Бүгінде балабақша көп болғанмен уақыты шектеулі. Бұл жұмысбасты ата-анаға тиімсіз екені рас. Ал демалыс күндері шаруасы шығып, баласын сеніп тапсыратын адамы жоқ жандар үшін қиынның-қиыны.
Енді бұл мәселе емес. Себебі қалада балаңды сеніп тапсыратын арнайы орталықтар ашылуда. Бүгінде мұндай орталықтарға көпшілік сұранысы артқан. Осындай қажеттіліктің орнын толтыру мақсатында қала тұрғыны, әлеуметтік кәсіпкер, көпбалалы ана Салтанат Алмағамбетова қала орталығынан «Сағаттап бала қарау» орталығын ашқан.
Кәсіп иесі биыл «Мансап» орталығына өтінім беріп, 1 млн 476 мың теңге мемлекеттік грант қаражатын ұтып алған болатын.
– Мемлекеттік қолдаудың арқасында биыл осы орталықты аштым. Көпбалалылы ана болғандықтан мұндай қиындық менің басымнан да өтті. Балаларымды қалдыратын қауіпсіз жер таппаған соң барлығын ізіме ертіп жүретінмін. Сондай кезде бірер сағатқа баланы тастап кететін орталық ашсам деген идея келді. Бұған дейін жеке оқу орталығын ашқанмын. Ал жаңа орталықты ашу үшін көп ізденіп мемлекеттің қолдауына жүгінуді жөн көрдім. Соның нәтижесінде осы орталық ашылды. Орталықтың көмегіне жүгінетіндер көп. Қазіргі таңда 10 адамды жұмыспен қамтып отырмын. Біздің орталық 24/7 сағат демалыссыз жұмыс істейді. Алты айлық баладан бастап қабылдаймыз. Ата-аналар онлайн камера арқылы балаларын бақылай алады. Бұл жерде асхана жоқ. Орталық тарапынан балаларға тамақ беру қарастырылмаған. Тек баланың қауіпсіздігіне, тазалығына жауап береміз, – дейді орталық басшысы.
Орталықта 4 бейнекамера орнатылған. Бөлме іші талапқа сай безендірілген. Сапалы ойыншықтар, балаға керекті құрал-жабдықтар да жеткілікті.
Орталыққа балаларын үнемі сеніп қалдыратын тұрақты ата-аналар да бар екен. Соның бірі – Бақыт Сухановамен тілдескен едік.
– Мен осы орталықтың ашылғанына қуандым. Себебі мен медициналық колледжде оқимын. Сабағым кешкі уақытта өтеді. Баланы қайда тастаймын деп қиналатынмын. 1 қыркүйектен бері осы орталықтың көмегіне сүйенемін. Арасында бейнекамерамен бақылап отырамын. Қазір ешқандай уайымсыз сабаққа барып келемін. Бұл жердегі қызметкерлер өте мейірімді. Ана үшін баланың сенімді қолда болғаны маңызды ғой. Сол үшін орталық қызметкерлеріне алғысым шексіз, – дейді жас ана.
Заман талабына сай бейімделген орталықтың ашылғанына аз ғана уақыт болса да, келушілердің саны толастамай тұрғанын байқадық. Кәсіпкердің ендігі мақсаты – орталықты кеңейтіп, бала санын арттыру.
Гауһар АСҚАРҚЫЗЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!