Мемлекет басшысы ана мен бала денсаулығын сақтауға ерекше көңіл бөліп келеді. Ана мен баланы қорғау, дені сау баланың дүниеге келуіне жағдай жасау – денсаулық сақтау саласының негізгі міндеті.
Жақында премьер министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ана мен бала өлімін азайту бағытында қабылданып жатқан шаралар талқыланды. Жүйелі жұмыстарға қарамастан 6 өңірде ана өлімі көбейген.
– Мемлекет басшысы ана мен бала өлімі деңгейін төмендетуді денсаулық сақтау жүйесін дамытудың маңызды басымдығы ретінде айқындап берді. Бұл өңірлердің әлеуметтік-экономикалық әл-ауқаты мен еліміздің жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексіне әсер етеді. Жалпы алғанда, қабылданған шаралар ана мен бала өлімі деңгейін төмендетуге мүмкіндік берді. Біз дамыған елдердің көрсеткіштеріне жақындау үшін босану кезіндегі күрделі және қауіпті жағдайлардың алдын алу бойынша жұмысты күшейтуіміз қажет. Денсаулық сақтау жүйесін дұрыс ұйымдастырған жағдайда, көздеген мақсатқа қол жеткізуге болады, – деді Үкімет басшысы Олжас Бектенов.
Үкімет отырысында Премьер-министр сала мамандарын даярлауды кеңейту қажеттігін айтты. Астанада және өңірлерде жетекші клиникалар базасында оқу орталықтарын дамытып, акушерлер, гинекологтер, неонатологтер, педиатрлар мен реаниматологтер үшін үздіксіз оқыту және біліктілікті арттыру бағдарламаларын енгізу маңызды екендігіне тоқталды. Сонымен қатар болашақ аналар мен балалар үшін медициналық көмектің тиімділігін арттыру мақсатында ауылдық елді мекендерге білікті кадрлардың баруын қамтамасыз ету басты міндеттің бірі екенін айтып өтті.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2025 жылдың 6 айында ана өлімі деңгейі 10%-ға, нәресте өлімі 26,3%-ға төмендеген. Алайда Қызылорда, Қостанай, Батыс Қазақстан, Жамбыл және Абай облыстарында сәби өлімі жиілеген. Осыған орай денсаулық сақтау министрлігі кадр тапшылығын жоюды, ана мен бала өлімі көп болған ұйымның лицензиясын алып қоюды ұсынды.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың сөзіне сүйенсек, ана мен бала өлімі фактілері бойынша 44 медициналық ұйымға жоспардан тыс тексеру жүргізілген. Оның ішінде Жамбыл және Ақмола облысындарындағы босандыру ұйымдарында ауқымды тексеру жұмысы ұйымдастырылған.
– Тексеру қорытындысы бойынша өңірлерде тіркелген кемшіліктерді жою бойынша жедел іс-шаралар кешені бекітілді. Қыркүйек айынан бастап медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетіне қадағалау функциясы жүктеледі. Сертификаты жоқ маман жұмыстан шеттетіледі. Сондай-ақ пациенттерді қолдау қызметтері мен біліктілік талаптары күшейтіледі. Биыл балалар мүгедектігін төмендету мақсатында жүкті әйелдер арасында генетикалық ауруларын анықтаудың жаңа скринингі енгізіледі. Денсаулық сақтау министрлігі әрі қарай ана мен бала денсаулығын нығайтумен, жүкті әйелдер мен балаларды қажетті дәрі-дәрмекпен, медициналық көмекпен толық қамтамасыз ету шараларын жалғастырады, – деді министр.
Елімізде жүкті әйелдердің өмірге дені сау сәби әкелуі үшін барлық мүмкіндік жасалуда. Атап атсақ, биыл алғаш рет болашақ аналарға арналған «Аналар саулығы» бағдарламасы іске қосылған. Нәтижесінде әйелдерді 12 түрлі зерттеуден өткізу және жүктілікке дайындау үшін 5,1 млрд теңге бөлінген.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сүйенсек, өңірде ана өлімі көрсеткіші соңғы 5 жылда 12 есеге дейін төмендеген. Қабылданған нақты шаралар нәтижесінде нәресте өлімі өткен жылмен салыстырғанда 9 жағдайға, соңғы 5 жылда 21 пайызға азайған. Көпбейінді облыстық аурухана базасында жоғары қауіп тобындағы жүкті әйелдерге акушерлік көмек көрсететін 70 төсектік перинаталды бөлімше ашылып, жұмыс істеуді. Жергілікті бюджеттен 1 млрд 500 млн теңге қаржы бөлініп, бөлімшеге заманауи құрал-жабдықтар алынды. Соңғы 3 жылда жергілікті бюджеттен медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға 375 млн теңге қаралып, оның 192 млн теңгесі мамандарды шетелдерде оқытуға бағытталған. Ана мен бала саулығына қажетті материалдық-техникалық базаны нығайту мақсатында медициналық мекемелер 4 млрд 700 млн теңгеге құрал-жабдықтармен қамтылған.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!