Халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан бай мұрасы – салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптар ұлттың рухани болмысының өзегі. Қазақ халқы үшін салт-дәстүр тек тұрмыс-тіршіліктің бір бөлігі емес, ол – ұрпақ тәрбиесінің алтын қазығы, адамгершіліктің, ізгіліктің бастауы. Әр дәстүрдің түп тамырында ұрпаққа бағытталған тәрбие, өнеге және өмірлік даналық жатыр. Қазақ халқы салт-дәстүр арқылы көптеген мақал-мәтелдің көмегімен жас буынды адамгершілікке, инабаттылыққа, еңбексүйгіштікке, қамқорлық секілді қасиеттерге баулыған.
Қазақ халқының бала тәрбиелеу дәстүрі ауыз әдебиетінде айқын көрініс табады. Ауыз әдебиетінде өлең-жыр, әңгімелер, дастандар, батырлар жыры сияқты туындылар ерекше орын алады. Олар халықтың тұрмыс-тіршілігін, арман-мақсатын, өмірлік ұстанымдарын бейнелеп қана қоймай, ұрпақ тәрбиесіне де үлкен әсерін тигізеді. Осындай ауыз әдебиеті үлгілері арқылы ата-бабамыз жас ұрпақты елін, жерін сүюге, ерлікке, адамгершілікке, адалдыққа баулыған. Бұл мұралар – ұлттың рухани байлығы, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан асыл қазына.
«Сәлем – сөздің анасы», «Кішіпейілділік – кісілік белгісі» сияқты ұлағатты ұғымдар да ұлттық дәстүрден бастау алады. Үлкенге құрмет, кішіден ізет, ата-ананы ардақтау, қонақжайлық пен қайырымдылық – барлығы да ұрпақ тәрбиесінде алар орны ерекше. Ата-бабамыз ұл баланың тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген, себебі ол ертеңгі абыройлы әке, қадірлі отағасы, елді қорғайтын батыр, би, шаңырақтың иесі. Көбіне ұл баланың тәрбесімен әкесі айналасқан. «Ата көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дей келе, әкесі өзінің бойында бар барлық өнерді ұлдарына үйреткен, ұл баланы темірден мықты болуға, бір сөзбен айтқанда, «сегіз қырлы, бір сырлы» жігіт етіп тәрбиелеген.
Қазақ халқы қыз тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. Себебі қыз – ұлттың ары мен абыройы, ұрпақтың анасы, шаңырақтың шуағы. «Қыз өссе, елдің көркі» деген аталы сөздің астарында терең мән жатыр. Қыз баланың тәрбиесі бүкіл ұлттың тәрбиесімен тең. «Қыздың жолы жіңішке» деп, оның әрбір қимылына, сөзіне, жүріс-тұрысына мән берген. Қыз тәрбиесінде ананың рөлі ерекше. Ана өз қызына үлгі болып, өмірдің мәнін, отбасының қадірін үйреткен. Ал әке қызға қорған, сенім мен құрметтің тірегі болған. Қазақ дәстүрінде «Бесік той», «Сырға салу», «Қыз ұзату» сияқты салт-дәстүр қыз баланың өмір жолындағы маңызды кезеңдерді бейнелейді. Бұл дәстүрлер арқылы қызының қадірін арттырып, оның абыройын қорғауға ерекше көңіл бөлген.
Қазіргі кезеңде салт-дәстүр өз ерекшелігін жоғалтқан жоқ. «Кіндік кесу», «Бесікке салу», «Ат қою», «Қырқынан шығару», «Шілдехана», «Бесік той», «Тұсау кесу», «Сүндет тойы», «Құда түсу» тойы, «Қалыңмал», «Қыз ұзату» тойы, «Келін түсіру» тойы, «Тілашар» т.б салт-дәстүрлер өз құндылығын жоғалтқан емес. Ұлттық ойындар, ұлттық киімдер, ұлттық тағамдар ұлттың тәрбиесінде алатын орны маңызды. Отбасындағы қолға су құю, дастархан басына шақыру, шай құю, кесе әперу, асатудың ұрпақ тәрбиесіне өнеге, шынайы махаббатты, сыйластық секілді құндылықтарды бойына сіңіреді.
Ежелден «Адам ақылымен сымбатты» деген ата-бабамыз ұлттық ойындарды бала тәрбиесіне лайықтап, шебер пайдалана білген. Ұлттық ойындар екі жауапты қызметті атқарады: біріншіден, баланы шымыр, епті қылса, екіншіден, әдет-ғұрыптарды қастерлеуге талпындырады.
Қазақ халқының салт-дәстүрлері – ұлттың рухани байлығы мен мәдениетінің негізі. Ол ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, жас ұрпақты адамгершілікке, үлкенді құрметтеуге, еңбекқорлық пен елжандылыққа баулиды. Салт-дәстүр арқылы бала өз халқының тарихын, тілін, дүниетанымын терең түсінеді.
Арайлым Жалғас,
Мәншүк Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің студенті
Жетекшісі: Бақытжан Ахунов.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!