Қазақ тарихындағы нәубетті кезең аз емес. Еліміз еңсесін тіктегелі жоғымызды тауып, жыртығымызды бүтіндеп келеміз. Ал қазақ өзінің 1920 жылдағы санына 1970 жылы ғана жақындаған. Тарих беттерін парақтап, белгілі ғалым Сағат Тамшыбайұлымен сұхбаттасудың сәті түсті.
– Сағат Тамшыбайұлы, әңгіменің әлқиссасын саяси репрессиядан бастасақ. Қай кезден басталды, қашанға дейін жалғасты?
– Репрессия дегенде біз ең әуелі әңгімені 1723-27 жылдар аралығында «Елім-айлап» өткен Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама қасіретінен бастаймыз. Бұл – қазақ тарихындағы ең қасіретті кезең. Бүгінге дейін тарихта әр түрлі бағасын алып келді. Ашаршылықтың өзі екі кезеңнен тұрады. Осы кезеңдерде біз саяси репрессия туралы айтып өтсек болады. Саяси қуғын-сүргін 20-жылдардың ортасынан басталады. 1919 жылы Алашорда үкіметі тарады. Осы сәттерде Кеңес үкіметі де саяси сауатты адамдарға зәру болды. Міне, осы кезде олар жер-жерде патша өкіметінің тұсында оқыған азаматтарды пайдаланды. Алаш қайраткерлері Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхановтар осы кезде оқу-ағарту ісімен айналысты.
Ал енді деректер бойынша әсіресе Сталиннің уақытында саяси қуғын-сүргінге ұшырағандардың саны жетерлік. Оны біреулер 20 млн дейді, тағы біреулер 9 млн, енді бірі 4 млн адам қуғынға ұшырады дейді. Енді орта есеппен алғанда күніне 1200-1300 адам атылып отырған. Әсіресе, 1937-1939 жылдар аралығында атылғандар көп болды. Ал Солженицынның мәліметінше, жалпы Кеңес одағында 55 млн адам қуғын-сүргінге ұшыраған. Қазақстан бойынша айтсақ, бұрын 118 мың адам репрессия құрбаны болды дейтінбіз. Ал қазір бұл сан 125 мыңға өзгерді. Оның 25 мыңы атылып кетті. Қалған 100 мыңы әртүрлі лагерлерде болды, айдалды, сол жақта қайтыс болды. Нақты шешім қабылданып, өлім жазасына кесілгені сол 25 мың адам. Оның көпшілігі қазақ зиялылары болды.
– Саяси қуғын-сүргінге ұшырағандар тек зиялы қауым өкілдері ғана болды ма? Әлде…
– Мұның екінші жағы бар. Бұл репрессия тек саяси тұлғаларға ғана емес, қарапайым халыққа да әсер етті. Осы кезеңдерде байларды кәмпескелеуде көп адам қашып кетті. Ауа көшкендер көп болды. Халқымыз тарыдай шашылды. Мысалы, 1 млн 130 мың адам ауа көшті. Ашаршылық салдарынан, көтеріліс салдарынан көшкендер де болды. Соның 676 мыңы ғана елге қайтқан. Қалғаны қайтпай қалған. Екінші мәселе, аштық кезеңіндегі нақты деректер әлі де табылмай жатыр. Саяси қуғын-сүргінді зерттегенде қазақстандық репрессия құрбандарын 125 мың десек, оның ішінде басқа ұлттың өкілдері де бар. Халық жауы деген айып тек қазақтарға ғана емес, басқа ұлт өкілдеріне де тағылды. Олардың көпшілігі біздің елге күштеп жер аударылған.
– Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі комиссия жұмысы қалай болып жатыр? Қанша адамды ақтады?
– Комиссия жұмысы басталған сәтте біріншіден, біз құжаттармен таныстық. Әуелі 1989 жылы «Әділет» қоғамы осы кісілерді ақтауды қолға алған. Кейін мемлекет тарапынан қолдау көріп, арнайы комиссия жұмыс істей бастады. Ал 1995 жылы саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы арнайы заң шығарылды.
Қазір Ұлттық қауіпсіздік комитетінің архивінен біз мәлімет жинақтап жатырмыз. Ол мәліметтердің арасында тек қазақ емес, басқа ұлт өкілдері де бар. Барлығы бір шешіммен атылып кеткен. Оларды ақтау бойынша жұмыс бүкіл Кеңес Одағы бойынша жүрді. Бірақ соның ішінде ең көп зардап шеккендер – қазақстандықтар. Әсіресе, ашаршылық кезеңінде көп шығынға ұшырады.
Бұл тақырыпты қанша зерттеп жатсақ та, жыл өткен сайын жаңа ақпараттар шыға береді. Облыстық ішкі істер департаментінің архивінде екі қор бар. Оның бірі ақтауға жатпайтындарға арналған. Соның ішінде 400-500-ге жуық адам бар. Біз комиссия соны мұқият қарадық. Оның ішінде шын мәнінде қылмыскер азаматтар бар. Адам өлтірген, тонағандар да кезікті. Бірінші мәселе, 30-шы жылдары облыстың Қармақшы, Қазалы, Арал аудандарында болған көтерілістің қатысушыларының көпшілігі ақталмаған екен. Оған себеп: 1937-1938 жылға дейін қолынан қаруын тастамай, құмды ауылда мекен етіп, қызыл әскерге қарсы шабуыл жасауы. Оларды көбіне банды деп атайды. Мұнан бөлек те біраз атаулары бар. Солар туралы істерді кезіктірдік.
Тағы бір айта кетерлігі, Түркістан легионы туралы еді… Бұл мәселеде 117 адамның ісі жатыр. Оның әрбірінің ісіне қарасақ, оның барлығы – жергілікті қазақтар. Олар тұтқынға өз еркімен берілмеген. Кейбірі жараланып, ал енді бірі қоршауда қалып қойып, тұтқынға түскендер. Олар тұтқынға түскен соң, оларды сүндеттелген деді де еврей екен деп қыра бастады. Осы кезде Мұстафа Шоқай араласып, мұсылман екенін, қазақ екенін дәлелдеп шығып, аман алып қалды. Олар немістерге ешқандай ант беріп, Кеңес әскеріне қарсы соғысқа шықпаған. Біз өз кезегімізде бұл 117 азаматтың бәрін ақтауға ұсындық. Комиссияның ұстанымында адамгершілік, ұлттық құндылықтар бірінші орында тұрады.
– Осы ақтау ісіне қатысты қандай ұсынысыңыз бар? Кемшін тұсымыз бар ма, кей нәрселерге мән бермей жатырмыз ба?
– Меніңше, осы бағытта қылмыстық кодекстегі баптарды қайта қарап шығу керек. Кезіндегі көпшілік заңның барлығы дерлік, баяғы Кеңестік дәуірдегі стереотиптен арыла алмаған кезеңде қабылданып кеткен. Ресейдің қылмыстық кодексіне қарап отырып жасалынған. Мәселен, ол жердегі «Отанын сатқан» деген терминді алып тастаса, бұлардың барлығы ақталып кетеді. Бұған байланысты заңгерлер жұмыс істеп жатыр. Тарихи, ұлттық санадан қарасақ, оларды сатқын деп айыптауға біздің ешқандай да құқымыз жоқ. Кеңес үкіметі тарап кетті. Біз тәуелсіздігімізді алдық. Ұлттық сана тұрғысынан қарасақ, олар біздің жерімізде соғысқан жоқ. Оған басқаша көзқарас қалыптастыру керек.
– Көзқарас демекші, бір адамға тағылған айыптың артында бүтіндей бір әулеттің тағдыры жатты ғой…
– Әрине, мәселен, концлагерлерде мыңдаған қазақ жатты. Олар жазасын өтеп келді. Бірақ олар өмірінің соңына дейін үреймен жүрді. Тіпті келген соң олар не істейді, қайда барады, кіммен кездеседі деп соңдарына бір-бір тыңшыдан салып қойды. Қазір де ата-бабасын ақтауға ұрпағының өзі ынталы емес болуы сол үрейден деп ойлаймын. Өйткені әсіресе Сталиннің кезінде бір адамға айып тағылып, оның үрім-бұтағына дейін құртып жіберген жағдайлар көп. Сондықтан жұмған аузын ашпай жүруі де мүмкін.
– Демек, өзінің ынтасымен келіп, ата-бабасын, әкесін ақтап алуға ұсыныс білдірген адамдар болмағаны ма?
– Біз теледидардан, басылымдар мен әлеуметтік желілерден жан-жаққа хабарлама жібердік. Басқа өңірлерде ізденгендер бар. Бірақ Қызылордада мұндай бастамамен келген адам болмады. Олардың көпшілігі кешегі 60-жылдары сотталғаны сотталып, қайтыс болғаны қайтыс болды. Олар мұнда келгенде де үреймен жүрді. Жасырып жүрді. Олардың соғысқа қатысты деген куәлігі болған жоқ. Олар жеңіс шерулеріне қатысқан жоқ. Меніңше, олардың кейінгі ұрпақтары да соны қазбалағысы келмейтін сияқты. Үрей мен қорқыныш санаға сіңіп қалған.
– Қазақ басынан талай нәубет өтті ғой. Жоғарыда атылған қазақ зиялылары жайлы айттық. Жалпы халық санағы туралы айттық. Ал енді қазақ халқының демографиясына оралсақ…
– Саяси қуғын-сүргін халқымыздың санына қатты әсер етті. Ашаршылықта өмірі қиылған адамдар саны әр жерде әртүрлі. Бірақ шындыққа жанасатыны – 1 млн 750 мың адам. Мәселен, 1920 жылғы халық санағы бойынша 5 млн адам болған. Оның басым бөлігі қазақтар еді. Қазақ халқы 1970 жылы ғана сол 1920 жылғы көрсеткішке әрең жетті. Ашаршылықты саяси репрессиядан бөліп алып қарай алмаймыз.
– Саяси қуғын-сүргін құрбандары қай жерде жерленді?
– Қала бойынша бірнеше орынды нақты айта аламыз. Оның ең әуелгісі, «Арай» шағын ауданындағы қазіргі ескерткіштің орны. Кезінде Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде жұмыс істеген Тәңірберген Мәмиев есімді археолог зерттеп, тапқан болатын. Өйткені ол жерде адамдарды тізбектеп ату, бастан ату деректері болған. Екіншісі, қазіргі Қарауылтөбе ауылының арғы шетінде орналасқан. Жергілікті халықпен сөйлескенде олардың естелігінде сол жерге түн жарымда адамдар әкелініп, мылтықтың дауысы, атпаңдар деген жалынышты дауыстар, адамдардың ыңырсығаны естілетін болған. Бірқазан елді мекенінің теміржол маңында тағы да осындай жер бар. Көп жағдайда ол жерге вагонмен әкеліп, атқан. Ол жерде де сүйектер шашылып жатқан. Дәл осы тәрізді әр жерде орындар кездеседі. Сондай-ақ қырық молданың атылған жері деген бар. Ол қаланың батыс бөлігінде орналасқан.
Архив деректерімен жұмыс істеу оңай іс емес. Әрбірін қарап отырып, түрлі тағдырға тап боласың. Оларды кімдер атты деген сауалға келсек, арнайы адамдар болған. Олардың жазуына қарасаң, аты-жөні айтылмаған. Тек есеп берілген. «Барлық есеп А бөліміне жіберілді» дегенді кезіктірдік. Бірақ біз әлі күнге А бөлімнің қайда екенін білмейміз. Ол арнайы жасырын бөлім болуы мүмкін. Бұл мәселе әлі күнге ашық күйінде қалып отыр.
– Сағат Тамшыбайұлы, қанша жылдан бері осы бағытта еңбек етіп жүрсіз. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні келгенде ең алдымен ойыңызға не келеді?
– Көпшілік тарихтың бәрі жазылып қойды деп ойлайды. Бірақ жылдан-жылға жаңа деректер мен мәліметтер пайда болады. Отыз жыл бұрынғы зерттеуші емес, отыз жылдан кейінгі зерттеушінің көзқарасы өзгере бастайды. Ол мәселеге басқаша көзқараспен қарай бастайды. Сондықтан тарих үнемі жаңарып тұрады. Черчильдің «Өткенін ұмытқан халықтың болашағы жоқ» деген сөзі бар. «Өткеніңді екшемей, болашаққа жол жоқ» деген қазақ сөзі де осындайда ойға келеді. Біз өткенімізді ұмытпай, еске алып, алдыңғы буынға құрмет жасауымыз керек. Міне сонда ғана ұлттық сана, ұлттық рух көтеріледі. Аға ұрпақтың арманы тәуелсіздік, осы күн екен ғой. Қадірін білейік деген ой қалыптасады. Ең басты құндылығымыз – тәуелсіздік. Әр жастың бойында әрі ойында осындай ойлар мен сезімдер болу керек. Насихаттап айта беру керек, фильмдер көрсете беру керек. Бұл тақырыптағы жаңа романдар мен естеліктер жазылу керек.
Кезінде ұлттық рухтан айыруға қадамдар жасалды. Тілімізден де айырылып қала жаздадық. «Құлдар ғана өзінің қожайынының тілінде сөйлейді» деген сөздің мысалына айналып, құлдық сана болды. Қазір енді бәрі оңалып келеді. Өлгенімізді тірілтіп, өшкенімізді жаңғыртып жатырмыз. Осы беттен таймау керек.
– Сұхбатыңызға рахмет.
Әңгімелескен Дәулет ҚЫРДАН
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!