Ұлт саулығы – еліміздің тұрақты дамуының кепілі екені анық. Сондықтан да медицинаға қатысты мәселелер назардан тыс қалған емес. Қазіргі таңда медицина саласы көз ілеспес жылдамдықпен дамып, күн сайын медициналық ұйымдар ашылуда. Биылғы жылдың қорытындысы бойынша аймағымызда денсаулық сақтау саласының негізгі көрсеткіштерінің оң динамикасы байқалады. Соның нәтижесінде өмір сүрудің орташа ұзақтығы облыс бойынша 74,2 жастан 75,15-ке жеткен. Межеге жету мақсатында облыстық денсаулық сақтау басқармасы өз қызметтерін ана мен бала өлімінің көрсеткіші, қан айналым жүйесі, онкологиялық аурулар, туберкулез бен жарақаттану көрсеткіштерін төмендетуге, халық арасындағы өлім-жітім мен мүгедектіктің себеп-салдарын анықтап, төмендетуге бағыттаған.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Олжас Ысқақов айтты.
Ана мен бала өмірі – басты назарда
Ана мен бала денсаулығын сақтау – жалпы медицинаның маңызды бағыттарының бірі. Соңғы үш жылда аймақта ана мен бала өлімі азайған. Биыл 10 айда 13 643 нәресте дүниеге келген.
– Көпбейінді облыстық аурухана деңгейінде 70 төсекке арналған босану бөлімшесі ашылды. Бұл қауіп тобындағы экстрагенитальды ауруы бар жүкті әйелдердің профильді мамандардан кеңес алуына мүмкіндік береді. Кейінгі 3 жылда жергілікті бюджет қаражаты есебінен мамандардың біліктілігін арттыруға 375 млн теңге, оның 192 млн-ы шетелде оқытуға бөлінді. Ана мен бала денсаулығын сақтау саласының материалдық-техникалық базамен жабдықталу көрсеткіші – 90,5%. Кейінгі 3 жыл көлемінде осы салаға 3млрд 200 млн теңгеге құрал-жабдықтар сатып алынды. Жыл соңына дейін тағы 1 млрд 500 млн теңге есебінен құрал-жабдықтар, оның ішінде көпбейінді облыстық балалар ауруханасына магнитті-резонансты томограф алынады, – деді Олжас Ысқақов.
Маман тапшылығы алаңдатады
Өңірде денсаулық саласындағы өзекті мәселелердің бірі – маман тапшылығы. Дегенмен, бұл мәселені де шешуді қолға алған. Қазіргі таңда аймақта 3 мыңға жуық дәрігер және 11 мыңға жуық орта буын маман қызмет етеді. Алайда ауылдық жерлерде маман тапшылығы бар. Сондықтан жас мамандарды ауылға жіберудің мүмкіндіктері қарастырылған.
– Мемлекет басшысының бастамасымен өткен жылы ауылдық елді мекендерге кемінде 5 жыл мерзімге жұмысқа келген 4 медицина қызметкеріне 8,5 млн теңге көлемінде біржолғы ақшалай төлем енгізілді. Биыл мұндай көмек алған мамандар саны 10-ға жетті. 2023 жылдан бастап аса қажетті медицина мамандықтары бойынша 60 резидентке облыс әкімінің гранты тағайындалса, медицина саласында сұранысқа ие жалпы медицина мамандығы бойынша маман даярлауға облыс әкімінің 45 гранты бөлінді. Ауылға баратын жас мамандарға қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді Олжас Ермекұлы.

Ауыл медицинасының халі қалай?
Елімізде денсаулық сақтау саласы кейінгі жылдары елеулі өзгерісті бастан өткеріп, ұлттық деңгейдегі басым бағыт ретінде айқындалды. Әсіресе ауыл тұрғындарының медициналық қызметке қолжетімділігін арттыруға айрықша назар аударылып келеді. Ауылдағы медицина инфра-құрылымын жаңғырту денсаулық сақтау саласын ғана емес, тұтас өңірлік даму сапасын арттырудың басты тетігіне айналып отыр. Ауыл халқының денсаулығы басты назардан түспей тұр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында өңірімізде сәтті жобалар жүзеге асуда.
– 2023 жылдан бастап «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы жүзеге асырылуда. Жобаның мақсаты – ауыл тұрғындарына медициналық көмек көрсете отырып, дені сау ұлт қалыптастыру. Соңғы жылдары медицина нысандарының келбеті жаңарып, материалдық-техникалық базасы нығаюда. Атап айтсақ, кейінгі 10 жылда 116 нысан салынып, пайдалануға берілді. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 24 дәрігерлік амбулатория, 2 фельдшерлік-акушерлік бекет, 1 медициналық бекет ашылып, ауыл тұрғындарына қызмет көрсетуде. Кейінгі 3 жылда 24 нысан күрделі жөндеуден өтсе, 44 нысан газбен жылытылады. 15 млрд теңгеге КТ, МРТ, ангиограф және тағы басқа медициналық құрал-жабдықтар сатып алынды. Қазіргі күні аудандық ауруханалардың барлығында КТ аппараты бар. Кешенді шаралар медициналық құрал-жабдықтардың жаңартылу деңгейін 2022 жылғы 83,2 пайыздан 87,6 пайызға арттырды, – деді Олжас Ермекұлы.
Апатты жағдайдағы және тозығы жеткен ғимараттар мәселесі де назардан тыс қалмаған. Ал Арал және Шиелі аудандық ауруханаларына қарасты жұқпалы аурулар бөлімшелерінің ғимараттарын жаңадан салу жоспарлануда. Қаланың сол жағалауында халық саны артып, медициналық ұйымдар қажеттілігі туындаған. Сол себепті 300 төсектік көпбейінді аурухана салу қолға алынған.

Вакцинация аурудың алдын алады
Вакцинация жайлы білгенімізбен, оның маңызына үгіле білмейміз. Көптеген аурудың алдын алу үшін екпе шараларын жасау қажеттігін біле тұра, одан бас тартатындар да бар екен. Мәселен, 2023 жылдан бері қызылша ауруы үздіксіз тіркелген. Оның негізгі себебі ата-аналардың екпеден бас тартуы болып отыр.
– Ұлттық күнтізбеге сәйкес бала 1 және 6 жасында қызылшаға қарсы 2 рет вакцина алуы қажет Ауру негізінен 5 жасқа толмаған балалар арасында, 77,2%-ында дәл осы екпе алмағандар арасында тіркелген. Ата-аналардың балаларына екпе салдырмау себебін діни наным-сенімге тіреп қоюдан аулақпыз. Бұған әлеуметтік желі арқылы жан-жақтан алатын ақпараттың әсері зор. Ең қиыны, екпе алған балаларға алмаған балалардың кесірі тиіп жатыр. Осы ретте ата-аналарды балалардың денсаулығына жауапкершілікпен қарауға шақырамын, – деді Олжас Ысқақов.
Айтолқын АЙТЖАНОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
