Сенбі, 19 сәуiр, 20:49

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№28,2141
19.04.2025
PDF мұрағаты

Сәлима Малимова, ардагер ұстаз, «Анаға тағзым» орталығы әдістемешісі, «Жас отау» клубының жетекшісі: Баланың тәрбиесі құрсақтан басталады

08.03.2025

567 0

Фото: Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

Қоғамдағы ана рөлі қанша­лықты? Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеген қазақ әйелдерінің кешегісі мен бүгінгісінің арасындағы айырма қандай? Салт пен санадағы сан сұрақтың жауабын білмек мақсатта біз «Анаға тағзым» орталығының әдістемешісі, ардагер ұстаз Сәлима Шалабайқызымен сұхбаттасқан едік

Сәлима Шалабайқызы, «Әлемнің жарығын сыйладың сен маған» деп тұтас қазақ тебірене жырға қосатын, әнімен әлдилейтін, шабытының музасына балайтын ана деген қастерлі ұғымның осыншалықты құдыреті қандай? Тұтас әлем бас иеді иә

– Мен сөзімді Мемлекет басшысының «Ұлт болашағы ұрпақ тәрбиесінен басталады. Әр баланың жетістігі – ана махаббатының жемісі. Ұлы Абай айтқан «Толық адамға» тән асыл қасиеттер ұрпақтың бойына ана арқылы дариды» деген сөзімен бастағым келіп отыр.

Ия, ана – дүниеге ұрпақ әкелуші жалғыз құдірет иесі. Ана есімінің күннің көзі, туған жер, Отан ұғымдарымен қатар тұруы да сондықтан. Қай балаға болсын, басты өнеге – ол өзінің ата-анасы, сонан соң жақындары. Сондықтан  бала тәрбиесіндегі ананың орны, рөлі, ұстанымы ерекше болмақ. Ұрпағына дұрыс тәрбие беру – ананың басты миссиясы.

Баланың дүниеге келуі, ол – әрбір отбасының ең үлкен қуанышы. Ата-ананың өмір жалғасы, отбасының шаттығы. Атам қазақ ұрпағының дені сау, дұрыс жетілуін, са­лауатты болуын құрсақта жатқан кезінен бастап-ақ ойлаған, яғни, баланы тәрбиелеу оның құрсақтағы кезінен басталған. Оны педа­гогика, психология ғылымы да қоштайды.

– Бүгінгі қыз баланың бүкпесіз сыр айтатын адамы бар ма? Ана мен қыздың арасындағы байланыс қандай? Біз осы тұр­мыстың соңынан қуалап жүріп, рухани байлықты екінші орынға қойдық. Осы тұрғыдағы көзқарасыңыз қандай?

– Өте орынды сұрақ. Сабақ берген уақытымда  студенттерден «жеңгелеріңмен қандайсыңдар?» деп сұрадым. Бәрі әр жерден жақсы, жақсы десіп жатты. Жауаптың шынайы еместігіне көз жеткізген соң, шынын айтуды сұрадым. Көбісі басын төмен салып, күмілжіп қалды. Сонда мен оларға жаңа түскен келіннің өзінің туып-өскен мекенін, ата-анасын тастап, түскен жеріне сіңісу үшін келетінін, оларға қайынсіңлілерінің қолдауы керек екенін айт­тым. Әрбірден соң жеңге – қайынсіңлінің ең жақыны, сырласы болуы керегін ескерттім. Қазір жеңгесіне сырын айтатын қыздар азайды. Қазақ осы дәстүрі арқылы қанша бұрыс жағдайдан сақтанған ғой. Қазірде қыз бен ананың, жеңге мен қайынсіңлінің арасындағы байланыс азайған. Жан дүниесінде не болып жатқанын кімге айтарын білмей жүрген қыз балалар көп.

– Ана – Алланың нұры жауып, мейірім мен махаббаты құйылған сүйікті құлы тәрізді. Ана – алыста жүрген баласының қиналғанын сезетін, жан дүниесіне терең үңіле алатын ерекше жан. Иә, өмірге келген әрбір пенде ананың пейілінің қазақтың дархан даласындай кең екеніне шүбә келтірмесі анық…

– Осы жерде сөзіңізді бөлгім келіп тұр. Біздің алдыңғы буынның басынан өткен бір оқиғаны айтып берейін. Абысынды-келінді әжелеріміз ертеректе Ақтөбе жаққа қоныс аударып бара жатқанда үлкенінің 20 баласы бірінен соң бірі ауырып, күніге екі баладан Жер-Ананың қойнына тапсырған екен. Кішісі үлкенінің қайғыдан қан жұтып, қапа болғанына шыдамай, өзінің бір қызын беріпті. Кейін жолдан отағасылары келгенде жолдасы «қызды неге бердің?» деп ренжіген ғой. Сонда кіші әжеміз «абысынның жиырмасы кеткенде, сенің бір қызың кетсе, не бопты?» деп бір ауыз сөзбен басқан екен. Ананың жанын ана ғана ұғады. Ананың жан дүниесіне ана ғана бойлай алады. Ананың көңілінің дархандығы, бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербейтінінің де бір маңызды мысалы – бұл.

– Мұның барлығы тәрбиенің дұрыс берілуіне жолбағдар тәрізді. Қазақтың хас батыры Бауыржан Момышұлы: «Мен үш нәрседен қорқамын: бірінші, баласына бесік жырын айтпаған анадан, екіншісі, немересіне ертегі айтпаған әжеден, үшінші, бір-бірімен қазақша сөйлеспеген қазақтардан» деп жазған екен. Батырдың осы қорқынышын көзімізбен көріп жүрміз ғой… Мұның ақыры неге апарады екен?

– Кезінде Жүсіп Баласағұн бабамыз «Бала нені білсе жастан, ұядан, өле өлгенше соны таныр қиядан» деп айтқан екен. Шынында, баланың бас ұстазы – ата-анасы. Ал тоғыз ай, тоғыз күн құрсағында көтеріп, ақ сүтін беріп, түн ұйқысын төрт бөліп бесік таянған ананың орны ерекше. Бесік жыры – ол тек әуен ғана емес, онда ананың тілегі, махаббаты жатыр. Бұл да тәрбие бастауы. Бұрынырақта ес біле бастағаннан әке ұлын жанына ертіп, сырттың, түздің тірлігіне баулыса, ана қызы желкілдеп көзге түсе бастағаннан-ақ үй тіршілігіне бейімдеп, ас әзірлеу, қолөнер тәрізді дағдыларға үйреткен. Өзіміз де анамыздың «Үйренгенің өзіңе жақсы, істегенің маған жақсы» тәмсілімен өстік.

Өзім балаларға ертегі айтамын. Олар да соған үйренген. Немерелерім ертегі тыңдамай, ұйықтамайды. Мәселенің бар екені, рас. Бірақ оны түзеуді әрбіріміз өзімізден бастауымыз керек. Өзіміз бесік жырымен нәрестені ұйық­татып, оған ертегі айтып, отымыздың басында ана тілімізде сөйлесек, соны көріп өскен балалар жолдан таймайды. Абзалы – осы…

– Немересіне ертегі айтатын әженің тәрбие беру әдістемесі қандай екен? Бөлісе отырыңызшы… Әсіресе, қызға қырық үйден тыйым жасайтын қазақтың қызға тәрбиесі көп ойландырады…

– Бүгінгі қыз – ертеңгі жар, келін, ана. Міне осы үш буын арқылы ұрпақ тарайтынын бағамдаған халқымыз қызды құрметтеп, төрінен орын берген. Сонымен қатар қызының жат жұрттық екенін пайымдаған анасы отбасылық құндылықтарды құлағына сіңіре берген. Ал қазір ше? Әрине, бәрі теріске кетті деуден аулақпын. Десек те, қазіргі ұлды да, қызды да әлемжелі, ондағы сан түрлі құбылыстар тәрбиелеп жатқандай. Ал әлемжеліде жақсымен қатар жаман да бар. Сол кертартпа дүниелерге қарсы тұра алатындай балаларда иммунитет болу керек. Оны қалыптастыратын, алдымен, ата – анасы. Ата-ананың сауаттылығы, салауат­тылығы, жан-жақтылығы, пайым-парасаты дәл қазір аса маңызды. Өкініштісі, баласымен бірге әлемжелі жетегінде кетіп жатқан ата-ана да бар. «Баланы бұзуға, түзеуге себеп болатын бір шарт – жас күнде көрген өнеге», – дейді Алаш ардақтысы Жүсіпбек Аймауытов. Демек, әр балаға өзінің ата-анасы – өнеге. «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген сөз де тегін айтылмаған.

«Баланы ең әуелі мейір-шапағатқа, одан соң ақыл-парасатқа, ақырында нағыз пайдалы ғылымға, еңбекке баулы», – дейді дана Абай. Балаға берілетін тәрбиенің үлкені, ол – еңбекке баулу. Міне, осы жағы да қазір ақсап жатқандай. Шындыққа тура қарайықшы, балаларымызды еңбекке бейімдеп жатырмыз ба? Баласының тамағын тоқ, көйлегін көк қылумен қазір көп ата-ананың тәрбиесі тәмам. Ұлды да, қызды да тұрмысқа, тіршілікке, өмірге бейімдеу жағы өте әлсіз. Мән бермей кеттік. Нәтижесінде, тіршілікке, жалпы өмірге, тұрмысқа  икемсіз ұл, қыз өсіп келеді. Шаңырақ көтерген жастардың тез ажырасып кетуінің де бір себебі – отбасылық өмірге дайын болмауларында.

– Ажырасу деп қалдыңыз… «Әкеңнен сұран», «Әкең біледі», «Әкеңе айт» деген сөздерді айтатындар қазір бар ма? Осы мәсе­леде әкелердің қоғамдағы рөлі төмендеп кеткенінің де ықпалы бар ма?

– Отағасы өмірден өткен бір апамыз үнемі артық ақшаны төрде ілулі тұрған жолдасы­ның кәстөмінің қалтасына салып қояды екен. Балалары келіп ақша сұраса, әкеңнің қалтасынан ал дейтін көрінеді. Осы бір әрекеттің астарына үңіліп көріңізші. Балалардың әкесі өмірден өтсе де, отбасының төрінде әкеге деген ерекше құрметті байқауға болады. Балалардың санасында «ақшаны әкемнің қалтасынан алдым ғой» деген үлкен ұғымды қалыптастырды. Қандай керемет иә…

Бір жиында біз осы сіз қойған сұрақты тақырып етіп алдық. Сонда бір келіншек «Әкелердің қоғамдағы орнын түсірген жоқпыз, біз төбесіне мініп алдық олардың» деп бастады әңгімесін. Бәріміз аңтарыла, әлгі келін­шектің аузына қарап қалдық. Ол асықпай сөзін жалғады. «Қызым тұрмысқа шығатын болып, алдын ала құдағимен оңаша кездесуге бардым. Сонда біз кететін қыздың жағдайын, шақыратын қонақтар тізімін, алыс-беріс қамына дейін бәріміз өзіміз шешетін болыппыз ғой. Қатты ойландым. Біздің жақта қалыңмалды алдын ала беретін дағды бар. Соның қамымен болашақ құдағай менің қолыма ақша ұстатты. Дереу, бас тарттым да. «Құдағай, біз онсыз да бәрін тартып алыппыз. Алыс-берісті де шешіп отырмыз. Қонақтардың тізімін де шешіп отырмыз. Тым құрыса, осы қалыңмал жайын сіздің отаға­сыңыз менің отағасыма апарып берсін» дедім. Құда­ғай екеуміз осылай шештік». Әлгі келіншек қоғамдағы бір оқиғаны ғана баяндай келе, тұтас ұлттың мәселесін көрсетті. Міне, мен де сіздің сұрағыңызға осы мысалмен жауап бердім деп ойлаймын.

– Сұхбатыңызға рахмет.

Әңгімелескен Дәулет ҚЫРДАН,

Суретке түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: