалары енгізілген. Ішкі істер органдарында тренингтер мен практикалық сабақтар өткізіледі: мысалы, әскерилер жасанды интеллект платформасында жұмыс жасаудың амалдарын үйрететін семинарларға қатысады. Сонымен қатар мемлекеттік деңгейде арнайы курстар мен оқу бағдарламалары да бар. Құқық қорғау органдары қызметкерлеріне жасанды интеллект құралдарын қолдануды үйрету мақсатында сабақтар ұйымдастырылған. Ішкі істер министрлігіне қарасты академиялар мен университеттердің оқу бағдарламалары жаңа заман талабына сай жаңарып, цифрлық полиция ұғымын енгізіп отыр. Оқу орындарында студенттер виртуалды платформалармен және цифрлық құралдармен жұмыс істеуді меңгеруде.
– Құқық қорғау саласында енді әртіп сақшылары ғана жұмыс істемейтіні белгілі. Уақыт талабына сай мамандар даярлау мәселесі қалай шешілуде?
– Иә, құқық қорғау саласында тәртіп сақшыларынан бөлек, цифрлық бағыттарға маманданған жаңа қызметкерлер дайындалуда. Ішкі істер министрлігі М.Есболатов атындағы Алматы академиясы мен ведомствоның оқу орындарында «Киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету» мамандығы бойынша кадрлар даярлануда. Бұл саланың мамандары интернеттегі қылмыстар мен кибершабуылдарды болдырмау, ақпараттық жүйелердің қорғалуын қамтамасыз ету және цифрлық қауіптерге қарсы әрекет ету жұмыстарын атқарады. Сонымен бірге IT-технологиялар мен деректерді талдау саласындағы мамандар да қажет: ІІМ академиясының оқу бағдарламаларында «ІІҚ қызметін IT-криминалистикалық қамтамасыз ету», «Ақпараттық жүйелер» сияқты бағыттар бар. Осы курстарда қызметкерлер құқық қорғау органдарының деректерін талдау, ірі деректермен жұмыс істеу және ақпараттық жүйелерді басқару бойынша қажетті білім алып жатыр. Енді полиция құрамында тек тәртіп сақшысы емес, аналитиктер, IT-мамандар, киберқауіпсіздік сарапшылары қызмет етеді.
– Болашақта «смарт-полиция» қандай болуы тиіс?
– Қорыта келгенде, менің көзқарасымда болашақ «смарт-полиция» технологиясы мықты, бірақ шешімдерінде әрдайым адам мен заңды бірінші орынға қоятын полиция. Цифрлық полиция – құқық бұзушылықтың алдын алуы керек. Яғни жасанды интеллект қылмысты орын алғаннан кейін емес, оның орын алу ықтималдығы пайда болған кезде болжайды, ал полиция қызметкерлері осы қауіптің алдын алады. Барлық процестер: арыз қабылдау, тіркеу, тексеру толық цифрланған, бірақ азаматтармен қарым-қатынаста адалдық, түсіндіру және сенім сақталу керек. Полицияның әрбір әрекеті цифрлық түрде тіркеліп, шешім қабылдау үдерісі түсінікті және тексерілуге дайын болады. Бұл технология қызметкерге көмекші. Жасанды интеллект есеп жүргізіп, талдап, ұсыныстар береді, ал полиция қызметкері уақытын азаматтардың қауіпсіздігіне және негізгі қызметтік тапсырмаларға арнайды. «Смарт-полиция» бұл камералар мен алгоритмдер ғана емес, халық сенетін, заңға сүйенетін, технологияны дұрыс қолданатын қауіпсіздік жүйесі. Яғни оның күш-қуаты техникада емес, оны тиімді пайдаланатын саналы полиция қызметкерінде.
– Сұхбатыңызға рахмет.
Сұхбаттасқан София Хайрулла
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!