Дүйсенбі, 31 наурыз, 17:02

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№22,2135
29.03.2025
PDF мұрағаты

Саябақтағы құрылыс қарқынды

29.03.2025

579 0

Бас шаһардың төріндегі қалалық демалыс паркінің жаңарып, тұрғындарға есігін айқара ашуына аз ғана уақыт қалды. Бүгінде мұндағы құрылыс жұмыстары қарқынды жүруде. Нысанды сапалы және уақытылы жөндеп, пайдалануға беру үшін мұнда 160-қа жуық маман жұмылдырылған.

Өткен жылы облыс әкімі қалада тұрғындардың тиімді демалуына жағдай жасау керегін нықтап айтқан болатын. Оның ішінде қалалық демалыс паркінің талапқа сай демалыс орны болу керегіне ерекше маңыз берді. Тұрғындар тарапынан да демалыс паркінің тамақтану орнына айналып, кәуапханаларға толғаны сан мәрте сөз болды. Міне, аймақ басшысының тапсырмасы негізінде демалыс орны талапқа сай қайта жасақталып жатыр.

Мамандардың айтуынша, мұнда жасыл-желектер көбейтіліп, көгалдандыру бағытына басымдық берілмек. Ал бұрынғы көнерген жарықшамдардың орнын жаңа үлгідегі заманауи жарықшамдар басады. Балаларға арналған ойын алаңдары мен демалушылар үшін жайлы орындықтар мен көлеңкелі шатырлар қойылады. Сонымен қатар субұрқақтар іске қосылады. Жаңғырту жұмыстары аясында тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығы басты назарда.

Бүгінде құрылыс алаңында 160-қа жуық маман тынымсыз тер төгуде. Құрылыстың жылдам жүруіне 25 арнайы техниканың да себі тиіп келеді. Мамандар жұмысты жаз маусымына дейін аяқтау мақсатында қосымша 200 құрылысшы қосылатынын айтады. Қазіргі таңда 6 гектарға жуық аумақтағы құрылыс жұмыстарының жартысынан көбі біткен.

– Осы күні субұрқақ құрылысы да толықтай аяқталып, тек су құбырын жүргізу жұмыстары қалды. Тұрғындардың демалысын қызықты өткізуге 20-ға жуық аттракцион қойылады. Қала қонақтарына ұялмай көрсетуге болатындай саябақ болады деген үмітіміз бар, – дейді құрылыс компаниясының өкілі Нұрдәулет Сағынбайұлы.

Тұрғындардың балаларын алаңсыз ойнатып, серуендететін саябақтар, ойын алаңдары қауіпсіз әрі қолжетімді болуы тиіс. Бұл – ең маңызды іс.

– Осы сәтте негізгі жұмыстың 60-70 пайызын аяқтадық. Ендігі қалғаны – су құбыры, аттракциондар және жарық шамдарды орнату. Аттракциондарды орнату бір апта ішінде басталады. Саябақтың толықтай жаңарту жұмысының аяқталуын мамыр айына жоспарладық, – дейді  Нұрдәулет Сағынбайұлы.

Мұндағы құрылысшылар әрбір жұмысты тиянақты әрі уақытылы орындап жүр. Олар «ел игілігі жолындағы қызметім» деп ұғып, ерекше ынтамен кіріскен.

– Жұмысыңның нәтижесі ел игілігіне бағытталып жатса, қалай қуанбайсың?! Әрбір қалаған кірпішіңнің рахатын ел көреді.  Керемет емес пе?! Өмірге жай келіп-кету үшін емес, ізіңді қалдыру үшін жүресің. Сенің қолыңнан шыққан дүниенің ертеңгі күні ел кәдесіне асып жатқаны, халықтың тынығып, серуендейтін, тіпті мыңдаған адамға қызмет ететін нысанның құрылысына титтей де болса үлесіңнің тигені – зор бақыт, – дейді құрылысшы Нұрлыбек Еділұлы.

Саябақтағы құрылыс қарқынды

Еңбегін елге арнаған азаматтардың сұхбат беруге де уақыты жоқ. Өйткені сынаптай сырғыған уақыт зулап өткенде межелі мерзімде бітіре алмау – құрылысшыға сын. Сондықтан олардың тынымсыз еңбек етіп, сағатпен санаспауы да орынды.

Мерейім ӘЛІБАТЫР,

Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дің

3-курс студенті

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: