Сенбі, 21 маусым, 16:27

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№45,2158
21.06.2025
PDF мұрағаты

Самғай бер, Сырдың жас қыраны!

21.06.2025

59 0

Сыр бойында дүниеге келген осы бір қара бала көптің көңілінен шығып, көрерменнің көзайымына айналды. Қызылорда қаласындағы №5 И.В. Панфилов атындағы мектеп қабырғасында жүрген кезінен Досымжан Махамбетхан облыстық деңгейдегі ән-күй және поэзия оқу байқауына белсене қатысып, шығармашылық қабілетін танытты.  11 жасында Қазанғап атындағы  музыкалық жоғары колледжі жанынан ашылған мектепке қабылданып, кәсіби музыкалық білімінің негізін қалады. Осы жылдары республикалық және халықаралық деңгейдегі  конкурстарға қатысып, бірнеше мәрте бас жүлде иеленді. Бұл жеңіс – оның өнерге деген ерекше ықыласы мен талантының айқын дәлелі.

2022 жылы мектепті үздік бітіріп, Қазанғап атын­дағы музыкалық жоғары колледжге оқуға түсіп, белгілі ұстаз, дәулескер күйші Ержан Оспанұлының сыныбына қабылданды. Алғашқы курста-ақ республикалық деңгейде ұйымдастырылған 44-ші орындаушылар байқауына қатысып, дипломант атанды.

Екінші курстан бастап өз шығармашылық жолын республикалық деңгейде шыңдай түсті. Атап айтқанда, Құрманғазы Сағырбайұлы мен Рүстембек Омаров сияқты қазақтың атақты күйшілерінің құрметіне арналған республикалық конкурсқа қатысып, жоғары нәтиже көрсетсе, Төлепберген Тоқжанов атындағы облыстық байқауда І орын иеленіп, орындаушылық шебер­лігін дәлелдеді.

Бүгінде Досымжан Махамбетхан Қазанғап атындағы Қызылорда музы­калық жоғары колледжінің 3-курс студенті. Ол күйшілік өнерді кәсіби түрде меңгеріп, ұлттық мұраны дәріп­теуде зор үлес қосып келеді. Алдағы уақытта халықаралық сахналарда өнер көрсетуді және күй өнерін әлемдік деңгейде насихаттауға талаптанып жүр.

– Ұлттық рухтың мәйегі, халқымыздың жан айнасы – күй. Күйде елдің тарихы, ұлттың үні, даланың демі бар. Домбыра пернесінен төгілген әрбір күй сан ғасырлық шежіренің шынарындай. Осындай ұлы өнердің ама­натын арқалап, оны келешекке лайықты жалғастырып жүрген жастардың қатарында Досымжандай  жас күйшінің болғаны  үлкен үміт, ерекше қуаныш. Досымжан Сыр өңірінің жас қыраны деген атқа лайық. Ол жуырда «Қазақстан Республикасы колледждерінің  үздік 100 сту­денті» республикалық конкурсына қатысып, барлық кезеңнен өтіп, үздік 100 студент қатарына еніп, аймақтың абыройын асқақтатты. Байқау талабы бойынша Досымжанның  «Құнды мұраны қастерлеу – борышым» атты жобасы ұлттық рухты көтеретін, заманауи тәрбие мен білім беру жүйесіне қажетті, маңызы зор жұмыс деп атауға болады. Жоба ұлттық болмысымыздың  өзегі саналатын домбыраны ұлықтауға бағытталған. Ұлттық құндылықты сақтау мәселесі  қазіргі жаһандану дәуірінде өте маңызды. Төл өнерімізді заман талабына сай дамыту ел болашағы үшін зор міндет, – дейді  жоба  жетекшісі,   «Домбыра-шертер» бөлімінің оқыту­шысы  Жұмабек Жансұлтан.

Жобаның негізгі идеясы  –  домбы­раны мектепке дейінгі, мектепте және жоғары білім деңгейінде насихаттау, елге  таныстыру арқылы ұрпақ санасына терең сіңіру. Қазақтың киелі аспабын  заман талабына сай жаңғыртудың ұтымды жолын ұсыну. Әсіресе күйшілік өнер тек орындаушылық емес, ол – аманат, өткен мен келешекті жалғайтын алтын көпір.

Домбыраны жанына серік етіп, күй­дің қасиетін бойына дарытқан жас  өнерпаз  Досымжанның саусақтарынан төгілген күй – жүректің үні, халықтың тынысы. Құрманғазының күрескерлі­гі, Дәулеткерейдің сырлы сезімі, Тәттімбеттің терең толғауы  жас күйші  орындағанда жаңаша леп сезіледі.

– Қазақ даласында қалыптас­қан дәстүрлі күй мектебінің (Батыс, Арқа, Жетісу, Төскей, Қаратау) қасиетін танып, өзіндік өрнегін, орындау мәнерін терең меңгеру ең үлкен мақсатым. Бұл жауапкершілігі ауыр жол, бірақ жү­ректен шыққан өнер ғана жүрекке жетеді, – дейді Досымжан.

«Тұлпар болар тектінің шабысынан танисың» дегендей бойына қарапайым­дылық пен еңбекқорлықты серік еткен Досымжанның қазақ өнеріне әлі де берері аз емес. Қазақ өнерінің көкжиегінде биікке самғар Сыр қы­ранының қанаты қатайып, қалықтай берсін демекпіз. Домбыраң – қанатың, күйің – рухың болсын!

Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: