Жексенбі, 22 желтоқсан, 16:35

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Саулық сыйлау – бақыт

11.05.2024

807 0

Жүрек қалауы адамды қандай қиындық болсын жеңе білуге жетелейді. Ақ шағаладай қалықтаған бала арман өрімдей қызға қанат бітірді. Қиял құсы болған арманына қол жеткізу үшін көп ізденіп, оқу-білімге ұмтылып тер төкті. Бақыт баспалдағына көтерілсем деген ізгі ниеті адамдардың дертіне дауа болатын мейіргерлік мамандыққа қарай қадам бастым. Ауылдың шағын дәрігерлік емханасындағы ақ халаттылар ешкімге ұқсамайтын адал мамандық иелері саналатын. Олардың жылы жүзі, сыпайы сөзі, үлкеннің де, кішінің де тілін таба білуі осы мамандыққа деген қызығушылығын қалыптастырды. Бейне бір дәрігердің қолында сиқырлы күш бардай сезілуші еді. Бала қиял осылайша ақиқатқа айналды.

1995 жылы 10 шілдеде, Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Дүр Оңғар ауылында дүниеге келген біздің кейіпкеріміз Алма Қалабекова 2015 жылы Қызылорда қаласындағы Жоғарғы медицина колледжінде «Жалпы мамандандырылған мейірбике ісі» бөлімін бітіріп, сол жылы аудандағы «Ай-Ерке» балабақшасында мебдике болып өз қызметін бастайды. Мұнан соң 2016 жылы № 3 қалалық емхананың алдын ала егу кабинеті медбикесі болып жұмысқа орналасады. 2017 жылдан бері аймақтық медбике қызметін атқарып келеді. Өз қызметіне адал, кәсіби маманның кеңесіне жүгінетін науқастар көп.
– Қарапайым тұрғындардың алғысын алу мен үшін үлкен бақыт. Өзім қалаған мамандық болған соң қиындығымен күресіп, науқастар сауығып кеткенше бақылап отыруды әдетке айналдырғанмын. Мейіргер – мәртебелі мамандық. Қазір бұрынғыдай емес, заманауи технология. Қағазбастылықтан арылып келеміз. Аумақта есепте тұратын науқастардың сараптамасы электронды түрде жіберіліп отырады. Ең бастысы өзіңе жүгініп ем іздеп келген науқасқа жылы шырай танытып, қамқор болу, жұмысын жылдам орындау, баратын жеріне бағдарлау, науқасын асқындырмауға жәрдемдесу. Өзімнің аумағымдағы тұрғындарды аралап, жаңа туған нәресте болса тіркеп, үйде ем алатын мүгедек кісілер болса дәрі береміз, олардан жылы сөзімізді аямаймыз. Біздің емхана қаладағы ең үлкен емдеу орнының бірі. Барлық жағдай жасалғандықтан мұнда науқастар көп тіркелген. Осындай сенім артылып отырғандықтан біз де өз міндетімізді адал атқаруға тырысамыз. Мұнымен қоса отбасылымын. 1 қыз, 1 ұл тәрбиелеп отырмын. Перзенттерімді де өз мамандығына адал болуға тәрбиелеймін. Адалдық – адам баласының асыл қасиеті. Әр маман өз ісіне немқұрайлы қарамай, қажырлы еңбек етіп, ел дамуына өз үлесімді қоссам деймін. Дәрігер де, мейіргер де қазір тапшы мамандықтың бірі. Сондықтан жастар адам жанына араша болар осы мамандықтың қиындығынан қашпай, таңдаса деймін. Біреуге саулық сыйлау өміріңді ұзартады. Себебі көптің батасына кенелесің, – дейді мейіргер Алма Қалабекқызы.
Мейіргердің сөзінің жаны бар. Алғыс пен бата адам жанын бақытқа бөлейді. Өз мамандығыңның жемісін көріп, бақытты болғанға не жетсін?!

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: