Сенбі, 27 желтоқсан, 01:45

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№99, (2211)
27.12.2025
PDF мұрағаты

Самокат дәуірі аяқталды ма?

27.12.2025

39 0

Қала көшелеріне қадам бассаңыз болғаны, көлік ағынымен қатар жүйткіген электр самокаттардан көз сүрінеді. Әсіресе жастар арасында танымал бұл көлік түрі соңғы жылдары күнделікті тіршіліктің бір бөлшегіне айналғандай. Өзі ыңғайлы әрі жылдам көрінгенімен, самокат айдау мәдениеті мен жол ережесін сақтау мәселесі қоғамда алаңдаушылық туғызып отыр. Кейде самокатты басқару техникасын толық меңгермегендер де жолға шығып, өзіне де, өзгеге де қауіп төндіруде. «Жол қателікті кешірмейді» деген сөз осындайда еске түседі. Бір сәттік бейқамдық орны толмас өкінішке әкелуі әбден мүмкін. Бұл мәселе заң шығарушы биліктің де назарынан тыс қалған жоқ. Жол-көлік оқиғаларының алдын алу, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Сенат депутаттары жаңа заңды қолдады.

Заңдағы басты жаңалықтың бірі – жалға берілетін электр самокаттарды пайдалану тәр­тібінің қатаңдатылуы. Енді электр самокаттар ресми түрде көлік құралдары санатына енгізіледі. Бұл өз кезегінде жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға бағыт­талған нақты қадамдардың бірі болмақ. Сонымен қатар электр са­мокаттарды жалға беретін заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер үшін азаматтық-құқықтық жауап­кершілікті міндетті сақтандыру талабы енгізіледі. Яғни, жауап­кершілік тек жүргізушіге емес, жалға берушіге де қатар жүк­телмек.

Самокат дәуірі аяқталды ма?

Бұдан бөлек, электр само­кат­тарды жалға ұсына­тын ком­паниялар мен кәсіп­керлерге бірқатар қосымша міндеттемелер қарастырылған. Атап айтқанда, әрбір электр самокат арнайы есепке алы­нып, тіркеу нөмірі тағайын­далып, ол құрылғының өзіне орналастырылуы тиіс. Сондай-ақ самокатты пайдалану­шы­лардың жеке басын анықтау, олардың жарамды жүргізуші куәлігінің бар-жоғын және көлік басқару құқығынан айырылма­ғанын мемлекеттік ақпараттық жүйелер арқылы тексеру мін­деті жүктеледі. Ең маңызды талаптардың бірі – 18 жасқа толмаған, жүргізуші куәлігі жоқ немесе көлік бас­қару құқығынан айырылған тұлғалардың электр самокатты пайдалануына қатаң тыйым салынады. Статистика да бұл талаптың кездейсоқ емес екенін аңғартады. 2025 жылдың басынан бері елімізде электр самокаттардың әсерінен 372 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Бұл – мәселенің өзектілігін айқын көрсететін дерек. Осы тұста біз де мәселенің мән-жайын анықтап көрдік.

Ең алдымен электронды са­мокаттардың бағасын тексердік. Мәселен, самокаттардың нарық­тағы бағасы 350 мың теңгеден басталады. Әрі қарай бұл баға қымбаттамаса арзанға түспейді. Алайда қызық қуып самокатқа мініп, опық жеп қалғандар да аз емес. Дәрігерлердің айтуынша, самокат айдағандар жасаған жол апатының салдары кей жағдайда көлік апатынан кем түспейді екен.

– Самокат тебуге әуес жан­дардың басым бөлігі – жастар. Алайда олардың көбі жолда жүру техникасын толық мең­гермеген. Ауруханаға кейде самокаттан құлап, аяғын шы­ғарып алғандар жиі түседі. Ауыр жарақат алғандар да баршылық. Байқаусызда ағаш­қа не жолдағы кедергіге соғы­лып, қатты жарақаттанған жағдайлар да кездеседі. Сон­дықтан самокат ойыншық емес. Сол себепті барынша сақтық танытқан жөн. Бір сәттік қызық үшін эмоцияға бой алдырмау қажет, – дейді дәрігер Жадыра Аяпова.

Құқық қорғау органдары­ның өкілдері самокат айдай­тындар үшін заң қажет дейді.

– Жаңа заң біз үшін де тиімді болмақ. Қазіргі таңда қоғамда жол-көлік оқиғалары жиі тіркеліп отыр. Самокатпен діттеген жеріңізге жылдам жетуге болады. Алайда бұл бейқамдыққа жол беруге се­беп емес. Самокат айдағанда да қауіпсіздік талап­тарын қатаң сақтау қажет. Себебі самокат та көлік құралы. Адам өмірі маңызды. Сондықтан әр­бір жүргізуші жолдағы жауап­­кершілікті сезінуі тиіс, – дейді Қызылорда ҚПБ-ның инс­пекто­ры полиция аға лейтенанты Айымжан Қоңыртай.

Ата-аналар да жаңа заңды қолдап отыр. Себебі балалар үшін алаңдайтынын жеткізді.

– Самокатты тек 18 жастан асқандарға ғана жүргізуге рұқсат беру орынды шешім. Қазір кәмелет жасына тол­мағандар да қызық көріп, жүйткіп жүр. Шыны керек, бұл жағдай бізді алаңдатады. Өзім алты баланың анасымын. Әрдайым балаларыма само­каттың қауіпті екенін айтып, ескертіп отырамын. Дегенмен бала сыртқа шыққан соң не істеп жүргенін толық қадағалау әрдайым мүмкін бола бермейді. Ал жаңа заң жасөспірімдерді де жауапкершілікке үйретеді, сақтыққа шақырады. Сон­дықтан заң – қоғамды тәртіпке келтіре­тін, жауапкершілікті арт­тыратын маңызды тетік, – дейді алты баланың анасы Гүлсім Әбілдаева.

Осылайша, қоғамда кеңі­нен таралған самокат айдау мәдениеті жаңа кезеңге аяқ басқалы тұр. Ендігі жерде қоғам үшін тәртіп пен жауапкершілік алдыңғы орында болуы тиіс. Самокат дәуірі аяқталды деу қиын, алайда оны пайдалану талабы айтарлықтай күшейетіні анық. Бұл өзгерістер ең алдымен адам өмірі мен жол қауіпсіздігін қорғауға бағытталған маңызды қадам.

Айдана БАХТИЯР

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: