Бүгінде қала келбеті күннен-күнге ажарланып, жаңаша сипатқа ие болып келеді. Облыс орталығында көпқабатты тұрғын үйлердің қасбеттерін жаңғырту, аулаларды абаттандыру, балалар ойын алаңдарын қайта жөндеу секілді ауқымды жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл игі бастаманың барлығы аймақ басшылығының тікелей қолдауымен жүзеге асып жатқан жобалардың жемісі.
Архитектуралық жаңашылдық пен заманауи дизайн үйлесім тапқан қала көшелері көз сүйсінтеді. Қала тынысына жаңаша леп беріп тұрғандай. Тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында қалада атқарылып жатқан жұмыс аз емес. Ең алдымен көпқабатты тұрғын үйлердің ауласындағы балалар ойын алаңдарын жаңарту жүзеге асты. Бұл бағытта 25 тұрғын үйдің ауласына күрделі жөндеу жұмысы жүргізілді. Оның ішінде 15 көппәтерлі тұрғын үйдің балалар алаңын мердігер мекеме «Азамат Құрылыс» ЖШС қайта жаңғыртса, 10 ойын алаңын «Авангард» ЖШС жөңдеп берді.
Биыл да бұл игі бастама жалғасын табуда. Атап айтқанда, қалада тағы да 20 балалар ойын алаңының құрылысына арналған жобалық-сметалық құжаттар дайындалып, тиісті бюджеттік өтінім жолданды. Бұл бастама бүлдіршіндер үшін жасалып жатқан нақты қамқорлықтың көрінісі. Ал сапасы мен қауіпсіздігіне аса мән беріледі.
Көпқабатты тұрғын үйлердің қасбеттерін жаңарту ісі де қарқынды жүзеге асуда. 2024 жылы 20 тұрғын үйдің сырты толықтай жөнделіп, жаңаша кейіпке енді. Бұл жұмысқа «Асар» ЖШС және «BSG Инжиниринг» ЖШС жауапты болды. Ал 2025 жылы тағы 22 көпқабатты тұрғын үйдің қасбеттерін жаңғыртуға бюджеттен қаражат бөлініп, мердігер «PromExpertAstana» ЖШС жұмысын бастап кетті.
Қазіргі таңда қаланың әр түкпірінде ауқымды жөндеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Қаланың көркіне көрік қосқан бұл өзгерістерге тұрғындар дән риза.
– Осы 21 үйдің қасбеті жаңа дизайнмен жасалды. Жөндеу тек сыртқы қасбеттермен шектелмейді. Есік-терезе, балкон, кіреберіс жаңартылады. Бұл жұмыстарға барлығы 56 маман мен 20 техника тартылған. Қызметкерлердің қауіпсіздігіне аса мән берілген. Әрбір үйді толықтай жөндеуге шамамен екі апта уақыт жұмсалады. Ең бастысы, тұратын аумағымызды өзіміз ластамайық, – дейді «Ақмар и К» ЖШС жетекшісі Жансұлтан Бейсенов.

Жаңартылған ғимараттар қаланың сәулеттік келбетін көркейтіп қана қоймай, тұрғындарға жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған. Жарамдылық мерзімі 10 жылға дейін жететін материалдармен жасалған бұл жұмыстар – болашаққа салынған инвестиция.
Қазіргі таңда Сыр өңірінің орталығы көркейіп, заманауи келбетке ие болуда. Сән мен сапа қатар өрілген бұл бастамаға ел қуанып, оң бағасын беруде. Қаланың болашағы бүгінгі қамқорлықтан бастау алады.
Айдана БАХТИЯР
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!