Сейсенбі, 04 наурыз, 09:04

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№16,2129
01.03.2025
PDF мұрағаты

Салық шегерімін қалай қолданамыз?

28.01.2025

387 0

Фото: Н. Нұржаубай

Жыл басында салық кодексіне енгізілген өзгеріс көпбалалы аналарды қуантты. Атап айтсақ, 2025 жылдан бастап Қазақстанда көпбалалы отбасылардың табысын салықтан босатуға мүмкіндік беретін жаңа салық жеңілдіктері күшіне енді. Енді 4 немесе одан да көп балалы отбасылар жылына 100 мыңнан аса ақшасын жеке салықтан үнемдеп қала алады. Бұл қадам – еліміздегі әлеуметтік саясаттың маңызды бөлігі.  Сонымен қатар қоғамдағы әлеуметтік әділеттілікті нығайтуға бағытталған.

Сарапшылардың пікірінше, салық кодексіндегі бұл жаңашылдық көпбалалы отбасылар үшін тиімді болмақ. Сондықтан барлық құжаттарды дұрыс рәсімдеп, қажетті өтінімдерді уақытында беру қажет. Бұл жағдайда отбасылар салық шығындарын азайтып, өздеріне қажетті қаржылық ресурстарды тиімді пайдалана алады.

Салықтық шегерім дегеніміз – жеке тұлғаның табысынан есептелетін, салық мөлшерін азайтуға мүмкіндік беретін заңды жеңілдік. Басқаша айтқанда, белгілі бір шарттар орын­далғанда, сіздің жалақыңыздан ұста­лып қалатын салық сомасы кемиді. Ешкім ешқандай ақшаны қолға бермейді. Яғни үкіметтің белгілі бір санатқа жататын азаматтарға көрсетіп отыр­ған жеңілдігі. 2025 жылғы өзгертілген салық шегерімдері жөнінде сарапшы Балжан Бақытқалиқызы «Egemen Qazaqstan»  газетінде кеңінен түсіндіріп айтады.

– Салық шегерімі қалай есеп­теледі? Талдап көрелік. Сіз бір жерде жұмыс істейсіз. Ай сайын жа­ла­қы аласыз. Сол ақшадан айына мін­детті түрде 10% зейнетақы аударымына, 2% медициналық сақтандыруға, тағы 10% жеке табыс салығы ұста­лады. Бұл қалыпты жағдайда. Енді салық­тық шегерім осы жерде өз қызметін атқарады. Мысалы, сіз 200 мың теңге айлық аласыз делік. Содан жоғарыда айтқан пайызға сүйенсек, 20 мың теңге зейнетақыға, 4 мың теңге медициналық сақтандыруға кетеді. 176 мың теңге қалды. Осы тұста санатыңызға байланысты салықтық шегерім жасалады. Мәсе­лен, са­лық­тық шегерімді 23 АЕК деп алайық. Ол – көпбалалы отбасы санаты. Бір АЕК 3932 екенін ескерсек, 90436 теңге салықтық шегерім жасалады. 176 000-нан 90436-ны азайтсақ, 85564 қалады. Енді 10% жеке табыс салығы сіздің 176 мың теңгеңізден емес, 85 мың теңгеден алынады. Ол – 8556 теңге. Демек, нақты қолыңызға алатын айлығыңыз арта түседі (200 000 – 20 000 – 4 000 -8556=167 444). Ал салықтық шегерім жасал­маған кезде 158 мың аласыз. Шегерім жасалса, 168 мың теңгеге жуық айлық аласыз, – дейді сарапшы Балжан Бақытқалиқызы.

Салықтық жеңілдікті алу үшін жұмысыңыздағы есеп бөліміне балалардың туу туралы куәлігінің көшірмесін өткізсеңіз жеткілікті.

Салық жеңілдіктерінің мөлшеріне тоқталсақ:

Отбасындағы ерлі-зайыптының бірі 23 АЕК жеңілдік алады, яғни 2025 жылы – 90 436 теңге. Ал егер жеңілдік екеуіне тең бөлінсе, әрқайсысы 12 АЕК 47 184 теңге мөлшерінде пайдалана алады.

Жеңілдікті қолдану шарттарына келсек, салықтық жеңілдік келесі жағдайларда беріледі. Отбасында 1 қаңтардағы жағдай бойынша 18 жасқа толмаған төрт немесе одан көп бала болуы қажет. Ал егер төртінші балаңыз 2025 жылы дүниеге келген болса, 2026 жылы ғана бұл өзгеріс бойынша салық көлемі жеңілдетіледі.

– Елімізде көпбалалы отбасыларға арналған жаңа салық жеңілдіктері енгізілгенін естіп, қуанып жатырмыз. Мұның отбасындағы қаржылық жағдайды жақсартуға  айтарлықтай көмегі тиері анық. Қазіргі уақытта көпбалалы аналар түрлі салық төлемдерінен босатылған. Ал 4 баласы бар аналарға мына өзгерістің енгені шынында қуаныш. Осындай мүмкіншіліктер жасап отырған мемлекетімізге ризамыз, – дейді көпбалалы ана Марина Сапарбекова.

Салықтық шегерімдер туралы жаңалықтар ипотекалық несиесі бар азаматтарды  да  қуантатыны анық.  Себебі осы уақытқа дейін ипотекалық қарыз сыйақысы бойынша салық шегерімі «Отбасы банк» клиенттеріне ғана жасалып келген болатын. Енді 2025 жылдан бастап мұндай жеңілдік кез келген екінші деңгейлі банктерден алынған ипотекаларға да қолданылады. 

Ипотекалық салықтық шегерімді бұрынғы жылдары жұмыс беруші жалақыдан жеке табыс салы­ғын есептеген кезде ескерген болса, енді ол салықтық шегерім жеке тұлғаның 270.00 салық декларация­сында қолданылатын болады.  Сонымен қатар көпбалалы және ерекше жағдайдағы отбасыларға жеңілдік бар. Салық кодексінің 346-бабына сәйкес, мүгедектігі бар баланың ата-анасының бірі жылына 882 АЕК-ке (3 468 024 теңге) дейін стандартты салықтық шегерімді қолдана алады. Бұл шегерімге ипотекалық несие сыйақысы бойынша шегерім қосылады. Егер шегерім сомасы табыс­тан асып кетсе, артық соманы келесі айларға ауыстыруға болады. 

Салықтық шегерімді жасату үшін есеп не кадр бөліміне өтініш жазып, мына құжаттарды көрсету керек: ипотекалық тұрғын үй займы туралы келісім, ипотекалық тұрғын үй займын өтеу кестесі, төлем жасалғанын дәлелдейтін құжаттар.

Соңғы уақытта жасалып жатқан осындай жеңілдіктер мемлекеттің халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелерінің орындап жатқанының айқын дәлелі. Ресми деректерге сүйенсек, былтыр әлеуметтік осал топтарды қолдауға республикалық бюджеттен 5,4 трлн теңге қаражат бөлінген. Әлеуметтік қолдау шамамен 5 млн адамға көрсетіледі. Олардың ішінде 2,5 млн астам зейнеткер, 1 млн мүгедектігі бар адамдар, 500 мыңнан астамы балалары бар отбасы және басқа да санаттары бар.

Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: