Жексенбі, 22 желтоқсан, 10:14

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Сапқа қосыл, азамат!

07.05.2024

575 0

– Әскерге барғым келмейді, алып қалыңызшы…
– Неге?
– Бір жыл уақыт босқа кетеді.
– Борышың емес пе?
– Жоқ, барғым келмейді.
Бұл – көбімізге таныс диалог. Қазір көке жағалаған көп еркенің қағазға түспеген өтініші осындай мазмұнда. Расымен, әскерге өздігінен сұранатындар аз, тіпті жоқтың қасы десек те болады. Бүгінгі жас буын әскерге барудан неге қашады? Осы сұраққа әскери шенділер, ата-аналар, қоғам қайраткерлері мен жастар не дейді? Бірге саралап көрейік…
Бозбалалардың көбі Отан алдындағы борышын өтегеннен гөрі, еңбекке ерте араласып, ақша табуды ойлайды. Ата-аналары да қолдан келсе ұлдарын әскерге жібермеудің қамын жасап, балаларының бұл шешімін құптайды. Ал олар әскерге барудан жалтарғаны үшін айыппұл төлейтінін біле ме? Тіпті азаматтық борышынан түбегейлі бас тартқан жағдайда қылмыстық жауапкершілікке тартылатынынан хабардар ма? Ал басында несиесі барлар не істейді? Сондай-ақ әскери борышын өтеп келген жасты қандай жеңілдіктер күтіп тұр?
Бүгінде көктемгі әскерге шақыру мерзімі жүруде. Жылына екі рет науқан кезінде жастардың әскери борышын өтеуден жалтаратындар туралы әңгіме көп. Ақпарат көздеріне сүйенсек, кейінгі кезде әскерге барғысы келетіндердің қатары азайған. Жастардың дені борышын өтеуден жалтарып, түрлі сылтаумен әскерге бармаудың жолын табады. Өйткені жастардың көбі әскерге баруды уақытты текке өткізу деп есептейді.

Қорғаныс министрлігі мәлімдеді

Қорғаныс министрлігінің «Әскери қызметке міндеттілерді 2024 жылға әскери дайындыққа шақыру туралы» бұйрығы шықты. Құжатта биыл Қазақстанның әскери міндетті 3000 азаматын әскери жиындарға шақыру жөнінде айтылған. Еске салайық, 2022-2023 жылдары 1500 азаматты әскери жиындарға шақыру хабарланып, тамыз-қазан айлары аралығында әскери жиындарға 300-ден астам жас тартылды.
Министрліктің мәліметінше, әскери жиын кезінде оған шақырылған азаматтың жұмыс орны, лауазымы, орташа айлық еңбекақысы сақталады. Ал әскери жиын аяқталған соң азаматтар біліктілігін растау үшін емтихан тапсырады.
ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз хатшысы, подполковник Руслан Тұрғымбайұлының айтуынша, Қазақстан Республикасын қорғау – әрбір азаматтың Отан алдындағы парызы әрі міндеті.
– Әрбір азамат әскери борышын өтеуі керек. Олар әскери дағдыларды үйренуі қажет. Сонымен қатар қоғамда әскердегі келеңсіз жайттар жиі айтылады. Мұндай оқиғалар бірлі-жарым жағдайда болатыны рас. Бірақ бұл әлеуметтік желіде тарап кетіп, қоғамда әскер туралы теріс пікір қалып қойған. Ал, шын мәнінде, олай емес. Бірінші кезекте азамат әскер қатарына саналы түрде келеді. Олардың әскери қызметке жарамды-жарамсыздығы толық тексеріледі. Сарбаздардың денсаулығына бірінші кезекте командирлері жауап береді. Десе де, айта кету керек, әскери қызмет қашанда қаупімен ерекшеленеді. Өйткені жауынгерлік дайындық, оқу-жаттығулар, әскери техниканы қолдана отырып жүргізіледі,– дейді Руслан Тұрғымбайұлы.

Әскерге бармағандар айыппұл төлей ме?

Биыл қалада қанша жас әскерге кетті? Айыппұл, несие және өзге де мәселелер туралы бізге қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқарма бастығы, полковник Бауыржан Асанов мәлімдеді.
– Әскерге шақыру жылдағы тәртіппен жүргізіледі. Былтыр көктемгі әскери науқанға қаладан 192 жас жіберілді. Ал биыл олардың саны 104-ті құрап отыр. Негізі бұл көрсеткіш өзгеруі мүмкін. Себебі науқан әлі аяқталған жоқ. Ал әскерге шақыртуды елемей, медициналық тексеруден өтуге келмеген жігіттерге 1000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Кейін қайда барсаң да, осы қағаз алдыңнан шығады да тұрады. Ол аз десеңіз, денсаулығына қасақана қысым келтіріп, жалған анықтама жасап алатындар да айыппұл арқалайды. Тіпті кейбір жағдайда үстінен қылмыстық іс қозғалып, әскерден қашқан азамат үш жылға абақтыға қамалуы мүмкін.
Ал әскерден босатылатындар жайы мүлдем бөлек мәселе. Қатаңдатылған шаралардың оларға қатысы жоқ. Азаматтарды әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру аудандық (облыстық маңызы бар қаланың) әскерге шақыру комиссиясының шешiмi бойынша беріледі. Оның ішінде отбасы жағдайы, білім алуды жалғастыру, денсаулық жағдайы, басқа да себептер болуы мүмкін, – дейді басқарма бастығы.
Орайы келгенде «басында несиесі бар азаматтар шақырылудан босатыла ма?» деген сауалымызға полковник үзілді-кесілді «жоқ» деп жауап берді. Оның айтуынша, қазір еліміздегі барлық банктермен әскерге шақырылған несиесі бар азаматтардың әскерде болған бір жылда несиесін уақытша тоқтату туралы келісім бар екен.

Ер балаға әке тәрбиесі жетіспейді

Сенат депутаты Ғалиасқар Сарыбаев әскерге барғысы келмейтін азаматтарға көбіне әке тәрбиесі жетіспегенін айтады. Оның айтуынша, қазір ата-ана «балам тыныш жүрсе екен» деген қағида ұстанып алған.
– Қазіргі күні әскери патриоттық тәрбиені кешенді түрде қолға алуымыз керек. Елімізде 8 мыңға жуық патриоттық клуб бар. Онда 260 мыңнан астам бала оқиды. Дегенмен әлі де мектепте, колледжде және жоғары білім ордасында жастардың патриоттық сезімін ояту бағытында жұмыс істеуіміз қажет.
Ер балалар шоғырланған жерде кикілжің болып тұрады. Бірақ соның ішінде әлімжеттікке жол беруге болмайды. Ол үшін заң мен тәртіп бар, алайда өкінішке қарай, әскерге барған азамат бұл мәселемен бетпе-бет келетіні рас. Дегенмен Отанды қорғайтын жасты тәрбиелеп жатқанымызды ұмытпауымыз керек. Оларға ертең ел үміт артады.
Жылына 500 мыңдай оқушы жоғары сыныпты бітірсе, соның ішінде 38 мыңға жуығы әскер қатарына алынады. Бүгінгі таңда балалардың бәрін әйелдер тәрбиелейді, ал әкелер бала тәрбиесінен алшақтап қалған. Мұның бәрі кері әсерін беруде. Бұрын әке балаға өзінің ісі мен мінезі арқылы үлгі болатын. Яғни әке сырттың да, үйдің де жұмысына тыңғылықты атқарды. Мұны көріп өскен бала да әкесінен үлгі алатын. Қазіргі кезде ата-ананың көбі смартфонға тәуелді болып қалған. Әке-шешенің өз баласымен сөйлесуге уақыты жоқ. Бала бүкіл ақпаратты ұялы телефоннан алады. Соңғы уақытта ата-анада «балам тыныш жүрсе болды» деген ой қалыптасты. Енді сол жіберіп алған олқылықтың орнын толтыруымыз қажет.
Екінші жағынан, елімізде ажырасқан отбасы көп. Баланың көбі ананың қолында қалып жатыр. Ер баланы кішкене кезінен еңбекке, сабырлыққа және байсалдыққа шақыратын азамат міндетті түрде керек, – дейді Сенат депутаты.

Борышы алдында бой тасалайтындар көбейді

«Әскерге барудың өзі бір ғанибет» деген қала тұрғыны, көпбалалы әке Ахмет Дарханов өзінің әскердегі кезін еске алды.
– Біздің кезде баласы әскерден келген отбасы көрші-қолаң, ағайын-туыс, дос-жаран, құда-жекжатты шақырып, мал сойып, ет асып мәре-сәре болып жататын, әйтеуір. Баталы, аталы сөздердің тиегі ағытылып, әскерден келген сарбазға жақсы тілектер айтылатын. Ал ауылдың қарадомалақтары үшін мұндай басқосулар дүбірге толы той іспеттес еді!
Әскерге аттану мен оралу үлкен маңызға ие еді. Кеше ғана бәтеңкесінің бауын байлай алмайтын, қалғып-мүлгіп, өріске малын айдай алмайтын ағаларымыздың екі жылдан соң ертегідегі ерлердей елге оралғандағы бітім-болмысына тамсана қарайтын едік. Шын мәнінде, шыныққанын шымыр денесі айқындап тұратын. Мінез-құлқы да өзгергенін аңғаратынбыз. Біріміз – қалың қайыс белдігін, біріміз ай пішіндегі әскери телпегін олжалап, әйтеуір, мәз болып жататынбыз. Оны көздің қарашығындай қастерлеп, айналамызға мақтана көрсетіп, маңғазданатынбыз. Байқасақ, біздің әскерге бару арманымыз осылай қалыптасқан тәрізді. Әскер де өмір мектебінің бірі екендігін ұғынған кез сол тұс болса керек…
Бүгінде заман басқа, заң басқа, адам да басқа. Алайда қай кезде де ер-азаматтың ел алдындағы жауапкершілігі өзгермеуі керек. Кезінде әскерге бармай қалуды ар санайтын, намыс көретін психология өз алдына ел болып, етек-жеңін енді жапқан талайлы жұрттың ұланының бойында дәл қазір атойлап тұрса игі еді. Осы күні әскерге барудан бой тасалап, бұғып қалу үрдісі кең етек жаюда. Сарбаз саны жеткіліксіз. Әлжуаз, дімкәс ұрпақты былай қойғанда, шақырту қағазы жіберілген тепсе темір үзетін тегеурінділердің өзін жергілікті әскери комисариаттар жер-көктен іздеп, сабылып жүр. Бұл – өте өзекті мәселе.
Өзім алты баланың әкесімін. Төрт қыздан кейін екі ұлым бар. Бірақ қазір ұлдарым мектеп оқушылары болса да осы кезден әскердегі қызықтарды айтып отырамын. Жалпы ұлдардың тәрбиесіне үйде өзім жауаптымын, – дейді көпбалалы әке.

Әскерге барғым келмейді

Негізі әскерге 18-27 жас аралығындағылар шақыртылады. Тепсе темір үзетін он тоғыз жастағы жігітпен әңгімелесіп отырмын.
– Әскерге барғым келмейді, – деді ол.
– Неге?
– Қорқамын. Ол жақта ұрады, соғады. Тәртіп қатаң. Ерте тұруың керек. Уақытың бекерге кетеді. Одан да көлік жусам да ақша тапқаным олжа, – дейді Әлихан. Отанын жанымен қорғайтын болашақ сарбаздың боркемік сөзі осы. Әлихан сияқтылар біреу емес, мың-мыңдап саналады. Солай, жастарымыздың жүрегінде рух, намыс, жауапкершілік жоқ.
– Бұрын әскерге бармағандарды қор, бейшара санайтын. Қазір олай емес. Негізі әркімнің өз еркі ғой. Барғысы келетіндерге таласым жоқ, барсын. Мен үйдегі жалғыз ұлмын. Әкем әскерге барған. Бірақ анам әскерге баруыма қарсы. Анамның қарсы болатын себебі де бар, қазір әскерде неше түрлі жағдай болып жатқан жоқ па? Естіп, көріп жатырмыз ғой. Сондықтан үйде жүргенім дұрысырақ, – дейді қаланың жас тұрғыны.
Қазір әскери уақыт бір жыл. Жігіттеріміз осы аз уақыттың өзіне де шыдамай жатыр. Ал шындап келгенде, нағыз сарбаз болып қалыптасуға бұл өте аз уақыт.

Әскерге барғандар қалаған оқуына
түсе алады

Әскерге барғысы келмей жүрген он тоғыз жастағы Әлихан қаржылық жағдайына байланысты әлі оқуға түспеген. Сөзіміздің басында өзі айтып өткендей, автосалонда жұмыс істеп, күнделікті несібесін тауып жүр. Бірақ Әлиханды әңгімеге тартып, ойын өзгерткіміз келді. Себебі былтырдан бастап, елімізде әскери борышын өтеп келгендер Қазақстан бойынша 85 жоғары оқу орнына ҰБТ тапсырмай оқуға түсе алады. Осындай керемет мүмкіндікті Әлиханға да айтып көрдік.
– Әлихан, мүмкін әскерге барып келген соң өзің қалаған оқуға түсерсің?
– Иә, оқуға түсуге болады дегенді естідім. Бірақ анам ақылы болса да өзіміз оқытамыз деп отыр. Қандай жеңілдік болса да әскерге барғым келмейді, – деген жауап алдық.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: