Әр қаланың өзіне тән тарихы, атауымен сабақтас тағылымы болады. Қызылорда атауы алғаш рет 1925 жылдың 15-19 сәуір аралығында өткен Қырғыз (Қазақ) АССР Кеңестерінің V съезінде ұсынылған. Бұл тарихи ұсыныстың авторы көрнекті ағартушы, ғалым, аудармашы, мемлекет және қоғам қайраткері Қоңырқожа Қожықов болатын.
Қаланың атауы қалай берілгені туралы қызықты деректерді тарих ғылымдарының кандидаты, ғалым Хазретәлі Тұрсын «Алаш қозғалысының оңтүстік қанаты» атты еңбегінде архивтік құжаттарға сүйене отырып баяндайды. Онда 1928 жылы ОГПУ тергеушісіне Дінше Әділовтің берген жауабы келтірілген:
«…Қожанов екеуміз Есбол Табынбаевтың үйінде түстеніп отырдық. Съезд аяқталуға таяған кез. Сол сәтте республика үкіметі көшіп келген Ақмешіт қаласының атауын өзгерту мәселесі көтерілді. Жаңа астананы қалай атаймыз деген сауал туды. Сонда ғалым-ағартушы Қоңырқожа Қожықов «Қызылорда» деген атауды ұсынды. Біз одан «Неліктен бұл атау?» деп сұрадық. Ол: «Қос мағынасы бар сөз. «Қызыл» – большевиктерге ұнайды, ал «орда» – ұлттық астана атауы. Екі тарап та қарсы бола алмайды», – деп жауап берді. Біз бұл ұсынысты қолдадық. Сұлтанбек Қожанов съезде кезексіз сөз алып, екі ұсыныс жасады: біріншісі – Қырғыз Республикасын Қазақ Республикасы деп атау, екіншісі – Ақмешітті Қызылорда деп өзгерту. Екі ұсыныс та бірауыздан қабылданды».
Қызылорда атауының авторы – Қоңырқожа Қожықов екені тарихи тұрғыдан нақты дәлелденіп отыр. Ақмешіттің Қызылорда және ел астанасы болғанына ғасыр толуына орай, Қоңырқожа Қожықов туралы оның немересі, мәдениеттанушы, Қазақстан кинематографистер одағының мүшесі, «Әділет» республикалық тарихи-ағарту қоғамының атқарушы директоры Сауле Құлахметқызы Қожықовамен сұхбаттасқан едік.
– Сәуле Құлахметқызы, Қызылорда атауының авторы сіздің атаңыз Қоңырқожа Қожықов екені белгілі. Оқырмандар үшін оның өмір жолы мен халқына сіңірген еңбегі туралы толығырақ айтып өтсеңіз…
– Қожықовтар әулеті – республикаға танымал, аты ел есінде сақталған зиялы әулет. Қоңырқожа Қожықовтан бастап, оның ұрпақтары қазақ өнері, мәдениеті мен білімінің дамуына зор үлес қосты. Менің атам Қоңырқожа Қожықов 1880 жылы Ақмешіт (қазіргі Қызылорда) қаласында қарапайым мал дәрігерінің отбасында дүниеге келген. Жағдайы аса ауқатты болмағанымен, әкесі Қожық баласына заманына сай терең білім беруге күш салған. Бұл сол кезең үшін өте сирек жағдай еді. Қоңырқожа төрт жылдық орыс-түзем мектебін алтын медальмен тәмамдап, 1900 жылы Ташкенттегі мұғалімдер семинариясын аяқтап, халық мұғалімі дипломын алған. 1905 жылы Қоңырқожа Сералы Лапиннің әкесі Мұңайтпас Лапиннің ауылына келіп, мектеп ашу ісіне кіріседі. Ол патша өкіметінің тұсында жергілікті өзін-өзі басқару құрылымында қызмет атқарып, ресми шенді болған. Сол кездегі тәртіп бойынша, шенеуніктер арнайы форма киіп жүрген. Қоңырқожа мундирімен ауылға келгенде, тұрғындар оның келбеті мен киіміне таңданып қараған екен. Көп ұзамай Перовск уезінің №5 ауылында (қазіргі Қоғалыкөл) төрт жылдық мектеп ашылды. Жас мұғалім өз шәкірттерін ауыл-ауылды аралап жинауға мәжбүр болды. Бұл мектепте алғаш рет қыз балалар да білім ала бастады. Сол оқушылардың қатарында кейін оның жары болған менің әжем, Мұңайтпас Лапиннің қызы Ләтипа да бар еді. Ләтипа Қоңырқожаның алтын түймелі формасына сүйсініп, оны әзілдеп «алтын түймелі ұстаз» деп атаған. Екеуінің арасында махаббат оты тұтанып, алайда қосылуына көп кедергі болады. Себебі сол кезде Ләтипа дәулетті адамға атастырылып, қалыңмалы да төленіп қойылған еді. Жастардың махаббаты үшін күресі екі рудың арасында үлкен дауға, тіпті қақтығыстарға ұласты. Ақыры қос ғашық ауылдан қашып шығып, Перовск қаласына қоныс аударды. Мұнда Қоңырқожа теміржолшыларға арналған кешкі мектепте ұстаздық ете бастады. Алайда 1905 жылдың наурыз айында патша өкіметіне қарсы шыққан теміржолшылардың ереуіліне қатысқаны үшін Қоңырқожа тұтқындалып, теміржолшылармен бірге түрмеге қамалады. Бостандыққа шыққаннан кейін Қожықовтар отбасы Түркістан қаласына көшеді.
– Қоңырқожа Қожықовты ағарту саласында айрықша орын алатын «Әліппе» оқулығының алғашқы авторы деп айтуға бола ма?
– Иә, Қоңырқожа Қожықов «Әліппені» 1912 жылы Орынбор қаласында «Каримов, Хусаинов және К°» типографиясына бастырған. Бұл еңбек ол Қарнақ орыс-түзем училищесінің меңгерушісі қызметін атқарып жүрген кезінде жарық көрген. Патша үкіметінің шенеунігі бола тұра, Қоңырқожа Қожықов өз лауазымын қазақ тілі мен ағартушылық бастамаларды жергілікті халық арасында насихаттау үшін пайдалана білді. Қазақ мектептеріне арналған Қоңырқожаның алғашқы «Әліппе» оқулығы қазақ тілінде сауат ашу мақсатында балаларға арналған алғашқы оқулықтардың бірі болды. Бұл оқулық балаларды бастапқы деңгейде оқуға және жазуға үйретуге арналды және сол кезеңдегі білім беру жүйесінде маңызды құрал болды. Қоңырқожа Қожықов «Әліппе» оқулығын қазақ тілінде жазып, сол кездегі араб жазуын жеңілдетіп, қазақ тілінің дыбыстық ерекшеліктерін жеткізуге бейімдеген. XX ғасырдың басында қазақ жазбасы араб әліпбиіне негізделген болатын, бірақ онда қазақ тіліне тән кейбір дыбыстарды жазу мен оқу қиындық тудыратын. Қоңырқожаның маңызды еңбектерінің бірі – білім беру жүйесінде классикалық араб тілінен ана тіліміздегі, шағатай әдеби мұрасына сүйенген қазақ жазба дәстүріне көшуге жағдай жасау болды. Бұл оның қазақ жазуының дамуы мен ұлттық сананың нығаюы жолындағы маңызды қадамы еді. Осы мақсатта ол араб жазуын жеңілдетіп, артық күрделіліктерді алып тастап, қазақ тіліндегі дыбыстардың айтылымын нақты жеткізе алатын таңбалар енгізді. Бұл әдіс сауат ашу үдерісін жеңілдетіп, оны анағұрлым тиімді етті. Қоңырқожа Қожықовтың «Әліппе» оқулығы дыбыстық әдіске негізделген болатын. Бұл әдіс дыбыстарға, олардың талдауы мен біріктіруіне назар аудартатын тәсіл. Бұл оқушыларға тіл құрылымын жақсы түсініп, оқу мен жазу дағдыларын жетілдіруге көмектесті. Дыбыстық әдіс қазақ тілі үшін өте пайдалы болды, себебі ол тілдің фонетикалық ерекшеліктерін ескере отырып, балалар мен ересектердің білім алуын жеңілдетті.
– Қоңырқожа Қожықов «Әліппесінде» қолданған әдістеме қандай негізге сүйенді?
– Қоңырқожа Қожықов өз «Әліппесінде» қолданған дыбыстық әдісті Исмаил Гаспринскийдің еңбектерінен шабыт алып жасаған. Исмаил Гаспринский XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында жәдидшілдік қозғалысының негізін қалаушы болып саналады. Жәдидшілдік (араб тіліндегі «жәдид» – «жаңа» деген сөзден шыққан) білім беру, мәдениет және қоғамдық өмірді реформалауға бағытталған. Бұл – Исмаил Гаспринский идеяларының ағартушыларды өздерінің білім беру әдістемесін жасауға қалай шабыттандырғанын көрсетеді.
– Қоңырқожа Қожықов осы әдісті қазақ қоғамына қалай бейімдеді? Оның тәжірибесі білім беру жүйесіне қандай жаңалық әкелді?
– Қоңырқожа Қожықов бұл әдісті қазақ тілінің фонетикалық ерекшеліктерін ескере отырып бейімдеді, бұл қазақ халқы үшін білім алуды қолжетімді әрі тиімді етті. Оқыту үдерісін айтарлықтай жеделдетіп, дәстүрлі әдіспен салыстырғанда оқу мерзімін екі, үш, кейде төрт есеге дейін қысқартты.
«Әліппе» оқулығын дайындау барысында ол өзбек драматургі, публицист және жәдидшіл Махмұдқожа Бехбудимен бірлесіп, мектепке арналған жаңа әдістемелік оқыту нұсқаулығын жасады. Олардың ынтымақтастығы мектептерде оқытуға арналған әдістемелік ұсыныстарды қалыптастыруда маңызды қадам болды. Қоңырқожа Қожықов тек мұғалім ғана емес, сонымен қатар оқыту жүйесін әзірлейтін маман-әдіскер де болды. Ол «Әліппені» жай ғана жазып қойған жоқ, жаңа әдістемелік мектептің артықшылығын түсіндіретін арнайы брошюра да дайындады.
Атам Түркістан өлкесінде білім беру мен мәдени іс-шараларға белсенді қатысқан. Ол Сырдария губерниясында мектеп инспекторы болып жұмыс істеп, Түркістан, Перовск және Әндіжан сияқты қалалардағы қазақ-орыс училищелері мен мектептерінде сабақ берген. Оның қызметі қазақ халқы арасында білім мен ағартушылықты дамытуға, мектептер ашуға және жаңа оқыту әдістерін енгізуге бағытталған еді.
Алайда Қоңырқожа Қожықовтың «Әліппе» оқулығы оның маңыздылығына қарамастан, тарихи және саяси себептерге байланысты ұмыт қалды. Біріншіден, кеңестік кезеңде қазақ ағартушыларының еңбегі, оның ішінде Қожықовтың да еңбектері сол кезеңнің идеологиясына сай жаңа оқу материалдарымен алмастырылды. Екіншіден, қазақ зиялыларына жасалған репрессиялар мен саяси қуғын-сүргіндер де олардың еңбектерінің лайықты бағасын алмауына себеп болды.
Сонымен қатар қазақ тілінің араб графикасынан латынға, кейін кириллицаға көшуі араб жазуымен жазылған оқулықтарды пайдалануды қиындатып жіберді. Бәлкім, осы себептерге байланысты Қожықовтың «Әліппесі» ұмыт қалған шығар.
– Қоңырқожа Қожықов өз еңбектерінде Романовтар әулетінің билігіне қатысты қандай тарихи тақырыптарды көтерді?
– 1912 жылы Орынбор қаласында Қоңырқожа Қожықов, Шәді Жәңгірұлы және Ғалияскер Қасымовпен бірлесіп, Фатих Каримовтың баспасынан («Каримов, Хусаинов және К°» типографиясы) «Романовтар әулетінің билік ету тарихы туралы тарихи дастан» атты поэма шығарған. Бұл шығарма тарихи эпос ретінде жазылған. Поэма жарық көрген кезде атам патшалық шенеунік қызметін атқарып жүрген болатын. Оның қазақ зиялылары Шәді Жәңгірұлы және Ғалияскер Қасымовпен бірлесіп жұмыс істеуі сол кезеңде оның әкімшілік қызметпен қатар, мәдени-ағартушылық өмірге де белсенді қатысқанын көрсетеді. Поэманың жарық көруі қазақ ағартушыларының тарихи деректі туған тілінде кең аудиторияға жеткізуге ұмтылғанын байқауға болады. Шығарма Романовтар әулетінің билігіне қатысты тарихи оқиғаларды бейнелеген. Бұл туындыда Ресей тарихындағы маңызды, әрі ауқымды оқиғаларды, халқының тарихымен байланысты жайттар қамтылған. Кейіннен, репрессия жылдары Романовтар әулетіне арналған поэманың жарық көруі Қоңырқожа Қожықовқа қарсы айыптау ретінде пайдаланылды. Бұл поэманы жазу арқылы Қожықов патшалықты дәріптеуші болды деп қамауға алынды.
– 1917 жылғы өзгерістер кезінде Қоңырқожа Қожықовтың қоғамдық-саяси өмірге қосқан үлесі қандай болды?
– Қоңырқожа Қожықов 1917 жылғы революция кезінде қоғамдық-саяси өмірдің белсенді қатысушысы болды. Ол Түркістан өлкесінің жергілікті халқының мүддесін қорғауға бағытталған түрлі іс-шараға қатысты. 1917 жылы Қоңырқожа Қожықов Түркістандағы алғашқы «Уақытша үкімет» Қоқан автономиясының басқару құрамына кіріп, Әндіжан уезінде оның учаскелік комиссары болып тағайындалды. Кейін ол Қоқан қаласындағы «Автономияның» жауапты хатшысы қызметін атқарды. Ақпан революциясынан кейін ол Ферғанадағы қазақтардың мүддесін қорғау мақсатында құрылған «Көшпенді» атты қоғамдық ұйым құрып, жетекшілік етті. Бұл қоғам саяси тұрақсыздық жағдайында қазақ халқының құқықтары мен мүдделерін қорғаумен айналысты. Оның бұл кезеңдегі қызметі саяси жүйеде түбегейлі өзгеріс болып жатқан уақытта қазақ халқының мәдени бірегейлігін сақтау мен ұлт мүддесін қорғауға деген ұмтылысын көрсетті.
– Қоңырқожа Қожықовтың ұстаздық қызметіндегі ең үлкен үлесі не деп есептейсіз?
– 1919 жылы Ташкентте Түркістан өлкелік ерлер және әйелдер педагогикалық курстарының меңгерушісі болды, кейін бұл курстардың негізінде құрылған халық ағарту институты – Киринпроста жұмыс істеді. Бұл мекеме болашақ мектеп мұғалімдерін даярлайтын орталыққа айналды. Кейін бұл оқу орны Қазақ өлкелік халық ағарту институты деп аталды. Институт жоғары оқу орны мәртебесіне ие болып, ұлттық педагог кадрларды даярлау орталығына айналды. Оның білім беру мен мәдениетті дамытуға қосқан үлесі, әсіресе жаңа қоғамдық құрылымдар қалыптасып жатқан күрделі кезеңде аса маңызды болды.
1922 жылы Қоңырқожа Қожықов ғылыми және ағартушылық қызметпен белсенді айналысты. Атам орыс тілімен қатар парсы, араб және басқа да тілдерді жетік меңгерген. Ол қазақ халқының тарихы мен мәдениетіне арналған еңбек жазды, соның ішінде Орхон жазулары мен Қозы Көрпеш-Баян Сұлу, Келіншектас және Ақтас секілді ежелгі ескерткіштер жайлы зерттеу жүргізді. Сонымен қатар ол араб, парсы және шағатай тілдеріндегі тарихи және әдеби шығармаларды қазақ тіліне аударған. Қоңырқожа Қожықов өлке мен Орта Азия тарихына қатысты энциклопедиялық білім жинаған. Бұл білім оған өңірдің мәдени және тарихи ерекшеліктерін тереңірек түсінуге мүмкіндік берді. Бұл тек ұстаздық қызметте ғана емес, басқа да қоғамдық жұмыста көмектесті. Ол Әулиеатадағы жер бөлімінде қызмет атқарды, Жетісудағы көне қорғандар мен тарихи ескерткіштерді зерттеу және қазба жұмыстарымен айналысты. Сонымен қатар аймақтың мәдени мұрасын сақтау ісіне де белсене қатысқан. Қоңырқожа Қожықов жер бөлу, су пайдалану және шаруашылық ұйымдастыру жөніндегі шараларға белсенді араласып, ТүркЦИК құрамына енді, оның президиумының және бірқатар комиссиялардың мүшесі болды. Қоңырқожаға Қазақстанның түкпір-түкпіріне жиі іссапарға шығуға тура келді. Оған қазақ халқының тұрмысы, жер мен су пайдалану жайын білетін тәжірибелі маман ретінде ең күрделі мәселелер сеніп тапсырылатын.
– 1930-жылдары Қоңырқожа Қожықов тарихи-мәдени мұраны зерттеу мен қорғау бағытында қандай маңызды іс атқарды?
– Қоңырқожа Қожықов Алматы қаласында өзі ұйымдастырған көне мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі комитет арқылы «Казкомстарис» археологиялық мұраларын сақтау бағытындағы жұмыстарын белсенді түрде жалғастырды. 1935 жылы оның «Ең көне Жетісу ескерткіштері» атты қызықты зерттеу жұмысы жинақ болып жарыққа шықты. Бұл еңбектер Қоңырқожа Қожықов пен Санжар Асфендияров екеуі бірлесіп ұйымдастырған Қазақ ұлттық мәдениет ғылыми-зерттеу институты арқылы жарық көрді. Ол бұл институтта ғылыми хатшы қызметін атқарды. Сонымен қатар ол ұлттық кітапханада жұмыс істеп, көне жазба мұраларды жинау мақсатында экспедиция жасап, кітапхана қорын баға жетпес қолжазбалармен толықтырды. 1930 жылдардың ортасынан бастап менің атам Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын зерттеу және сақтау ісімен белсенді түрде айналысты. Ол еліміздің оңтүстік аймағындағы ескерткіштерге қатысты археологиялық материалдарды тіркеу, қорғау, қалпына келтіру және жинақтау жұмыстарын жүйелі түрде жүргізді. Көне жәдігерлерді қамтитын бірегей Атлас картасын жасады. Бұл картада Қожа Ахмет Яссауи кесенесі, Қорқыт ата мазары, Айша бибі мавзолейі, Отырар қаласының орны, көне Сайрам қаласы, сондай-ақ обалар, жартас суреттері, тас мүсіндер мен басқа да құнды жәдігерлер қамтылған. Ол түркі әлемінің қасиетті мұрасы саналатын Қожа Ахмет Яссауи кесенесін сақтауға ерекше көңіл бөлді. Оның осы бірегей ескерткішті қорғауға бағытталған бастамалары болашақтағы мемлекеттік реставрация және сәулеттік мұраны қорғау бағдарламаларының негізіне айналды.
– Саяси қуғын-сүргін жылдары Қоңырқожа Қожықовтың тағдыры қалай болғаны тарихтан бәрімізге белгілі…
– Атам 1938 жылы саяси қуғын-сүргін кезінде «халық жауы» ретінде айыпталып, тұтқындалды. Өкінішке қарай, сол жылы-ақ ату жазасына кесілді. Кейінірек, 1957 жылы ол толық ақталды. Алайда ақталуына қарамастан, оның педагогикалық, әдеби және қоғамдық-саяси мұрасын зерттеу бүгінге дейін жеткілікті дәрежеде жүргізілген жоқ және бұқаралық ақпарат құралдарында тиісті деңгейде насихатталмады. Соның салдарынан уақыт өте келе оның есімі ұмыт қалды.
– Ләтипа Қожықованың Қоңырқожа Қожықовтың өміріндегі рөлі қандай болды? Әжеңіз туралы оқырмандарға қандай қызықты деректер айтып бере аласыз?
– Ләтипа Қожықова көрнекті қазақ суретшісі, киім дизайнері және сәндік-қолданбалы өнер шебері болған. Ол 1892 жылы Сырдария өңірінде дүниеге келген. Әжем мінезі қайсар, ержүрек әйел болған. Ол Қоңырқожа Қожықовтың өмірінде үлкен рөл атқарды – тек жары ғана емес, сенімді тірегі, өмірлік серігі болды. Қиындықты барлығын бірге көтеріп, ауыр кезеңдерде отбасының барлық жауапкершілігін өз мойнына алды. Себебі атам көбіне үйде болмайтын, бірнеше рет тұтқындалып, ұзақ уақыт тергеу мен түрмеде отырған. Соған қарамастан, әжем ешқашан жасымай, батылдық танытты. Атам патшалық шенеунік қызметінен айырылып, жұмыссыз қалған кезде отбасы ауыр жағдайға тап болды. Сол уақытта барлық ауыртпалықты көтеріп, әжем отбасының қамқоршысы болды. Оның қолөнері, әсіресе тігіншілік шеберлігі жалғыз табыс көзіне айналды. Ол балаларды асырап, шаңырақты сақтап қалу және қиын-қыстау заманда күйеуін демеп отыру үшін табыс табуға бар күшін салды. Қожықовтар отбасындағы бала-шаға, туыстар мен таныстарды асырау үшін әжем тақия, малақай, шапан тігіп, табыс тапты. Уақыт өте келе костюмдер тігу оның сүйікті кәсібіне айналды. Ол Қызылордадағы алғашқы қазақ ұлттық драма театрында суретші-декоратор, костюмер және сценограф ретінде еңбек етті. Қожықовтар отбасы ұлт театры мен өнерінің дамуына зор үлес қосты. 1925 жылы театрда Мұхтар Әуезовтің «Қаракөз» пьесасы сахналанып, бұл оқиға қаланың мәдени өмірінде елеулі жаңалық болды. Дәл осы кезде менің әжем Ләтипа Қожықова спектакльге арнап костюмдер тікті. Балалары анасының шығармашылық жұмысына қолғабыс етіп жүрді. Жасөспірім кезінде менің ағам Қожахмет пен әкем Құлахмет анасына «Қаракөз» қойылымының декорацияларын әзірлеуге көмектескен екен. Осы спектакльге қатысу олардың шығармашылық жолының бастамасы болды. Ләтипа Қожықова қазақ сахнасының танымал тұлғалары Қ.Жандарбеков, К.Байсейітова, У.Тұрдықұлова, А.Ненашев және Е.Брусиловскиймен бірге «Айман-Шолпан», «Шұға», «Ер Тарғын» секілді алғашқы қазақ операларының қойылымдарына қатысты. Ол мемлекеттік академиялық театрда қызмет атқарып, костюмерлік және тігін цехтарын басқарды. Осы кезеңде ол мыңнан астам сахналық костюм тіккен. Бұл костюмдер театр қойылымдарының ажырамас бөлігіне айналып, сол заманның рухы мен кейіпкерлердің болмысын, қазақ тұрмысын шынайы, дәл жеткізуге көмектесті. 1936 жылы Ләтипа Қожықова қазақ өнері мен әдебиетінің Мәскеудегі онкүндігіне қатысып, костюмдер әзірледі. Бұл қазақ өнерінің бүкілодақтық деңгейде жетістіктерін көрсетуге бағытталған ауқымды мәдени шара болды. Онкүндіктің негізгі қатысушыларының бірі – Қазақ музыкалық театры «Қыз Жібек» пен «Жалбыр» музыкалық драмаларын сахнаға шығарды. 1958 жылы Ләтипа бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіне (ВДНХ) қолөнер бұйымдарын, ұлттық ою-өрнектермен безендірілген қол еңбегі туындыларын ұсынды. Солардың ішінде қазақ киіз үйі көрменің басты сәніне айналып, көшпелі қазақ мәдениетінің символы болды. Қазақ суретшісі, кескіндемеші, портретші Мария Сергеевна Лизогуб «Халық шебері» атты сурет салып, онда Ләтипа Қожықованы бейнеледі. Бұл бейне кездейсоқ таңдалған жоқ, Ләтипаның Қазақстандағы көркемдік дәстүрлердің дамуына қосқан үлесі орасан. Оның жұмысы бірнеше рет көрмелерде көрсетілген, ал есімі өнерге адалдықтың символына айналды. Әжем 100-ден астам бірегей ою-өрнекті туынды жасады, бүгінде олар Мәскеу, Санкт-Петербург, Алматы, Будапешт және Вашингтон музейлерінде сақтаулы. Оның бір костюмі Франклин Рузвельтке сыйға тартылып, қазіргі уақытта АҚШ-тағы мұражайда сақтаулы тұр.

– Ұлттың жарқын болашағы үшін күрескен Қоңырқожа Қожықовтың ісін оның ұрпақтары қалай жалғастырды?
– Қоңырқожа Қожықовтың ұлдары атамыздың ісін абыроймен жалғастыруға тырысты. Олардың әрқайсысы қазақ мәдениеті мен ғылымының дамуына өзіндік үлесін қосты. Бұл – біз үшін үлкен мақтаныш әрі зор жауапкершілік. Үлкен ұлы Қожахмет – суретші-график, қазақ бейнелеу өнерінің негізін қалаушылардың бірі. Ол өнерде карикатура мен плакат жанрын қалыптастырған шебер. 1925-1927 жылдары Мәскеуде Шығыс халықтарына арналған дайындық курсында оқыды. 1931 жылдан бастап Қазақстанның орталық музейінде және Ұлттық мәдениет институтында суретші және Қазақ драма театрында да еңбек етті. Қожахмет жазушы Николай Ановтың Орта Азия тарихына арналған «Ақмешіт» романын суреттеп, көркем туындымен қатар балалар кітабын да безендірді. Алайда 1938 жылы Қожахмет тұтқындалып, бостандыққа шықты. Өкінішке қарай, ауыр дертке шалдығып, 44 жасқа жетпей, өмірден озды. Талантын толық жүзеге асыруға мүмкіндігі болмады.
Екінші ұлы Құлахмет – менің әкем, кеңестік қазақ театр және кино суретшісі, график, сценарист. 1942 жылдан бастап КСРО Суретшілер одағының мүшесі. 1958 жылдан бастап КСРО Кинематографистер одағының мүшесі, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген өнер қайраткері, Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагер. 1934-1936 жылдары ол Ленинградтағы М.Горький атындағы драма театр жанындағы театр-көркемөнер студиясында тағылымдамадан өтіп, сценограф-суретші мамандығын алды. 1938 жылдан бастап Алматыда жұмыс істеп, Қазақ драма театрының бас суретшісі болды. Осы кезеңде ол «Қызыл сұңқарлар», «Отелло», «Хан Кене», «Еңлік-Кебек», «Абай», «Мстислав Удалой» сынды 20-ға жуық спектакльге көркемдік безендіру жасаған. Соғыстың алғашқы жылдарында «Мосфильм» мен «Ленфильм» киностудиялары Алматыға эвакуацияланды. 1941 жылы Алматыда Орталық біріккен кино студиясы (ОБКС) құрылып, соғыс жылдарында Кеңес Одағының басты киноөндіріс орталығына айналды. Бұл студия соғыс кезіндегі фильмдер түсіріліміне арналған маңызды алаң болды және сол кезеңдегі кеңестік кинематографияның дамуына ерекше ықпал етті.
1942 жылдан бастап Құлахмет Қожықов ОБКС киностудиясында суретші ретінде жұмыс істеп, бірнеше фильмнің жасалуына қатысқан. Әкем көрнекті кеңес режиссері Сергей Эйзенштейнмен де шығармашылық байланыста болды. Эйзенштейн оны бір туындысына шығыс тұрмысы бойынша кеңесші ретінде шақырған. Сонымен қатар Құлахмет Қожықов театр және кино режиссері Григорий Рошальмен бірге «Абай әндері» фильмінде суретші-қоюшы болып еңбек етті. Режиссер Вера Строевамен бірге «Алып туралы ән» фильмін түсіруге атсалысты.
ОБКС киностудиясында түсірілген фильмдер маңызды идеологиялық міндет атқарды. Олар жауынгерлік рухты көтеріп, ерлікке шақырып, қаһарман бейнесін қалыптастырды. Бұл картиналар экран арқылы майдан мен тылдағы кеңес халқын бірлік пен күреске үндеді. Сол кезеңде түсірілген фильмдер ерлік пен Отанға адалдықты, әйелдер мен балалардың еңбек майданындағы жетістіктерін дәріптеді. Олар халықтың патриоттық тәрбиесі мен моральдық рухын көтерудің қуатты құралына айналды.
– «Қазақфильм» киностудиясының қалыптасуына Құлахмет Қожықов қандай үлес қосты?
– Осы студия негізінде Қазақ көркем фильмдер киностудиясы құрылып, кейін қазақ кино өнерінің дамуына негіз қалап, заманауи киноиндустрияның іргетасын қалады. 1960 жылы бұл студияға Шәкен Айманов есімі беріліп, «Қазақфильм» киностудиясы деп аталды.
Құлахмет Қожықов 1943 жылдан бастап 1970 жылдарға дейін «Қазақфильм» киностудиясында бас суретші-қоюшы болып еңбек етті. Ол алғашқы фильмдердің декорациясын, көркемдік безендіруін және костюмдерін әзірлеуге белсенді қатысты. Оның «Дала батырлары», «Домбыра сазымен», «Абай әндері», «Жамбыл» (алғашқы нұсқасы), «Бұл Шу бойында болған еді», «Біз Жетісуданбыз», «Қорытпа», «Менің атым – Қожа», «Атамекен», «Гауһартас» секілді фильмдердің көркемдік стилін қалыптастыруға қосқан үлесі зор болды. Құлахмет Қожықов Шәкен Айманов түсірген «Алдар Көсе» фильмінің де суретші-қоюшысының бірі болды. Фильмнің түсірілімі Түркістанда өтті, басты мақсаты – көне шығыс қаласының атмосферасын экранда шынайы көрсету еді. Әкем ұлттық тұрмыс пен сәулет өнерін жетік меңгерген маман ретінде сол дәуірдің рухын дәл жеткізіп, шығыс базарының қызу тіршілігін экранда шебер көрсете білді. «Алдар Көсе» фильміндегі тарихи шынайылық пен көркем безендіруге қатысты оның үлесі өте маңызды болды. Құлахмет Қожықов тек театр мен кино саласында ғана емес, кітап иллюстрациясы саласында да белсенді еңбек етті. 1950 жылдары ол «Қазгосиздат» (Қазақстан мемлекеттік баспасы) баспасының бас суретшісі қызметін атқарып, қазақ және әлем әдебиеті классиктерінің шығармаларына иллюстрация жасады. Олардың қатарында Абай Құнанбайұлы, Ыбырай Алтынсарин, Тарас Шевченко, Мұхтар Әуезов бар.
Құлахмет Қожықов 1958 жылы жарық көрген «Қазақтың қолөнері» атты ғылыми-көпшілік фильмнің сценарий авторы болды. Бұл туынды – оның қазақ мәдениеті мен дәстүріне деген терең білімі мен құрметінің көрінісі. Сонымен қатар ол «Қыз Жібек» түсірілімінің бастапқы кезеңінде алғашқы суретші-қоюшы ретінде жұмыс істеді. 1970 жылы Алматыда республикалық қолданбалы өнер музейінің негізін қалап, оның тұңғыш директоры болды. Әкемнің жұмыстары Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік өнер музейінде және басқа да өнер топтамаларында сақтаулы. Ол қазақ театр-кино декорациялық өнерінің негізін қалаушылардың бірі және ұлттық кинематографияның дамуына зор үлес қосты.
Үшінші ұлы – Нұрахмет – қазақстандық мүсінші және график. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Нұрахмет ауыр жараланып, бірінші топтағы мүгедек болды. Соған қарамастан, өнер жолын тастамай, мүсін жасады. Отан қорғаушыларға арналған туындысында ол анасының бейнесін сомдады. Майданнан алған жарақат оның шығармашылық мүмкіндігін толық жүзеге асыруына мүмкіндік бермеді.

Ең кенже ұлы – Сұлтан-Ахмет – көрнекті қазақ кинорежиссері, сценарист және екінші дүнижүзілік соғыс ардагері. Сұлтан-Ахмет соғысқа 18 жасында аттанып, 8-гвардиялық Панфилов дивизиясының құрамында қызмет етті. Соғыс аяқталған кезде гвардия капитаны шеніне жетті. Соғыстан кейін ағасы Құлахметтің кеңесімен Мәскеудегі ВГИК-тің режиссура факультетіне түсіп, әйгілі Александр Довженконың шеберханасында білім алды. Ол қазақ киносының ең танымал туындысының бірі – «Қыз Жібек» фильмінің авторы. Қазақ киносының дамуына қосқан үлесі үшін Сұлтан-Ахмет Қожықов Қазақ КСР-інің Мемлекеттік сыйлығына және Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген өнер қайраткері атағына ие болды. Сұлтан-Ахмет Қожықов өмірінің соңына дейін «Қазақфильм» киностудиясында жұмыс істеп, оның шығармашылығы ұлттық киноның алтын қорына енді.
Қоңырқожа Қожықов қазақ тарихында із қалдырған тұлға. Оның ғылыми еңбектері, білім беру ісіне қосқан үлесі мен мәдени мұраны зерттеудегі еңбектері еліміздің рухани өмірінде өшпес із қалдырды. Тарихтың ауыр сынынан өтсе де, оның есімі бүгінгі ғылыми қауымдастыққа ағартушылық пен тарихи жадыны сақтау жолындағы адалдықтың символы ретінде қайта оралып отыр. Бүгінде атам Қоңырқожаның еңбектерін зерделей отырып, біз ғалымға, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткеріне құрмет көрсетіп қана қоймай, ұрпақтар арасындағы байланысты да нығайтамыз. Оның тарихтағы орны маңызды, әрі әлі де терең зерттеуді, насихаттауды қажет етеді. Себебі келешек ұрпақ оның еңбегінің құндылығын толық тануы тиіс. Оның идеялары мен білімге деген ұмтылысы жаңа буын зерттеушілерін шабыттандыра түседі.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Әңгімелескен София Хайрулла
Суреттер Сәуле Қожықованың
жеке мұрағатынан
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!