Биылғы 1 тамыздан бастап елімізде ұлттық ауыл шаруашылығы санағы басталғаны баршамызға мәлім. Бұл – елдің аграрлық саласын кешенді түрде зерттеп, ауыл шаруашылығындағы жағдайды анықтауға бағытталған маңызды қадам. Айта кетейік, санақ екі кезеңнен тұрады. Онлайн кезеңі 1-31 тамыз аралығында жоспарланып, жүзеге асуда. Бұл кезеңде тұрғындар мен шаруашылық иелері sanaq.gov.kz порталы арқылы сауалнаманы өздері толтыра алды.
Авторизация электронды цифрлық қолтаңба, SMS-код немесе eGovMobile қосымшасы арқылы жүзеге асады. Ал санақтың офлайн кезеңі 20 қыркүйек пен 20 қазан аралығында жүзеге аспақ. Бұл кезеңде арнайы дайындықтан өткен интервьюерлер планшетпен елді мекендерді аралап, онлайн сауалнамаға қатыспаған шаруашылықтар мен жеке адамдардан мәлімет жинайды. Осындай екі кезеңнен қамтылған санақ нәтижесінде барынша толық әрі нақты ақпарат алу көзделген.
Алғашқы нәтижелер
Биылғы жылдың тамыз айының алғашқы күнінен бастап Қызылорда облысы бойынша ұлттық ауыл шаруашылығы санағының онлайн кезеңі басталғаны белгілі. Қазіргі уақытта sanaq.gov.kz порталы арқылы ауыл шаруашылығы, тауар өндірушілері, шаруа қожалықтары мен үй шаруашылықтары сауалнаманы қашықтан өз бетінше толтырып, санақтан өтуде.
– Бүгінгі күнге дейін облыс бойынша жоспарланған 11 мыңға жуық респонденттің шамамен 70 пайызы онлайн сауалнамаға қатысып үлгерді. Санақтан өту процесін жеңілдету мақсатында барлық кент пен ауылдық округ әкімдіктерінде, сондай-ақ Арал және Қазалы қалалары әкімдіктерінде арнайы «Өзіне-өзі қызмет көрсету» бұрыштары ұйымдастырылды. Бұдан бөлек, аудандық статистика бөлімдерінің ғимараттарында интернет желісімен қамтамасыз етілген орындар ашылып, тұрғындарға қолайлы жағдай жасалуда, – дейді Ұлттық статистика бюросының Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Айбек Жантөреұлы.
Жалпы Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы – тек мемлекеттік органдар үшін ғана емес, қоғам үшін аса маңызды шара. Санақ барысында жиналған мәліметтер ауылдық жерлердің нақты әлеуетін анықтап, елдің әлеуметтік-экономикалық даму бағытын айқындауға негіз болады. Ең алдымен, бұл деректер азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көмектеседі. Яғни облыстағы және республика көлеміндегі егістік алқаптарының көлемі, мал мен құс саны, өндірілетін өнім түрлері мен көлемі белгілі болып, ішкі нарықты қамтамасыз ету мүмкіндігі нақтыланады. Екіншіден, санақ нәтижелері шаруашылықтарға көрсетілетін мемлекеттік қолдауларды тиімді бөлуге жағдай жасайды. Мәселен, субсидия, жеңілдетілген несие немесе техника лизингі нақты қажеттілікке қарай бағытталады. Бұл ауыл кәсіпкерлерінің дамуына, ауыл экономикасының жандануына оң ықпал етеді. Үшіншіден, санақ арқылы ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайына қатысты да толыққанды дерек алынады. Жұмыс орындарының саны, маусымдық жұмыспен қамтылу, ауыл шаруашылығы саласында еңбек ететін жастар үлесі сияқты көрсеткіштер жергілікті және орталық билікке жаңа бағдарламалар қабылдауға негіз болады. Сондай-ақ жиналған ақпарат жеке шаруашылықтарға да пайдалы. Әрбір фермер немесе үй иесі өз саласының нақты жағдайын біліп, қай бағытта даму керегін бағамдай алады. Бұл өз кезегінде ауыл халқының белсенділігін арттырып, ауыл шаруашылығына инвестиция тартуға да мүмкіндік береді.
Қорыта айтқанда, ауыл шаруашылығы санағы қоғам үшін стратегиялық мәнге ие. Оның нәтижелері еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып қана қоймай, ауылдағы өмір сапасын жақсартуға, ауыл шаруашылығын тұрақты дамытуға қызмет етеді.
Нұржан НҰҒЫМАДИЛЛА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!