Салыққа реформа қажет дегеннен бастап қосымша құн салығы кәсіпкер мен экономист сарапшылар арасында қызу талқыға түсіп қоғамдағы өзекті мәселе айналды. Бұл салық бюджетке тұрақты түсім болғанымен оны есептеу жүйесі қиындық туғызған еді. Шағын және орта кәсіпке салмақ салмай салық жүйесін жетілдіру бүгінгі күн тәртібінде тұрған сұрақ. Осыған байланысты мәжілісте 76 депутат құжатты қолдап, жеті депутат қарсы болған жаңа салық кодексі жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Жаңа кодексте қосымша құн салығы көлемін 16%-ға дейін арттыру, оның межесін 40 млн теңге көлемінде бекіту қарастырылған. Қосымша құн салығы деген не? Ол халыққа қалай әсер етуі мүмкін? Жаңа салық кодексі туралы сөз қозғасақ.
Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің қосылған құн салығына байланысты ұсынысын қолдады. «Салық саясатында реформа керек екені даусыз» деген ол жұмысты жеделдетуді тапсырды. Ал өткен жылы үкімет дәл осындай кеңейтілген отырысында ҚҚС мөлшерін 12 пайыздан 16 пайызға көтеру мәселесін талқылағанда Мемлекет басшысы салықты көбейтуге қарсы болған еді. Биліктің бұл ұсынысы да халық тарапынан қолдау таппаған. Бұған дейін қосымша құн салығы мөлшері 12 пайыз болып белгіленген. Бұл пайыздық көрсеткішпен елден жиналатын жалпы салықтың қоры 24 пайыз ғана болды. Бұны тым аз деген Серік Жұманғарин салық мөлшерін 20 пайызға дейін өсуі мүмкін екенін айтқан. Қосымша құн салығы – мемлекеттік бюджет кірісінің маңызды бөлігі. Бұл Қазақстанда сатылатын тауарлар мен көрсетілетін қызмет бағасына қосылған жанама салық түрі. Үкімет бұл мәселені депутаттармен және сарапшылармен егжей-тегжейлі талқылауы керек деген Президент мемлекетке барынша оңтайлы шешім қажет екенін атап өтті.
– Бизнес жүргізуге кедергі келтірмей, қолайлы жағдай жасайтын, екінші жағынан, салыққа қатысты тәртіпті күшейтіп, бюджет кірісін арттыратын тиімді жолды табуымыз қажет. Бұл мәселеде бизнес, қоғам, кәсіпкерлер мен сарапшылар пікірі ескерілуі керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бірнеше талқылаудан өтіп, үкімет пен депуттаттардың келісімді шешімімен қосымша құн салығы 16 пайыз деп белгіленді. Дегенмен құн салығының шегі 40 миллион теңге. Яғни жылдық табысы шектік сомадан аспайтын кәсіпкерлер қосымша құн салығын төлемейді. Заң жобасын талқылау барысында шектік сома 15 миллион болады деп те айтылған еді. Сарапшылар мен халықтық талқылаудан соң бұл шешім құпталмады. Алайда шектік соманы 40 миллионға көтеру шағын кәсіпкерлерді салықтан босатып, бюджет кірісін төмендетеді деген пікірде ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин.
– Мұндай шек болғанда 160 мың салық төлеушіден айырылатынымызды айтқым келеді. Сондай шамамен 400 млрд теңгедей қосымша бюджет түсімінен қағыламыз. Біздің бизнесмендер үкімет те, парламент те осындай ымыраға баруға дайын екенін түсінсін деп айтып тұрмын, – деді ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин.
Жылдық табысы 40 млнға жетпейтін кәсіпкерлерге көбіне шағын азық-түлік дүкендері, асханалар мен сұлулық салондарын айтуға болады. Шекті соманың мәні шағын бизнеске салықтық әкімшілік процестердің ауырлығын азайту және оларды ресми экономикаға тарту. Шағын кәсіпкерлердің жұмысын жеңілдетіп, мемлекеттік бюджетке түсімдер мен бақылауды оңтайландыруға бағытталған. Қосымша құн салығынан босатылатын салалар да бар. Мәжілістегі талқылаудың нәтижесінде азық-түлік, кітап басып шығару, археология сияқты салаларды қосылған құн салығынан босатуға шешім қабылданды. Денсаулық сақтау саласында үкімет қосылған құн салығынан босатылған дәрі-дәрмектердің әлеуметтік тізімін айқындайтын болады. Қосылған құн салығы тек ақылы медициналық қызметтерге салынып, мөлшері 10% болады.
Бұл орайда экономист-сарапшылардың да пікірін білген едік. Экономист Мақсат Халықтың ойынша қосылған құн салығы бюджет тапшылығын жауып, қаржы халыққа қайтады. Алайда бұл жылдам жүретін үрдіс емес. Осы аралықта үкімет тығырықтан инфляциясыз шығу жолын ойластыру керек екенін айтады.
– Қосылған құн салығы – жанама салық. Бұл кәсіпкерлерге сезілмеуі мүмкін, бірақ мұны соңында тұтынаушы төлейді. Импортталған тауарға да қосылған құн салығы есебінен баға қымбаттап, тұтынушы есебінен алынады. Сондықтан мұны халыққа салынған салық деп те айтуға болады. Салықтың өсуі инфляцияға, тауар бағасының қымбаттауына әкеледі. Үкімет те қымбатшылық сезілуі мүмкін екенін айтты, – дейді Мақсат Халық.
Қосылған құн салығын көтеру арқылы бюджет кірісін тез арада арттыруға болады. Қазір бюджетке кіріс түсіп, оң әсер еткенімен одан кәсіпкерлер қиналатын болса, көптеген компания жабылып немесе көлеңкелі экономикаға кететінін де айтып, құн салығын көтеру күмәнді шешім екенін жеткізді.
– Ресми ақпарат бойынша көлеңкелі экономика үлесі 19 пайызбен 25 трлн теңге шамасындағы қаражат. Тәуелсіз сарапшылар бұл соманың одан да көп екенін айтуда. Көлеңкелі экономикамен күрес жүруі керек, ал қосылған құн салығы экономикаға теріс әсер беріп көлеңкелі экономиканы арттыруы мүмкін. Кәсіпкерлер нарықта бәсекеге ұмтылып, өнімін аз шығынмен шығаруға мүдделі. Ал өз кезегінде өнім жасап отырған кәсіпкер шығынын қызмет құнына қосады. Олай жасамаса шығынға батады, – дейді экономист.
Сонымен бірге «Сән салтанат салығы» да салынбақ. Егер жылжымайтын мүлік құны 450 млн теңгеден асса, салық көлемін арттыру ұсынылып отыр. Сондай-ақ құны 75 миллион теңгеден асатын автокөліктер мен теңіз кемелері мен әуе кемелеріне акциз енгізу жоспарланып отыр. Екінші оқылымда тағы да өзгерістер ұсынылуы мүмкін.
Әлеуметтік желіде сынға қалған үкіметтің бұл жобасы туралы сарапшылар салық ауыртпалығы қатардағы тұтынушыға түсетінін айтады. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің оқытушысы, экономика ғылымдарының кандидаты Қамар Назарбекқызы Мемлекет тарапынан әлеуметтік қолдаулар мен ашық түсіндіру жұмыстары қатар жүруі қажет деген пікірде.
– Мәжілісте қабылданған қосылған құн салығының 16%-ға дейін көтерілуі – мемлекеттік бюджетті толықтырудың бір жолы. Алайда бұл өзгеріс ең алдымен тұтынушыға, яғни қарапайым халыққа әсер етеді. Тауарлар мен қызметтердің бағасы өсіп, инфляциялық қысым артады. Табысы орташа және төмен халықтың сатып алу қабілеті төмендейді. Қазақстан экономикасы қазір сыртқы факторлар мен ішкі реформалар арасындағы нәзік тепе-теңдікті ұстап тұр, – дейді маман.
Шетел тәжірбиесі бойынша Ұлыбританияда қосылған құн салығы 20 пайыз. Алайда әлеуметтік маңызы бар тауарларға жеңілдіктер бар немесе салық мүлдем салынбайды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік, балалар киімі, кітапқа салық салмау әдісі де қолданылады. Қазақстанда да осы бағытта сараланған салық жүйесін қолдану қажет.
Қорыта келсек, бюджетті құрайтын салық түсімі. Кәсіпкерлер мемлекет алдындағы міндетін орындап салықтан жалтаратын болса бюджет кіріс азаяды. Сәйкесінше үкімет ел алдындағы міндеттемелерін орындай алмайды. Ал халықтың салық төлеуге оң көзқарасын қалыптастыру басқа әңгіме…
Думан КЕҢШІЛІК
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!