Елімізде 1 тамыздан ауқымды ауыл шаруашылығы санағы басталғаны белгілі. Бұл шара БҰҰ азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының 10-шы дүниежүзілік ауыл шаруашылығы санақтары бағдарламасы аясында өткізіліп отыр. Санақ ел бойынша 300 мыңнан астам ауыл шаруашылығы құрылымын және шамамен 2 миллион үй шаруашылығын қамтиды. Ауыл шаруашылығы санағы аграрлық саланың қазіргі жағдайы туралы ақпарат алуға арналған. Жиналған деректер тиімді басқарушылық шешімдер қабылдауға, мемлекеттік саясатты әзірлеуге және ауыл шаруашылығының тұрақты дамуын жоспарлауға негіз болады.
Айта кетсек, ауыл шаруашылығы санағы елімізде соңғы рет 2006-2007 жылдары өткен. Ол кезден бері салада айтарлықтай өзгерістер болды. Санақтың онлайн кезеңі 2025 жылғы 1-31 тамыз аралығында өтеді. Қатысу sanaq.gov.kz ресми сайты арқылы жүргізіледі. Анкеталарға қол жеткізу үшін ЭЦҚ, SMS-код немесе eGovMobile қосымшасындағы QR-код арқылы авторизациялау мүмкіндігі қарастырылған. Қатысушылар үшін екі түрлі анкета ұсынылған. Ауыл шаруашылығы кәсіпорындарына арналған және жеке қосалқы шаруашылықпен яғни, бау-бақша өсіру, мал ұстаумен айналысатын үй шаруашылықтарына арналған. Сауалнамаларда жер иелену және пайдалану, мал басы, техникалық жабдықталу, өнім өткізу, жұмыспен қамту және еңбек жағдайлары сияқты негізгі бағыттар қамтылған. Онлайн формат деректер жинау процесін жеңілдетіп, алыс ауылдарды қамтуға мүмкіндік береді. Сауалнаманы кезең-кезеңімен толтыруға болады, барлық дерек автоматты түрде сақталады. Сайтта бейне-нұсқаулықтар мен интерактивті кеңестер ұсынылған. Респонденттерге қолдау көрсету үшін «SANAQ мырза» атты ЖИ чат-бот және 1446 нөмірі бойынша тәулік бойы жұмыс істейтін байланыс орталығы қызмет көрсетеді. Сонымен қатар жергілікті әкімдіктер мен аудандық статистика бөлімшелерінде 2684 өзіне-өзі қызмет көрсету нүктесі ұйымдастырылған. Ресми мәліметке сүйенсек, санаққа 21 мыңнан астам ауыл шаруашылығы кәсіпорны мен 279 мыңға жуық фермер қожалықтары, сондай-ақ жеке кәсіпкерлер қамтылады. Санаққа қатысу үшін барлық жағдай жасалған. Егер ауылдық жерде компьютер немесе интернет болмаса респонденттер аудандық әкімдіктер мен статистика бөлімдеріндегі өзін-өзі қызмет көрсету аймақтарына жүгіне алады. Бұл бөлімшелер қажетті құралдармен қамтамасыз етілмек.
Санақ не үшін керек?
Ауыл шаруашылығы санағы белгілі бір кезеңде аграрлық саланың нақты жағдайын, өндірістік әлеуетін және қолда бар ресурстарын толық есепке алуға бағытталған кешенді статистикалық зерттеу. Мұндай санақ барысында егін және мал шаруашылығы, бау-бақша, егіс алқаптары, жер пайдалану, техникамен жабдықталу, еңбек ресурстары және өндіріс көлемі туралы толық мәліметтер жиналады. Ауыл шаруашылығы санағының қажеттілігі ең алдымен саланы тиімді басқару мен жоспарлауда көрінеді. Мемлекет пен салалық құрылымдар осы деректерге сүйене отырып, жер ресурстарын тиімді бөледі, өндіріс көлемін болжайды, өнімділікті арттыруға бағытталған агротехнологиялық шараларды жоспарлайды. Сондай-ақ субсидиялар мен жеңілдетілген несиелерді мақсатты бөлу, суару жүйелерін, қоймаларды және өңдеу зауыттарын салу сияқты инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру үшін де санақ деректері маңызды рөл атқарады.
Бұл санақтың маңызы экономикалық, әлеуметтік, демографиялық және экологиялық қырларынан айқындалады. Экономикалық тұрғыда ол аграрлық әлеуетті бағалап, ішкі нарықты азық-түлікпен қамтамасыз ету мен экспорттық мүмкіндіктерді арттыру жолдарын анықтайды. Әлеуметтік тұрғыда ауыл халқының жұмыспен қамтылуын, табыс деңгейін және еңбек жағдайын бағалауға мүмкіндік береді. Демографиялық қырынан алғанда, ауылдағы халық саны мен құрылымын, еңбекке жарамды тұрғындар үлесін айқындайды, ал бұл өз кезегінде жол, су, электр және байланыс инфрақұрылымын дамытуда нақты жоспар құруға негіз болады. Экологиялық маңызы жердің пайдаланылу деңгейін, егіс алқаптарының жағдайын және табиғи ресурстардың тиімділігін бағалаумен өлшенеді. Ауыл шаруашылығы санағы – аграрлық секторды ғылыми негізде басқарудың басты құралы. Ол саладағы нақты ахуалды көрсетіп қана қоймай, болашақ даму бағыттарын айқындауға мүмкіндік береді. Дұрыс және уақытылы жүргізілген санақ деректері азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, ауыл шаруашылығының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға негіз болады.
Санаққа саналы түрде қатысу керек
Ауыл шаруашылығы санағы туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде ҚР стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Айбек Әбілдаев брифинг берді.
Санақтың негізгі кезеңі 1 тамыз бен 20 қазан аралығында, онлайн және офлайн түрінде өтеді. Санақтың онлайн кезеңі биылғы жылдың 1-31 тамыз аралығында sanaq.gov.kz сайтында онлайн сауалнама арқылы жүзеге асырылады. Бүгінде аймағымыздағы ауыл шаруашылығы саласымен айналысатын шаруашылық құрылымдары, фермерлік, шаруа қожалықтары аталған сайт арқылы сауалнамадан өтуде.
– Сайтқа кірген сәтте респонденттер жүйеге тіркеліп, электрондық цифрлық қолтаңба, QR-код немесе СМС хабарлама арқылы авторизациядан өтеді. Сауалнама парағына кірген кезде кейбір жолдарда мемлекеттік органдардың деректер базасында бар көрсеткіштер көрсетіледі. Осы жерде әрбір респондент ескеретін мәселе көрсетілген көрсеткіштерді сол күйі қалдыра алады немесе өзгеріс енгізе алады. Респондент толтырылған деректерін сақтап қойып, үзілістен кейін сол сауалнаманы толтыруын жалғастыруына болады. Сауалнамадан өтіп болғаннан кейін респонденттің электрондық поштасына санақтан өткені туралы хабарлама түседі. Респонденттер үшін санақтан онлайн түрде өтуі үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында жергілікті әкім аппараты мен аудандық статистика бөлімшелерінің ғимараттарында интернет байланысымен қамтамасыз етілген өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтары ұйымдастырылғанын, – дейді Айбек Жантөреұлы.
Заңды тұлғалар, жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарының экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуіші бойынша қызметі мал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы немесе балық шаруашылығымен байланысты болса, санаққа қатысуға міндетті. Сауалнама тоғыз бөлімнен тұрады және 29 сұрақты қамтиды. Онда жер учаскелерінің көлемі, олардың қалай пайдаланылып жатқаны, суару тәсілдері, жердің меншікке немесе жалға алынғаны туралы мәліметтер көрсетілуі керек. Егер респонденттің сауалнама парағын толтыру кезінде қандай да сұрақтар туындаса, аталған сайтта арнайы әзірленген жасанды интеллект арқылы жауап беретін «SANAQ мырза» виртуалды көмекші көмектеседі.
Сондай-ақ 1446 нөмірі бойынша бюроның байланыс орталығына хабарласуға болады. Байланыс орталығы онлайн сауалнама басталған кезеңнен бастап тәулік бойы, аптасына жеті күн үзіліссіз жұмыс істейді.
– Екінші кезең интервьюерлердің үй шаруашылықтарын жеке-жеке аралауы, ол 2025 жылдың 20 қыркүйегі мен 20 қазаны аралығында өтеді. Санақ жүргізу үшін бізге облыс бойынша жұмыссыз азаматтар мен студенттер қатарынан, сондай-ақ барлық ниет білдірген азамат санатынан 192-ден астам азаматты интервьюер ретінде жұмысқа тарту көзделіп отыр. Интервьюер ретінде санаққа қатысқысы келетін азаматтар 1446 байланыс орталығына немесе «@statgovkz_bot» Telegram ботына өтініш қалдыра алады, – дейді Айбек Әбілдаев.
Айта кетсек, соңғы кездері интернет желісінде жеке тұлғалардың деректері тарап кеткендігі жөнінде түрлі ақпараттар жүр. Мұндай жағдайда халықтың да алаңдаушылық білдіріп қорқасоқтайтыны ақиқат. Брифингте осы мәселе де айтылды.
– Санақ барысында жинақталған мәліметтер Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік статистика туралы» заңының 21-бабына сәйкес, Ұлттық санақтар барысында алынған мәліметтер бастапқы статистикалық деректерге жатады және міндетті түрде өтеусіз негізде ұсынылады делінген. Сонымен бірге аталған заңның 8 бабы 1 тармағында «Алғашқы статистикалық деректер құпия болып табылады және осы баптың 4-тармағында көрсетілген мәліметтерді қоспағанда, оны мемлекеттік статистика органдары тек қана статистикалық ақпаратты түзу мақсатында пайдаланады. Мемлекеттік статистика органдары алғашқы статистикалық деректерді жинау, өңдеу және сақтау кезінде осы деректердің құпиялылығын қамтамасыз етеді» делінген. Осыған орай, респонденттер тарапынан берілген ақпараттар заңмен қорғалады және мемлекеттік кіріс органдарына және тағы басқа да органдарға берілмейді. Біз азаматтарды санаққа саналы түрде қатысуға шақырамыз, – дейді Айбек Жантөреұлы.
Әлемдік тәжірибе
Ауыл шаруашылығы санағы – мемлекеттердің аграрлық секторды басқарудағы негізгі статистикалық құралдарының бірі. Бұл арқылы елдер жер қорының, мал басының, техникалық жарақтандыру деңгейінің, еңбек ресурстарының және өндіріс көлемінің нақты ақпаратын алады. Дүниежүзілік тәжірибеде ауыл шаруашылығы санақтары БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының ұсынымдарына сәйкес әр 10 жылда бір рет өткізіледі. Аталған ұйымның 10-шы Дүниежүзілік ауыл шаруашылығы санағы бағдарламасына әлемнің 150-ден астам мемлекеті қатысады. Қазақстанда ауыл шаруашылығы санағы кешенді түрде өткізіліп, аграрлық саланың толық паспортын жасау мақсатын көздейді. Бұл бағытта еліміз заманауи цифрлық технологияларды кеңінен қолданады.
Дамыған елдерде ауыл шаруашылығы санақтары толықтай дерлік онлайн форматта өтеді. Мысалы, Канадада сауалнама деректері спутниктік және геоақпараттық жүйелермен салыстырылады. Бұл жерді пайдалану тиімділігін нақты бағалауға мүмкіндік береді. Австралияда санақ деректері тікелей субсидия бөлу процесіне әсер етеді. Мәселен, жаңбыр аз жауған аймақтардағы шаруалар қосымша қаржылай қолдау алады. Еуропалық Одақ елдерінде санақ бірыңғай стандарт бойынша жүргізіледі және әр фермердің мәліметі ортақ еуропалық деректер қорына енгізеді. Ал интернет желісі дамымаған кейбір Африка елдерінде санақ әлі күнге дейін қағаз жүзінде арқылы жүргізіледі, бұл әрине тиімсіз. Себебі деректерді өңдеу мерзімі ұзаққа созылады.
Салыстыра қарағанда Қазақстан дамыған елдердің бірқатар тәжірибесін енгізіп үлгерді. Дегенмен геоақпараттық жүйелерді толық интеграциялау, спутниктік мониторинг деректерін автоматты өңдеу және жасанды интеллект арқылы талдау әлі де дамытуды қажет ететін бағыттар. Әлемдік тәжірибе дәлелдегендей, ауыл шаруашылығы санағы тек деректер жинау ғана емес, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, аграрлық экономиканың тұрақтылығы мен экспорттық әлеуетін арттыратын стратегиялық құрал.
Нұржан НҰҒЫМАДИЛЛЛА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!