Өңірде құрылыс жұмыстары қарқын алған. Жол және әлеуметтік нысан құрылысы әркез қадағалауда болу керек. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қала әкімі мен басқарма басшыларымен бірге бірнеше нысанды аралады.
Аймақ басшысы алдымен «Сәулет» мөлтек ауданындағы жаңа жиһаз цехының құрылыс жұмысын көрді. Бүгінде цехтың өндірістік қуаттылығы жылына 35 мың дана дайын өнім шығаруға жетеді. Толық іске қосылғанда 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Жобаны қаржыландыру үшін «Өңірлік инвестициялық орталықтан» берілген 59 млн теңге несиеге заманауи өндірістік құрал-жабдықтар сатып алынды. Бүгінде «Панабек» серіктестігі алдына қойған айқын мақсатына қарқынды қадам басуда.
– Біз нарықта 22 жылдан бері жұмыс істеп келеміз. Әрине, бәрі бірден болмайды. Жыл сайын тәжірибе жинап, кәсіпті дамытудамыз. Мемлекеттік бағдарламалар көмегімен дамудың даңғылына шығып жатқандар көп. Қолдауға ризамыз. Тың идея болып, қолдың қысқалығы балақтан тартып жатқанда Өңірлік инвестициялар орталығы қаржылай қолдау көрсетті. Алдағы уақытта кәсіпті мұнан әрі де кеңейту жоспарда бар, – деді серіктестік өкілі.
Ал «Қызылорда Нан» ЖШС-нің нан-тоқаш, кондитерлік және макарон өнімдерін өндіру кешені тәулігіне 7 тонна өнім өндіреді. Жақын арада өндірістік қуаттылығын тәулігіне 15 тоннаға дейін арттыру жоспарлануда. Өнімнің 30 %-ы кәсіпорынның жеке сауда желісі арқылы, ал 70 %-ы Қызылорда қаласы мен оған іргелес елді мекендерге жеткізіледі.
Бұдан бұрын да Қызылорда өңірінің жол сапасы көп аймақтан алда екені айтылып жүр. Әрбір жұмыс сапалы орындалып, жұртшылықтың тақтайдай тегіс асфальтта жүру мүмкіндігі артты. Облыс әкімі барған «Қызылорда–Құмкөл» автожолының жолайрығында да жұмыс қызу жүруде. Қазіргі таңда көпірдің 5 кіреберіс қанаты асфальтталды, негізгі үстіңгі бөлігіне қиыршық тас, 800 метріне асфальт төселді.

Облыс орталығындағы қызу жұмыстың бірі «Тәуелсіздікке – 25 жыл» даңғылында жүріп жатыр. Мұнда 4 жолақты автожолмен қатар, ені 6 метр болатын жаяу жүргіншілер және велосипед жолдары салынады. Құрылыс жұмыстарын «УАД» ЖШС атқаруда.
Сонымен қатар аймақ басшысы 11 мың орындық жаңа стадионның құрылыс алаңына барды. Жаңа спорт нысаны жанынан 1000 орындық автотұрақ пен 40 орындық VIP тұрақ қарастырылған. Ғимараттың батыс секторында спортшыларға арналған жаттығу алаңы, жуыну аймақтары, киім ауыстыру бөлмелері, төрешілер мен жаттықтырушыларға арналған кабинеттер, сондай-ақ емдік массаж бөлмелері орналасқан. Шығыс секторында ауыр атлетика, бокс, гимнастика, акробатика және күрес залдары, қыздырыну бөлмелері бар. Жанкүйерлер үшін санитарлық тораптар, тамақтану және демалыс аймақтары, кафетерий, VIP-аймақтар мен жеке кабинеттер қамтылған.
«Ақмешіт-ақпарат»
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!