Бейсенбі, 21 қараша, 22:10

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№92-2102
19.11.2024
PDF мұрағаты

Саяси серке көз жұмды

02.03.2024

517 0

Сурет: unian.net

Әлемдік БАҚ соңғы аптада атышулы оппозиция көсемі Алексей Навальныйдың қазасын талқылауда. Тағы да оқиға ортасында Ресей, Путин, жүйе. Себебі Навальный 2021 жылдан бері қамауға алынып, биыл 16 ақпанда түрмеде жан тапсырды. Ресми билік өлім себебін тұтқынның денсаулығына сілтегенімен, марқұмның жақындары мен белсенділер оқи­ғаны қастандыққа балауда. Осы орайда CNN арнасының бір топ журналисі – Радина Гигова, Натан Ходж, Сахар Акбарзай және Джек Гай арнайы репортаж әзірлеп, оқиғаны егжей-тегжей баяндаған.

Иә, бұдан бірнеше жыл бұрын Навальныйдың улануы, Ресейге қайта келіп, тұтқынға түсуі, елішілік митингтер туралы біршама дау болғаны мәлім. Тіпті газетімізге (№96 нөмір) «Хан сарайынан» шық­қан шу немесе Навальный деген кім?» деп арнайы шолу жарияланған болатынбыз. Сондықтан басылымның тұрақты оқырмандары саясаткердің өмір жолымен жақсы таныс деген ойдамыз. Әйтсе де мақала тұздығы үшін азын-аулақ ақпарат бере кетейік.

2021 жылдың тамыз айында әлемдік БАҚ Кремльді сынның астына алған Алексей Навальный орыстардың «Новичок» әскери уымен уланып, ес-түссіз күйінде Германияға жеткізілді деген ақпарды жарыса жазған болатын. Ресей билігі тағылған айыпты жоққа шығарып, оқиғаның өздеріне түк те қатысы жоғын айтып ақталған. Содан бері басты кейіпкер Германияда ем алып, артынша Мәскеуге қайта оралып еді. Оралуын оралды, алайда ел астанасындағы Шереметьево әуежайынан қолына кісен салынып, қамауға алынды. Уақыт – 17 қаңтар.

Араға екі күн салып, яғни 19 қаңтарда мәселенің екінші толқыны орын алды. Ол – А.Навальныйдің «youtube» арнасында жарияланған «Путин сарайы: Ең ауқымды пара тарихы» атты деректі фильм. Онда автор федерация президентінің жемқорлық жолымен еншілеген ауқымды сарайының қызмет ақысы, құрылыс жоспары, меншік иесі, аймаққа кіру-шығу жолының тежелуі секілді маңызды мәселеге талдау жасайды. Түптеп келгенде, мұндай ен байлық заңсыз жолмен пайда болды деген болжам шығарған.

Міне, осындай батыл қадам Ресей билігінің Навальныйды «батыс жансызы» деп танып, тұтқындауға итермеледі. Сарапшылар бұл әрекетті журналистің бұған дейін жасаған зерттеуіне қарымта жауап деп қабылдап, ел билігін айыптаған болатын. Себебі ол 2002 жылы «Газпром», «Роснефть», «Транснефть» және «Газпром нефть» мемлекеттік корпорациялардың қазынадан қаржы жымқырғанын дәлелдеуге тырысқан еді. Сонымен қатар 2012 жылы шенеуніктерге құны 1,5 млн рубльден қым­бат қызметтік көлік сатып алуды тоқтататын заң жобасын әзірлеумен де аты шыққан. Заң жобасына электронды қол жиналып, нәтижесінде РФ мем­лекеттік қызметкерлерге бюджет қаржысына қым­бат көлік  сатып алуды тоқтататын тәртіп бекітті. Осындай жетістіктерден соң А.Навальный видеоблог жүргізуді қолға алып, Игорь Шувалов пен Дмитрий Медведев секілді лауазым иелерінің заңсыз қаржы көздерін әшкерелеуге кіріскен. Соңғы зерттеу  президент мүлкімен түйінделді.

Оппозиционер қазасынан соң CNN тілшілері сәт сайын ол түсірген деректі фильмдер сілтемесін сайтқа жариялауды тоқтатқан жоқ. Жоғарыда аталған зерттеудің барлығы арна сайтында топталған.

«Алексей Навальный «Полярный волк» атты ерекше режимдегі түрмеге қамалған болатын. 16 ақпан күні күндізгі серуеннен соң оның жағдайы күрт нашарлағаны хабарланды. Ондағы дәрігерлер науқасты тексеріп, дереу жедел жәрдем қызметін шақырған. Алайда көмек жеткен кезде Навальный өлі күйде болғаны дәлелденген» – дейді тілшілер.

Бұл оқиғадан саяси астар іздеуші көп. Оған себеп те жоқ емес. Мысалы, оппозиционер бұрын 11 жылға сотталса, өткен жылдың тамызында сот үстемелеп, жазаға 19 жыл қосып берген. Навальныйдың өзі кінәсіз екенін дәлелдеуге тырысқанымен, еш нәтиже шықпады.

Оның үстіне оппозиция өкілі Ресейдегі президент сайлауы бірнеше апта қалғанда қаза болуы да күдікті молайтуда. 17 наурызда өтетін саяси науқанды алдын ала болжаған сарапшылар сөзінше, Путин 5-ші мәрте билікке келіп, 2030 жылға дейін Ресей басшысы болуы ықтимал.

«Навальныйдың командасы мен әйелі Ресейден қуылғандықтан саясаткердің денесін алу, жерлеу рәсімін ұйымдастыру оның анасы Людмила Навальнаяның мойнына түскен. Қазіргі таңда оп­позиционердің анасы Сібірдің Салехард қаласына келіп, мәйітханадағы баласының денесін алуда.

Қызығы, Людмила Навальнаяға тұтқынның қаза тапқаны жайлы хабарды 16 ақпан күні сағат 14:17-де естірткен. Ал Навальный қамалған «Полярный волк» түрмесінде серуен таңертең немесе ымыртта жасалады. Мұны саясаткер бірнеше мәрте айтқан болатын. Оның үстіне  14 ақпан күні қорғаушымен кездесуде денсаулығынан кінәрат байқалмаған», – делінген репортажда.

Түрме әкімшілігі қойылған диагнозға сенсек, марқұм ажалы өкпе артериясының эмболиясынан, яғни тамырдағы қан ұюынан келді деп көрсетілген. CNN тілшілері бұл себепке сенбей, аталған диагноздың қалай әсер ететінін арнайы маманнан сұрауды ұмытпаған. Израильдегі анестезиолог дәрігер Михаил Фремдерманмен байланысу арқылы оқиғаға дендей еніпті. Сала маманы да Ресей тарапы мәлімдеген диагнозға аса сенім білдірмей, екіұшты жауап қайтарған: «Мұнда айтарлық түк жоқ, өкпе артериясының эмболиясы — жедел жәрдем қызметкерлерінің жиі қолданатын әдісі. Мұндай диагнозды марқұмның денесін тексеру арқылы да анықтау мүмкін емес. Демек, ойға келгенді жазуға болады» – деген Фремдерман. Бұл – маман пікірі.

«Юлия Навальная өзінің бейнеүндеуінде күйеуінің қалай қаза болғанын білетінін айтуда. Ол оппозиционерді Путин өлтірді деген ойда. Мұны дәлелдеп, бұл жауыз әрекетті кім және қалай ұйымдастырғанын жариялауға уәде берді.

Белгілі болғандай, қазір Алексей Навальныйдың өлімін зерттеумен журналист-тергеуші  Христо Грозев айналысуда. Бұл тегін емес. Себебі дәл осы Грозев 2020 жылы Навальныйды улаған адамдарды тауып, зерттеу жариялаған болатын. Тыңғылықты ізденіс нәтижесінде ол кездегі қастандық жасаған ФСБ-ның қызметкерлері екені анықталған еді», – дейді тілшілер.

Әрине, батыс елдері тұтқынға түскен оппозиция серкесін босатуға бірнеше мәрте талпынғанын білеміз. Халықаралық келісім жүріп, РФ президентімен мәміле де болған. Өзара келісім бойынша Навальный мен екі АҚШ азаматы ресейлік баскесер Вадим Красиковке айырбасталатын еді. Путин тұтқын ауысу процесіне дайын екенін биыл Такер Карлсонмен болған сұхбатта да қайталағаны бар. Өкініштісі, келіссөздің соңғы деңгейіне келгенде бас кейіпкер қаза тапты.

P.S. Бүгінде Навальныйдың саяси жүрісін әйелі қайталауда. Жарының қазасынан соң ел алдына шыққан ол оппозицияға дендей енетінін аңғартты. Жарымен қоштасу сөзінде Юлия: «Менің күйеуім Ресейдің азат та ғажап болашағын көре алмай кетті. Бірақ ол күнге біз жетуіміз керек. Күйеуімнің арманын орындауға барымды саламын. Түбінде зұлымдық жоғалады, жарқын болашақ келеді», – деп ақтарылды.

Түпнұсқадан аударып, шолу жасаған

Ерсін ШАМШАДИН

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: