Сенбі, 07 ақпан, 01:57

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№10 (2222)
07.02.2026
PDF мұрағаты

Сахна тоғыстырған қос талант

07.02.2026

43 0

Өнер айдынында тоғысқан  тағдырлардың да өз құпиясы бар.  Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Сырым Әбдразақов Нартай Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрының белді актеры болса, оның жұбайы Ақтолқын Төлеуова да  танымал актриса.  Екеуі 2013 жылы отбасын құрып, өнерде де, өмірде де қол ұстасып келеді. 

– Өнер жолы оңай емес. Жұбайымыз екеуміз үйде де кейіпкерді деген қиял әлемінде жүреміз. Балаларымыз да театрда өзімізбен бірге өсіп келеді. 1 қыз, 1 ұлымыз бар. Екеуінің де есімін өзім қойдым. Қызымның атын Табиғат деп атадым. Қызым өмірге келетін күннің алдында күн түнеріп тұрды да,  аспан кенет ашылып, бір керемет шырайға бөленді.  Ал ұлымның есімі – Райымбек. Ұстазым қазақ театрының майталманы Райымбек Сейтметовтің құрметіне қойдым. Негізі актер болам деп ойламадым. Бірақ домбыра тартып, ән айтып жүрдім.  Бала кезімде тауықтың қыт-қыттағанын,  түрлі жануардың дыбысын салатынмын. Жолсерік немесе милиция болсам деп ойладым. Алайда өмір жолым жаңа арнаға бұрылып, шығармашылық жолға түстім. Алғаш өнеріме қанат бітірген ұстазым, тарлан таланттар Райымбек Сейтметов, Ерғали Оразымбетов болды.   Ал Сыр еліне келгенде маған қолдау көрсеткен театр саңлағы, режиссер, ұстазым Хұсейін Әмір-Темір. Ал отбасымда жұбайым үнемі маған қолдау білдіреді, мен де оның шабытына қанат бітіріп отырамын.  Бір-біріміздің сахнада ойнаған рөлімізге баға береміз, кемшін тұсын айтуға намыстанбаймыз. Бір салада жұмыс істегеннің пайдасы осы.  Өзімді бақытты сезінемін, – дейді өнер иесі.

Сахна тоғыстырған қос талант

Өнерлі отбасыға облыс әкімдігі 2015 жылы жаңа баспана беріп, өнер иелеріне қолдау көрсеткен. Мұның бәрі ерлі зайыптылар­дың тынымсыз ізденісі мен еткен еңбегінің жемісі. Сырым Әбдразақов – Мәдениет саласының үздігі. Осы уақытқа дейін театр сахнасында М.Әуезовтың «Қаракөз» трагедиясын­да – Сырым, В.Шекспирдің «Макбет» трагедиясын­да 0150 Банко, Т.Ахтановтың «Ант» спектаклінде – Сауран, Ә.Тәжібаевтың «Екі дәурен, бір ғұмыр» драмасында – Мәлік, Иран-Ғайыптың «Қорқыттың көрі» спектаклін­де – Қорқыт, М.Сәрсекенің «Тендерге түскен келіншек» драмасында – Таубай, Б.Айдарбековтың «Қара мең» драмасында – Дәурен, Е.Төлеубайдың «Абай» трагедиясында – Күнту, Ә.Оразбековтың «Бір түп алма ағашы» драмасында – Ерғали және т.б. образдарды жоғары дәрежеде сомдап шықты. С.Әбдразақов театрда С.Балғабаевтың «Қыз жиырмаға толғанда» спектакліндегі Ғайыпберген рөлін сомдап, «Табысты дебюті үшін» номинациясымен марапатталды. Р.Отарбаевтың «Нарком Жүргенов» қойылымында – Темірбек, Д.Рамазанның «Абылай ханның арманы» тарихи драмасында – Абылай хан, А.Жапаровтың «Әйел тағдыры» драмасында – елші Қаленович, Ғ.Мүсіреповтің «Ақбаян» қойылымында – Сарыбай Ержан, Д.Исабековтың «Құстар фестивалі» мюзиклінде – Бүркіт, Иран-Ғайыптың «Мәңгілік елдің алтын адамы» драмалық дастанын­да – Арғынбай, И.Сапарбайдың «Сыған серенадасы» поэтикалық драмасында – Абзал, С.Досановтың «Адамзаттың анасы» екі бөлімді драмасында – Франклин Пирес, А.Чеховтың «Күзгі раушан гүлдері» драмасында – Войницкий Иван Петрович, А.Елгезектің «Болмаған балалық шақ» драмасында – Қалаң рөлі актердің шеберлігін көрсетеді. Халықаралық театр күні мерекесіне орай Иран-Ғайыптың «Қорқыт» спектакліндегі Қорқыт рөлі үшін «Ең үздік ер бейнесі» номинациясымен, облыс әкімінің Алғыс хатымен, Мәдениет және спорт министрлігінің Құрмет грамотасымен, 2021 жылы «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталған.

– Біздің аймақта өнер адамдарына қамқорлық ерекше. Өткен жылы осы салада еңбек етіп жүрген қаншама жас баспаналы болды. Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевқа алғысымыз шексіз. 2025 жыл отбасымыз үшін табысты жыл болды деп айта аламын. Жұбайым Ақтолқын Төлеуова «Жылдың үздік актрисасы» номинациясын иеленді. Ұзақ жылғы еңбегі бағаланғанына дән ризамыз, – дейді актер.

Ақтолқын Төлеуова сомдаған К. Әбдрахмановтың «Жауға шапқан мың баладағы» Сейсен, Р.Отарбаевтың «Мұстафа Шоқайдағы»  Мария, Қ.Сүйенішевтің «Кемпір шалдың кенжесі» комедиясын­да – Индира, М.Әуезовтың «Қара қыпшақ Қобыландысында»  Құртқа, С.Жүсіптің «Адам болып өтейін» драмасында – Айкүміс, О.Бодықовтың «Нартайында» – Үрмәш, Т.Ахтановтың «Антын­да»  – Бопай, Бәтима ханым, Ә.Тауасаровтың «Махаббат аралын­да»  –Айна, Р.Отарбаевтың «Қандыөзек» спектаклінде – Тоғжан, Т.Нардың «Төбекөзінде» – Меневше, Р.Отарбаевтың «Нарком Жүргенов» қойылымында – Күләш, А.Чеховтың «Күзгі раушан гүл­дері драмасында – Софья Александровна, И.Сапарбайдың «Сыған серенадасы» поэтикалық драмасында – Сағыныш, О.Нұрмахановтың «Көрұғлы» рухнамасында – Ақалай, С.Жүнісовтің «Қысылғаннан қыз болдық» музыкалық комедиясында – Айгүл, Ә.Оразбековтың «Бір түп алма ағашы» драмасында – Ләйлә өзге де рөльдерді үлкен ізденіс пен шығармашылық шеберлікпен орындап шыққан.

Шаңырақтың шырайын кіргізіп, отбасылық өмірде де, өнер сахнасында да абыройы асқақтап жүрген құстың қос қанатындай талант иелерінің жұлдызды сәттері көп болғай!

Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: