Сейсенбі, 11 қараша, 01:49

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№86, (2198)
11.11.2025
PDF мұрағаты

Сауда орнында өз құқыңызды білесіз бе?

11.11.2025

30 0

Жыл сайын супермаркеттер мен сауда орталықтарына сұраныс артып келеді. Алай­да жайлылықпен қатар даулы жағдайлар туындайтыны жасырын емес. Мысалы, қауіп­сіздік қызметкерлері сөмкеңізді арнайы ұяшыққа қалдыруды талап етеді немесе сөмкені ашып көрсетуді сұрайды. Мұндай әрекеттердің қаншалықты заңды екенін түсіндірейік.

Біріншіден, «Тұтынушылардың құқық­тарын қорғау туралы» Қазақстан Республика­сының Заңы (24-бап) азаматтың тауарлар мен қызметтерге еркін және қауіпсіз қол жеткізу құқығын бекітеді. Бұл сатып алушы сауда залына жеке заттарымен, яғни сөмкемен, рюкзакпен еркін кіре алатынын білдіреді. Заңның ешқандай нормасы оларды сақтау камерасына тапсыруға міндеттемейді. Егер күзетші сізге мұны ұсынса, өз еркіңізбен келіскен жағдайда ғана заң шеңберінде әрекет етеді. Мұндай жағдай ҚР Азаматтық кодексінің 39-тарауында, «Сақтау шартымен» реттеледі. Ал 380-бапқа сәйкес кез келген шарт өзара келісім бойынша жасалады.

Көбіне күзетші сөмкені ашып көрсетуді сұрайды. Алайда бұл талап емес, сыпайы өтініш қана және сіз бас тартуға толық құқығыңыз бар. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне (ҚР ӘҚБтК) сәйкес, 16-бапта жеке тексеру және заттарды тексеру тек әкімшілік құқық бұзушылық жасалған жағдайларда ғана, тек уәкілетті органдар, яғни полиция қызметкерлері тара­пынан жүзеге асырылуы мүмкін. Сонымен қатар мұндай іс-шаралар бейнежазбаға түсі­ріліп, міндетті түрде хаттама толтырылуы керек(ҚР ӘҚБтК 791-бабын қараңыз). Күзетші сізді ұстап алуға да, тексеруге де құқылы емес. Күзетші полицияға қоңырау шалып, оның келуін күтуі керек.

Күзетшілердің өкілеттіктері «Күзет қыз­меті туралы» ҚР Заңымен қатаң реттелген. 1, 3 және 4-баптарға сәйкес, күзетшілер қауіп­сіздікті қамтамасыз етеді және мүлікті қор­ғайды, бірақ бұл ретте азаматтардың құқық­­тары мен бостандықтарын бұзуға құқы­­ғы жоқ. Бұл олардың жеке тексеру жүр­гі­зуге, тінтуге, заңды негізсіз күш қол­дануға немесе қозғалыс еркіндігін шек­теуге құқығы жоқ екенін білдіреді. Күзет қыз­мет­керінің өкілеттігін асыра пайдалану ҚР Қылмыстық кодексінің 252-бабы («Жеке күзет ұйымы қызметкерлерінің өкілеттігін асыра пайдалану») бойынша қылмыстық жауаптылыққа әкелуі мүмкін.

Егер сіздің құқықтарыңыз бұзылған болса, сабырлы әрі сауатты әрекет етіңіз. Заңсыз талаптардан сыпайы түрде бас тартыңыз, полиция шақыруды ұсыныңыз. Не болып жатқанын бейнежазбаға түсіріп алыңыз немесе куәгерлерді тарту арқылы тіркеңіз, содан кейін супермаркет әкімшілігіне шағым түсіріңіз немесе жергілікті полиция бөліміне жүгініңіз.

ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Қызылорда облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: