Осы аптада қалалық мәслихаттың кезектен тыс ХХХХІV сессиясы өтті. Қалалық мәслихат төрағасы Ибадулла Құттықожаевтың төрағалығымен өткен сессияға қала әкімінің орынбасары Арнұр Нұрмағанбетов, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздық, қалалық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Фердоуси Қожабергенов, қалалық аумақтық комиссия төрағасы Ғалым Баймырзаев, қалалық дербес бөлімдер мен мекемелердің басшылары, бұқаралық ақпарат құралы өкілдері қатысты.
Сессияда 6 мәселе халық қалаулыларының назарына ұсынылып талқыланды. Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Кенже Құрақбаева «Қызылорда қаласында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы» қалалық мәслихаттың 2023 жылғы 14 қыркүйектегі № 63-8/5 шешіміне өзгерістер енгізу туралы» хабарлама жасады.
Бөлім басшысы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хатына сәйкес, аталған шешім жобасы «Ашық НҚА» интернет-порталында жария талқыланып, қалалық қоғамдық кеңестен ұсыным алғандығын жеткізді. Соның негізінде қала аумағында тұратын 1986 жылы 17-18 желтоқсан оқиғасына қатысқаны үшін қуғын-сүргінге ұшыраған адамдарға біржолғы әлеуметтік көмекті 60 АЕК мөлшеріне көбейтуді және табысы аз отбасынан шыққан балаларға оқу жылы кезеңінде қоғамдық көлікте жол жүру ақысына ай сайын 1 АЕК мөлшерінде көмектесуге ұсыныс жасады. Ұсынысты депутаттар қолдап, мәселе оң шешімін тапты.
Мұнан соң «Қызылорда қаласының кейбір құрамдас бөліктеріне атау беру және қайта атау туралы» қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Айдын Қайруллаев хабарлама жасап, онда «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» заңына және «Әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту кезінде тиісті аумақ халқының пікірін ескеру қағидасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2023 жылғы 1 тамыздағы №211 бұйрығына сәйкес 1 соғыс ардагерінің және ерлікпен қаза тапқан күштік құрылымның 6 қызметкерінің есімін қаладағы Бәйтерек, Саяхат шағын ауданындағы №15,19,17,19,23,28 көшелерге беру туралы ұсынысты мақұлдап, қала әкімдігі мен қалалық мәслихаттың бірлескен шешімімен республикалық ономастика комиссиясының қарауына ұсынды.
Сонымен қатар сессияның күн тәртібіне ұсынылған «Қызылорда қаласында оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолдану кезінде салық мөлшерлемесінің мөлшерін төмендету туралы», «Қызылорда қаласы бойынша бөлшек салықтың арнаулы салық режимін қолдану кезінде мөлшерлеме көлемін төмендету туралы» Қызылорда қалалық мәслихатының 2023 жылғы 30 маусымдағы №45-5/1 шешімінің күші жойылды деп тану туралы, «Қызылорда қаласында жер салығының мөлшерлемелерін жоғарылату туралы» және «Қызылорда қалалық жер комиссиясының құрамын бекіту туралы» Қызылорда қалалық мәслихатының 2025 жылғы 15 тамыздағы №287-40/2 шешіміне өзгеріс енгізу туралы» мәселе бойынша қалалық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Мұхтар Жетілгенов, қалалық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Мейрамбек Әжібеков хабарлама жасап, депутаттардың сауалына жауап берді.
Айта кетейік, 2025 жылғы 18 шілдеде елімізде жаңа салық кодексі қабылданды және ол 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енбек. Жаңа салық кодексі күшіне енгеннен кейін 2017 жылы қабылданған кодекстің күші жойылады.
Жаңа салық кодексінің 726-бабына сәйкес, жергілікті өкілді органның оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолдану кезінде салық мөлшерлемесінің 4 пайыздық мөлшерін төмендетуге немесе көтеруге құқығы бар. Мұндай шешімді жергілікті өкілді орган осы жылдың 1 желтоқсанынан кешіктірмей қабылданып, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілуі керек.

Осыған орай, қалалық мәслихаттың қарауына «Қызылорда қаласында оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолдану кезінде төлем көзінен ұсталатын салықты қоспағанда, корпоративтік немесе жеке табыс салығы мөлшерлемесінің мөлшерін 4 пайыздан 2 пайызға дейін төмендету туралы» шешім жобасы мен «Қызылорда қаласы бойынша бөлшек салықтың арнаулы салық режимін қолдану кезінде мөлшерлеме көлемін төмендету туралы» Қызылорда қалалық мәслихатының 2023 жылғы 30 маусымдағы №45-5/1 шешімінің күші жойылды деп тану туралы» шешім жобасын бекіту ұсынылды.
Мамандардың айтуынша, салық мөлшерлемесінің төмендеуі кәсіпкерлер арасында салық төлеуден жалтару мәселесін азайтуға және бизнес-ахуалды жақсартып, көлеңкеден шығаруға септігін тигізеді. Бүгінде қалада тіркелген жеке кәсіпкерлер – 27423, заңды тұлға – 8323. Оның ішінде бөлшек салығы арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеуші – 2054. Арнаулы салық режимімен 109 заңды тұлға және 1041 жеке кәсіпкер 2% мөлшерде төлем жүргізуде. Аталған шешім жобасына ҚР Әділет министрлігінен келісім, қалалық қоғамдық кеңестен ұсыным, облыстық кәсіпкерлер палатасынан қорытынды алынған және «Ашық НҚА» интернет-порталында жарияланған.
Сонымен қатар сессия барысында қалалық жер комиссиясының құрамына өзгеріс енгізілді және қала бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы мен қала әкімдігі жер салығының жоспарланған түсімін орындау үшін жер салығының базалық мөлшерлемесін 35 пайызға жоғарылатуды ұсынды. Шешім жобасына облыстық кәсіпкерлер палатасынан қорытынды, қалалық қоғамдық кеңестен ұсыным алынып, «Ашық НҚА» интернет-порталында жарияланған.
Жаңа салық кодексінде көрсетілгендей, жергілiктi өкiлдi органдардың еліміздегі жер заңнамасына сәйкес жүргiзiлетiн жердi аймаққа бөлу жобасы негiзiнде жер салығының мөлшерлемесін осы кодекстiң 577, 578-баптарында белгiленген жер салығының базалық мөлшерлемесінің 50 пайызынан асырмай азайтуға немесе арттыруға құқығы бар.
Сессияға ұсынылған мәселелерді қарау барысында депутаттар бірқатар ұсыныс айтып, тиісті шешім қабылдады.
Гауһар АСҚАРҚЫЗЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!