Жаздың аптап ыстығынан сая іздеген жұрттың жаз бойы ағылатын бірден-бір мекені – орталық мәдениет және демалыс саябағы. Көктемнің алғашқы күнінен бастап, күздің соңына дейін тұрғындардың демалыс орнына айналған саябақтың орны бөлек.
Саябақ қазіргі таңда күрделі жөндеуден өтуде. Бұл жобаны қолға алған мердігер «BIGLOBAL» құрылыс компаниясы. Тұрғындар жаңарған саябақтың ашылуын асыға күтіп жүр. Саябақтағы қарбалас жұмысты көзбен көру үшін арнайы бардық. Құрылыс алаңында қайнаған тіршілік, техникалар гүрілі мен жұмысшылардың тынымсыз еңбегін көрдік. Жаңарған жолдар, төселген брусчаткалар, аллеялар – бәрі де көрсе көз тоятындай.
Жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес жер телімінің жалпы ауданы 6,046 гектар. Оның ішінде 3954,3 шаршы метрге ғимараттар мен бетон скейтпаркі салынады, 23815,7 шаршы метрі көгалдандырылып, 544 ағаш, 2 122 шаршы метрге қылқан жапырақты және жапырақты ағаштар отырғызылады..

Нысан басындағы жауапты маман Еламан Қазикеш саябақтағы жұмыс барысымен таныстырды.
– Алдымен саябақтың маңызды бөлігі саналатын басты аллеяларды абаттандырдық. Қазіргі таңда ұзындығы 92 метрлік және 120 метрлік екі негізгі фонтан аллеясы жаңартылды. Бұл аллеялар бойымен 45 дөңгелек жаяу жүргінші фонтаны, 57 классикалық фонтан, сондай-ақ түрлі жарықпен жабдықталған 22 динамикалық субұрқақ орнатылды. Саябақтағы барлық аттракцион техникалық талаптарға сай келеді. Ең бастысы, қауіпсіздік екені назардан тыс қалмақ емес. Барлық аттракцион арнайы сертификатталған, техникалық тексеруден өткен. Қауіпсіздік – басты назарда болды. Жабдықтардың барлығы еуропалық стандартқа сай келетін, экологиялық зиянсыз материалдардан жасалған, – дейді мердігер компания өкілі Е. Қазикеш
Маманның айтуынша, балаларға және ересектерге лайық аттракциондар алуан түрлі.
– Атап айтсақ, жобада памп трек, айналма доңғалақ, «Зымыран», «Маятник», «Телекомбат», «Экспресс», тізбекті карусель, су аттракционы, «Ролик», «Ролик (миксер)», «Кеме», «Айналмалы мұнара», машиналар, «Минижет», «Отбасылық пойыз», кафе ғимаратын орналастыруға арналған алаң (инвестициялық жоба) және балалар ойын алаңы қарастырылған. Бұлардың барлығы лицензияланған, қауіпсіздігі жан-жақты тексерілген. Ал «Айналма дөңгелегінің» биіктігі бұрынғыдан біршама жоғарылады. Кабиналар ішіне ауа салқындатқыш орнатылып, жеке қоршаумен жабдықталған. Қауіпсіздік пен жайлылық қатар ескерілді. Айналма дөңгелектің жанында және аттракциондар паркінің орталық алаңында фуд-корт аймағы орналасқан, – дейді бізге саябақтағы қарбалас жұмыс барысын көрсеткен Е.Қазикеш
Саябақта демалушыларға арналған мәрмәр орындықтар, «Галька» типті демалыс орындығы, көлеңкелі шатырлар, жапон бағы, фонтандар, жаяу көпірлер – бәрі де ерекше талғаммен салынуда.
– Бұл саябақ тек серуендеуге емес, салауатты өмір салтын ұстанатын адамдарға да ыңғайлы. Осы мақсатта бетонды скейт-парк, workout алаңдары, футбол алаңы, теннис үстелі, баскетбол мен волейбол алаңдары орнатылып жатыр. 105 орынға арналған амфитеатр, түрлі мәдени шараларды өткізуге ыңғайластырылды, – дейді Еламан Қазикеш.
Фитнеспен айналысатындарға арналған құрылғылар мен стритбол, паркур алаңдары да ойластырылған. Сонымен бірге жасанды тоған, тоған үстіндегі көпір, жаяу жүргінші каналдары, сарқырама жолдары, шахмат үстелдері, арқан саябағы сияқты элементтер бұл жерді тек жай серуен емес, рухани тынығу орталығына айналдырып отыр.
Орталық саябақтың жаңарғаны тұрғындар үшін үлкен қуаныш. Мұнда келушілерге барлық жағдай жасалып жатыр. Жаңа кейіпке енген саябақ енді бұрынғыдан да әдемі, жайлы және қауіпсіз болмақ.
Нұржан НҰҒЫМАДИЛЛА
Суреттерді түсірген
Нұрболат НҰРЖАУБАЙ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!