Сенбі, 21 маусым, 17:10

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№45,2158
21.06.2025
PDF мұрағаты

Сахна саңлақтарын самғатқан құт мекен

21.06.2025

53 0

Жақында Қазанғап атындағы жоғары музыка колледжіне аймақ басшысының  қолдауымен  заманауи үлгідегі жаңа ғимарат пайдалануға берілді.Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өнер қай­раткерлерінің лайықты ізін жалғайтын білім ордасының Сыр мәдениетінің қарашаңырағына айналғанын атап өтті.

– Елу жылға жуық тарихы бар Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжі Сыр топырағында ұрпақтан-ұрпаққа жал­ғасқан мәдени мұраның, ұлттық өнердің кемелденуіне зор үлес  қосып  келеді. Бүгінге дейін оқу орны талапқа сай келмейтін ескі ғимаратта қиындықтарға қарамастан жастарға білім беріп, өнерге баулыды. Жаңа ғимаратта студенттерге барлық жағдай жасалған. Үлкен кон­церт, би залдары, хор бөлмесі бар. Музыкалық пәндік кабинеттер жаңа заманауи құрал-жабдықтармен қам­тылған. Материалдық-техникалық ба­засы заман талабына сай келетін 200 орындық жатақхана шалғай елді мекеннен келген жас өрендерді қабылдауға дайын. Күн сайын жаңарып, жасарған Сыр өңірінің жаңа келбетіне көрік берген музыкалық колледждің ғимаратын са­луға демеушілік жасап, қолдау көрсеткені үшін «Саутс-Ойл» компаниясының басшысы, елімізге белгілі меценат Серікжан Сейтжанұлына алғыс білдіреміз, – деді ол.

Бұл күнде қасиетті қарашаңырақ Сыр өңірі өнерпаздарының алтын діңгегіне айналды. Колледждің түлектері қатарында елге танымал күйшілер, Қазақстанның  еңбек  сіңірген қайраткерлері Ерболат Мұстафаев, Төлепберген Тоқжанов, Бақытжан Дүйсенғазы, белгілі дирижер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қауымдастырылған профессор, философия докторы (PhD), «Құрмет» орденінің  иегері Мүсілім Әмзе, «Астана-опера» театры­ның әншісі Қазақстан­ның еңбек сіңірген қайрат­кері Бибігүл Жанұзақ, Мәлік Азат, Назым Сағынтай, Дәулеткерей атындағы халық аспап­тары ор­кестрінің көркемдік жетекшісі және бас ди­рижері Еркін Нұрымбетов, Абай атын­дағы опера және балет театрының  әншілері Тахауи Рахметов, эстрада әншілері Мадина Сәдуа­қа­со­ва, Алмас Кішкенбаев, Серік Ибрагимов­тер  еліміздің белді  ұжымдарында  еңбек  етуде.

Колледж жанынан құрылған халық аспапта­ры оркестрі, аралас хор, үрмелі аспаптар оркестрі, ішекті аспаптар оркестрі, домбырашылар, қо­бызшылар, сырнайшылар ансамблі, «Шаттық» би ансамблі республика, облыс және қала кө­лемінде өткен мәдени іс-шараларға белсене қатысып келеді.

Бүгінде колледж республика бойынша жо­ғары деңгейлі оқу орындарының қатарында. КСРО халық әртісі, қазақтың бұлбұлы Бибігүл Төлегенованың «Қазақстанда талантты жастар көп, соның ішінде Қызылорда облысының әнші­лерінің орны бір төбе» деген пікір білдірсе, әйгілі скрипкашы, ҚР халық әртісі, Еңбек ері, профессор Айман Мұсақожаева «Қазанғап атындағы Қызылорда му­зыка колледжі музыкалық білім беру саласындағы мамандандырылған оқу орындары арасында алдыңғы қатарда» деп баға берген еді.

Елу жылдық тарихы бар колледжде «Құрмет» ордені, «Ерен еңбегі үшін» және «Білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегерлері еңбек етіп келеді. 131 оқытушының көбі жоғары және бірінші санатты, сондай-ақ, магистр академиялық дәрежесін иеленген жастар да қызмет етеді.

– Колледж оқытушылары жыл сайын кәсіби деңгейін көтеріп, халықаралық байқауларда жоғары нәтиже көрсетумен келеді. Сонымен қатар студенттер «EURASIA PIANO FORUM» халықаралық деңгейде­гі фортепиано байқауы­на, республикалық XV ұлттық жастар дельфий ойындарына, В.Фоменко атындағы үрмелі және соқпалы аспаптарда орындаушылардың халық­аралық бай­қауына, Астана қаласында өткен «KAZAKH-CHORALFEST» хор дирижерлері­нің II халық­аралық байқауына, «Күй табиғаты» халықаралық күйшілер байқауына қатысып, жүлделі орын иеленіп, оқу орнының мерейін асқақтатып отыр, – дейді Қазанғап атындағы Қызылорда жоғары музыка колледжі дирек­торының міндетін атқарушы Мүсілім Әмзе.

Колледж оқытушылары білім сапасын арттыру мақсатында ғылыми жұ­мыспен айналысып, мазмұнды еңбектер жа­зуда. Атап айтқанда, оқытушы А.Боранғұлованың «Некоторые вопросы методики преподавания по специальности» оқу-әдістемелік құралы, А.Рысдаулетованың «Гамма, жаттығу және этюдтермен жұмыс істеуге арналған мето­дикалық  нұсқаулық», С.Пусурманованың «Прима қобыз аспабында оқыту», М.Жаманкеева, М.Каримованың  «Хортану және хормен жұмыс жасау» пәнінен тест жинағы, Р.Мұстафаева, Р.Рысмағамбетовтің «Балаларға музыкалық тәрбие беру әдістемесі» пәні бойынша тест жинақтары, М.Ахметовтің «Өскелең ұрпаққа көркемдік және эстетика­лық тәрбие беру жөніндегі музыканың рөлі», С.Қалдыбек­қызының «Музыкалық тео­­рия пәні­нің маңыздылығы» әдістемелік құра­лы, М.Әмзенің қаламынан туған «Мәлік Жаппасбаев­тың музыка мұрасы» оқу құралы мен «Қазақстан дирижерлік өнері: қалыптасу та­рихы мен даму кезеңдері» монографиясы оқы­тушылар мен студенттердің сұранысына ие.

2011 жылы колледж жанынан ашылған балалар музыка мектебі 150-ге жуық оқушы қабылдап, өрісін кеңейтіп, мектеп бишілері Испанияда өткен халықаралық конкурста І орын, халықаралық «Бозторғай» конкурсында І орын иемденді. 2016 жылы ән салу бөлімінің оқушылары Эстонияда өткен ІІ халықаралық Георг Отс атындағы конкурсында  лауреат атанса, сол жылы  Петербор қаласында өткен Е.Образцова атындағы VІ халықаралық вокал конкурсында мектеп оқушысы Абылай Өтегенов арнайы жүлдемен марапатталды. Музыка мектебінің көптеген түлегі бүгінде колледж студенті атанды.

Қазақ халқының ұлттық музыка өнерін талантты ұрпақ бойына сіңіріп, олардың әлемдік сахналарда өнер көрсетуіне тынымсыз еңбек етіп, Сыр бойының рухани гүлденуіне үлес қосып жүрген Қазанғап атындағы Қызылорда жоғары музыка колледжі ұжымының жұмысына сәттілік тілейміз.

Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: