Елімізде ауыл шаруашылығы құрылымдарына жүргізіліп жатқан ұлттық санақтың онлайн кезеңі 20 қыркүйекке дейін ұзартылды. Бұл барлық заңды тұлғаларға, шаруа және фермер қожалықтарына, сондай-ақ ауыл шаруашылығымен айналысатын жеке кәсіпкерлерге sanaq.gov.kz сайты арқылы тіркеліп, сауалнамаға қатысуға қосымша мүмкіндік береді.
Қызылорда облысы бойынша статистика департаментінің деректеріне сәйкес, өңірде 11 мыңға жуық кәсіпорын, қожалық және жеке кәсіпкер санаққа қамтылуы тиіс. Тамыз айында респонденттердің 92 пайыздан астамы онлайн түрде өз деректерін ұсынған.
– Онлайн санақтың алғашқы кезеңі оң нәтиже көрсетті. Жедел деректер бойынша ауыл шаруашылығы құрылымдарының 92,2 пайызы сайт арқылы сауалнамаға қатысып үлгерді. Дегенмен, кейбір кәсіпорындар тіркеуде болғанымен, іс жүзінде ұзақ уақыт бойы белсенділік танытпай келеді. Сондай-ақ байланыс деректері ескірген субъектілер де кездеседі. Ал бірқатар респонденттер жұмысбастылығына байланысты уақытында санаққа қатыса алмады. Осыған байланысты қосымша берілген 20 күн олардың мемлекеттік маңызы бар шарадан шет қалмауына мүмкіндік береді, – дейді Ұлттық статистика бюросының Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Айбек Жантөреұлы.
Айта кетейік, онлайн санақ 1 тамызда басталып 31 тамызда аяқталуы жоспарланған болатын. Ал үй шаруашылықтарын аралайтын интервьюерлердің екінші кезеңі 20 қыркүйектен 20 қазанға дейін жалғасады. Санаққа қатысты кез келген сұрақ бойынша азаматтар 1446 бірыңғай байланыс орталығына сағат 9:00-ден 21:00-ге дейін қоңырау шала алады немесе sanaq.gov.kz порталындағы «sanaqmyrza» чат-ботына жаза алады. Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы елдің аграрлық секторын дамыту мен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған стратегиялық маңызды шара. Жиналған деректер мемлекеттік саясатты жетілдіруге және ауылшаруашылығы өндірушілерін қолдауға негіз болмақ.
Нұржан НҰҒЫМАДИЛЛА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!