Жұма, 22 қараша, 02:19

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№92-2102
19.11.2024
PDF мұрағаты

Сән әлемі: көктеммен бірге құлпырайық

07.03.2024

894 0

Сәнді киім адамның қоршаған ортада өзін сенімді ұстауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ киім кию әдебі адамның қандай екенін, ішкі күйімен болмысын айқындайды. Яғни «жасыл киген жас-жаран – елдің сәні, қызғалдақ гүл құлпырған – жердің сәні» дегендей, адам баласының жарасымды сәнді киінуінің маңызы зор.

Табиғатынан жаны сұлулыққа құмар қыз-келіншектер бүгінде ішкі күйінен бөлек сырт келбетіне, сәнді киінуге ден қойып, бір-бірінен ерекшеленіп, соңғы үлгідегі әдемі киімдерін киіп, өздерінің талғамындағы стилін қалыптастырады. Оған себеп интернет желісінің тез дамып, киім мен сән үлгісінің күн сайын өзгеріп отыруында. Осыған орай биылғы жылдың сәнді түсі мен киім үлгісінің қандай болатынын мамандардан сұрап білдік.

– Биыл ұлу жылы болғандықтан изумрудты жасыл түспен қытай күнтізбесі бойынша айдаһар жылына сәйкес қызыл, қызғылт сары түстер сән үлгісінде. Алайда бұл жылтыр түсті киімдердің сәннен кететінін білдірмейді. Себебі биылғы жылы да жылтыр түсті көйлектер мен пиджактар сән үлгісінде, – дейді дизайнер Әйкерім Әділбекқызы.

Сондай-ақ киімдер арасында базалық көйлектер ешқашан сәннен кетпейтінін айтты.

– Қыз-келіншектер арасында классика түріндегі ақ, қара, алтын, күміс түстес киімдерді көбірек таңдайды. Әлемде сәнді киімдер жыл сайын шыққанымен бір-екі маусымда ғана трендте болатындықтан, адамдар арасында сән үлгісімен жарысып киінетін жандар көп емес. Себебі дамыған заманда әрбір қыз-келіншектің өзіндік стилі қалыптасқан. Әр адам басқалардан ерекшеленіп, өздеріне үйлесімді және ыңғайлы киім таңдайды, –дейді дизайнер.

Осы тұста маман айтқан жасыл түске тоқталатын болсақ, қазақ халқының түсінігінде бұл түс – жастықтың, тазалықтың, сұлулықтың және табиғаттың ерекшелігін, көктем мезгілінің бейнесін сипаттайды екен. Сондықтан бұл түсті ислам діні мен қазақ халқының дәсүрлі дүниетанымы десе-ді. Тіпті қасиетті Құран Кәрім аяттарының бірінде «Үстерінде жұқа және қалың жібектен жасыл түсті киімдер бар» – деп жәннаттағы киім түсінің де жасыл болатыны айтылғандай, жасыл түс өзге түстерге қарағанда ерекше бағаланатыны байқалады.

Сән үлгісіне әшекей-бұйымдарды қалай таңдаймыз? Бұл жөнінде стилисттің пікірі қандай?

– Күнделікті әсем бейнеңізге өрілген, түйілген, және жинақы шаш үлгілері трендте. Оның ішінде каре шаш сәннен кеткен емес. Бірақ бүгінгі күні каскад шаш үлгісі қолданыста. Алдымен шашыңыз бен киіміңізге үйлесімді болуы үшін әдемі, жарасымды әшекей бұйымдар таңдаңыз. Мәселен, көзілдірік, қалпақша және шляпалар немесе әшекей-бұйымдардан жүрек пен айға ұқсас, алтын түстес домалақ үлкен сырға тағыңыз. Себебі биыл үлкен көлемдегі әшекей бұйымдар сән үлгісіне қолайлы. Сондай-ақ аксессуар ретінде мойынға арналған арнайы шарфтар тағуға болады , – дейді стилист Аружан Алтай.

Киім үлгісін таңдарда нені білу қажет?

– Адам киім таңдаған сәтте оның қымбат болуы шарт емес. Неғұрлым ыңғайлы әрі сапалы болса жеткілікті. Сіз тек үйлесімділік пен көзге тез түсетін, өзгеше көрініс беріп тұратындай киімдер арасында ерекше үлгі шығаруыңыз керек. Мәселен, қара түсті көйлек киетін болсаңыз, аяқ киімнен қызыл түсті туфли таңдайсыз. Осы арқылы сіз қарапайымдылығыңызды көрсетіп қана қоймай, ерекше сән үлгісімен көзге түсесіз, – дейді стилист.

Сондай-ақ қыз-келіншектердің алдымен өзін жақсы көруі керек екенін алға тартады. Себебі сәнді киініп құлпырып жүруге, жарасымды киім таңдауға және айналаңа әдемі ерекше көріну үшін өзіне уақыт пен көңіл бөлуге кеңес береді. Ал танымал отандық дизайнер Аида Кауменова: «Әр адамның стилі бар, өзіне не жарасымды екенін біледі. Биыл мынау модада, келесі жылы анау модада деп киінуге болмайды. Өйткені әр жылдың тренді болғанымен, адам өзіне не жарасымды екенін жақсы білу керек. Менің ойымша, сән деген ұғым тренд немесе бренд киімдерді киюде ғана емес, талғаммен киіне білуде. Егер сәнді болып көрінгіңіз келсе, жарасымды киіне білгеніңіз дұрыс», – деп пікір білдірген.

Шетелдік БАҚ не дейді?

Әлемге танымал француз Vogue журналында 2024 жылдың жаңа көктемгі маусымында зәйтүннің жасыл түсіне басымдық берілетінін хабарласа, Италияның ең үздік сән үйлері биыл қызғыл-сары түсті таңдаған. Байқағанымыздай, әлемнің қай түкпірі болса да адамдар өздерінің жанына жақын, көңілі қалаған түс бойынша таңдап, өздерінің сән үлгісін көрсетуде. Сол сияқты қазақтың қыз-келіншектерінде де өзіндік стилі бар.

Сонымен биылғы топтамада ұзын белдемше мен костюм шалбар, кең иықты костюм трендте. Одан бөлек, тоқылған киімдер, былғары және сән үлгісінен кетпейтін джинсы маталы киімдер мен сарафандар сән үлгісінде болады.

Н.МҰҚАТАЕВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: