Қаланың сол жағалауы. Жаңа қоныс Қызылорданың заманауи келбетін айқындайтын маңызды бір бөлігіне айналды. Кең көше, жаңа тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар мен инфрақұрылым бұл өңірдің жаңа дәуірге бет алғанының айқын белгісі. Сол жағалауда салынып жатқан тұрғын үйлер қалалықтар үшін жайлы әрі қауіпсіз болмақ. Бүгінде бұл аймақта құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатыр.
Сол жағалауда салынып жатқан мұндай тұрғын үйлер Қызылорданың жаңарып, жаңғырып келе жатқанының бір көрінісі. Бес қабаттан тұратын бұл үйдің іші де, сырты да қазіргі заман талабына сай жобаланған. Құрылыс жетекшісі Сүйінтай Дәуренбектің айтуынша, ғимараттың жалпы ауданы 2890,5 шаршы метр, ал пәтерлердің жалпы көлемі 1457,6 шаршы метрді құрайды.
– Тұрғын үйлер 5 қабатты. Барлығы 40 пәтер қарастырылған. Оның ішінде 2 бөлмелі 10 пәтер болса, 3 бөлмелі пәтер саны – 30. Екі бөлмелі пәтерлердің ауданы 55 шаршы метр, ал 3 бөлмелі пәтерлер 68-72 шаршы метр аралығында, – дейді Сүйінтай Дәуренбек.
Айта кетсек бұл құрылыс жұмыстары 2024 жылы басталып, қалалық құрылыс бөлімінің тапсырысы бойынша жүзеге асуда. Мердігер мекеме – «Авангард ПГС» ЖШС.
– Құрылыс сапасы – басты назарда. Жауапты тұлғалар күн сайын жұмыс барысын тексеріп, әр кезеңнің уақытылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етіп отыр. Құрылыс жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде, – дейді мердігер мекеме директорының орынбасары Ғалымжан Елеуов.
Бүгінде ғимараттың сыртқы бейнесі толықтай әрленіп біткен. Қасбеті панельмен қапталып, қазіргі сәулеттік стильге сәйкес жасалған. Ішкі әрлеу жұмыстары да аяқталуға жақын. Сонымен қатар тұрғын үйге қажетті барлық инженерлік жүйелер – газ, су, жылу, электр желілері тартылған.
– Қауіпсіздік мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Тұрғын үйге бейнебақылау жүйесі мен домофон орнатылған. Құрылыс жұмыстарына 50-ден астам адам жұмылдырылған. Жаңа үйді биылғы шілде айының аяғында тапсыру жоспарлануда. Бөлінген қаржы толықтай игерілді, – дейді Ғалымжан Елеуов.
Жаңадан бой көтеріп жатқан бұл тұрғын үйлер – қазіргі уақыттағы құрылыс саласындағы жүйелі жұмысты көрсететін жобалардың бірі. Құрылыс сапасы мен мерзімі, инженерлік жүйелердің толық қамтылуы, бәрі де болашақ тұрғындардың жайлы өмірі үшін жасалуда.
Нұржан НҰҒЫМАДИЛЛА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!