Бала күнімізде «ауылға жаңа отбасы көшіп келіпті» дегенді жиі еститін едік. Мұнан соң әр үй кезек-кезек оларды тамаққа шақырушы еді. Дастархан басында танысып-білісіп, оның жоғын түгендейді. Сәл уақыттан соң «жаңа адамдар» да ауылға сіңісіп, туысыңдай болып кететін. Ал қазір…
Ауылға анда-санда жол түскенде көрші-қолаң, ағайын-туыстың жайын сұрай қалсақ, «олар қалаға көшіп кетті» дегенді жиі естиміз.
2030 жылы қалада тұратын халық саны 14 млн адамға жетеді, ал 2050 жылы 20 млн адамға жуықтап қалуы мүмкін. Бұл – ресми ақпарат. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ, Болжау және зерттеу департаментінің сарапшылары туу, өлім және көші-қон көрсеткіштері негізінде демографиялық болжам әзірлеген. Сарапшылар талдауына сүйенсек, 2030 жылға қарай қала халқының саны арта түседі. Мәселен, 2030 жылға қарай қалада тұратын қазақстандықтар саны 13%-ға артып, 14 млн-ды құрайды, 2050 жылға қарай 57%, 19,3 миллионға өседі деп болжаған.
Ал ауыл халқының санында қатты өзгеріс бола қоймайды. Десе де 2030 жылға қарай ауыл халқының саны 1%-ға артып, 7,7 млн адамды құрауы мүмкін. 2050 жылға қарай-шамамен 9%-ға өсіп, 8,2 млн адамға жетіп қалады. Жалпы 25 жылдан кейін елдегі халық саны 27,5 млн-ға жетуі ықтимал. Сарапшылар 2030 жылға қарай Астана, Алматы, Шымкент қаласында халық саны арта түсетіндігін айтады. Мәселен, Астана қаласында адам саны 39%-ға артып, 1,9 млн-ға, Алматы қаласында 21%-ға артып, 2 млн 664 мыңға, Шымкент қаласында 17%-ға артып, 1 млн 416 мыңға жетеді деген болжам жасауда. Демек, ауылдан қалаға көш тоқтамайды деген сөз. Еңбек ресурстарын дамыту орталығының сарапшылары 2030 жылға қарай тек 5 өңірде ғана ауыл халқының саны өсетінін айтады. Оның ішінде Қызылорда облысы да бар. Зерттеушілердің ақпаратына сүйенсек, 2030 жылға қарай Алматы облысында халық саны 140,8 мың адамға, Түркістан облысында – 94,7 мың, Маңғыстау облысында – 58,1 мың, Қызылорда облысында – 26 мың, Атырау облысында – 21,5 мың адамға артады. Ал алдағы 5 жылда Қостанай, Абай, Солтүстік Қазақстан облыстарында адам саны азайып кетуі мүмкін. Атап айтқанда, Қостанай облысында – 37,1 мың, Абай облысында – 35,2 мың, Солтүстік Қазақстан облысында 33,8 мың адамға азаяды.

2050 жылға қарай аталған орталық сарапшыларының болжамы бойынша ауыл тұрғындары санының артуы бойынша Маңғыстау өңірі көш бастайды. Өңірде бұл уақытқа қарай адам саны 2,1 есе артып, 736,6 мыңға жетуі ықтимал. Бұл аралықта облыстағы халық саны 384 мыңға көбейеді. Екінші орында – Түркістан облысы тұр. Бұл аймақта халық саны 355 мыңнан 878,7 мың адамға дейін артып, 1,7 есе өседі. Одан кейін Ақтөбе облысы тұр. Мұнда адам саны 307 мыңға өсіп, 1 млн-ға жетуі мүмкін.
Ауыл тұрғындарының саны азаю жағынан Қостанай облысы көш бастауы мүмкін деген болжам бар. Бұл облыста халық саны 163,6 мың адамға қысқарып 151,7 мың адамды құрайды, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 52% – ға аз. Абай облысында 149,6 мың адамға азайып, халық саны 87,6 мың адамды құрайды. Солтүстік Қазақстан облысында ауыл халқының саны 2050 жылға қарай 141,6 мың адамға қысқарып, 131,3 мың болады
Орталық сарапшыларының пікірінше, 2050 жылға қарай Қазақстанда қала халқының үлесі 70 пайызды құрайды деген болжам жасалған.
«Ана тілі» газетінде жарық көрген «Ауылға барамын» атты мақалада қалаға көшкен қазақтың жыл артқан сайын көбейгенін тілге тиек етіпті. Мұнда: «2024 жылғы 1 шілдедегі дерек бойынша Қазақстанда 6 208 ауыл бар. Бірақ бұл 2023 жылмен салыстырғанда 78-ге аз. Олардың біразы таратылған. Таратылған 78 елді мекеннің 50-і Түркістан және Қостанай облыстарында. Қалған 28 ауыл Алматы, Шығыс Қазақстан, Абай және Қарағанды облыстарына тиесілі. Мұны неге айтып отырмыз? Ұлттың урбанизацияға бейімделуі белең алып бара жатыр. Қалаға көшкен қазақ көбейді. Жалпы еліміздегі халық санының 38,4 пайызы қазір ауылда тұрады» деген дерек келтірген.
Өткен айда ауылдардың болашағына алаңдаған мәжіліс депутаттары Үкімет басшысына сауал жолдады. Мәжілісмен Ринат Зайытов бастамашы болып, 8 депутат үн қосқан депутаттық сауалда ауылдан көшкен қазақтың, иесіз қалған ауылдың жайын айтып, дабыл қаққан екен:
– Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғалы түрлі саланың даму бағыттарын, өңірлердің өркендеуін көздейтін бағдарламалар аз болған жоқ. Бірақ сол салалардың ішінде қайырымсыз баласы қаңғыртып жіберген қарияның күнін кешкен ол – біздің ауылдар. Оны өзіңіз де жақсы білесіз. Қажетті инфрақұрылымның сапалы медицина мен білімнің, тұрақты жұмыс пен табыстың, тіпті қарапайым интернеттің жоқтығынан 34 жылдың ішінде өз туған ауылын амалсыздықтан аз адам тастаған жоқ. Соның салдарынан қаншама ауылымыз «мүжілген сүйектей» мүшкіл халге жетіп, жабылып қалды. Нақты сандармен айтсақ, соңғы 5 жылда ШҚО-да 350 ауыл, СҚО-да 635, Павлодар облысы бойынша 352 ауыл бос қалды. 2024 жылдың өзінде-ақ СҚО-да 141 ауыл мәртебесінен айырылған. Көзіңе еріксіз жас, көңілге мұңды күмән ұялататын статистика. Бұл – жай ғана ауылдардың саны емес, мыңдаған отбасының туған жері, ұшқан ұясы, өмірінің тарихы ғой. Ауыл деген жай жаба салатын есік емес, қазақтың алтын бесігі екенін неге ұмыттық?», – деп жазады халық қалаулысы.

Ауылдың әлеуетін көтеруді мақсат еткен бағдарламалар жүзеге асып жатқанымен бұл бар ауылдың еңсесін тіктеуге көмектесе алмайтынын айтқан халық қалаулысы бүгінде ауыл қазағына бір іс бастайын десе, кедергі көп, қаржы жоқ екенін алға тартты.
– Иә, Үкіметтің «Ауыл – ел бесігі» және AMANAT партиясының «Ауыл аманаты» деген ауыл тамырына қан жүргізетін, сәтті бағдарламалары ұсынылып жатыр, оларды тіпті енгізді де. Нәтижесі де жаман емес. Бірақ бір-екі бағдарлама Қазақстанның барлық ауылдарын гүлдендіріп жібере алмайды ғой. Күні кеше ғана Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысындағы өзінің қорытынды сөзінде: «Ауылдық аймақтарды жан жақты дамытуға арналған мемлекеттік қолдау шараларының бәрін бір бағдарламаға біріктіру дұрыс шешім болмақ, яғни «Ауыл аманаты», «Ауыл – ел бесігі» және тағы басқа бағдарламалар» –деп атап өтті.
Бүгін де ауыл тұрғындары өз күнімен қандай да бір іс бастайын десе де кедергілер өте көп, мал бағып, егін өсірейін десе, жері, кәсіп бастайын десе, қаржысы, қажетті инфрақұрылымы да жоқ. Тұрғындарын былай қойып, ауылдың әкімінде де қарапайым қажеттіліктерді өтейтін бюджет те, техника да, пәрмен де жоқ. Ауылдарды осындай күйге жеткізген соң, ауыл халқына неге көштің деп қай бетімізбен айтамыз? «Арқада аяз болмаса, арқар ауып несі бар» дегенді бәріміз білетін шығармыз? Алдағы уақытты Абай облысы Аягөз ауданында да 10-нан астам ауылды жапқалы жатыр екен. Оның алдын алуға талпынып жатқан бір лауазымды тұлға жоқ. Қазақ өз тамырын өзі балталаса, қалай гүлдемек?! – деген халық қалаулылары Үкімет басшысына ауылдың еңсесін тіктеуге мүмкіндік беретін бірнеше ұсыныстарын да айтты. Атап айтқанда, ауыл әкімдерінің пәрменін күшейтіп, яғни тиісті әрекет ету механизмдерін қолына беру керек. Екіншіден, бір ауылға бір техника, яғни ауылдарды техникамен қамту бағдарламасын қарастыру. Бұл мәселені ұлттық деңгейге көтеріп, Үкімет басшылығы және облыс әкімдері деңгейінде қоныс аудару жөніндегі мемлекеттік комиссия құруды, ауылдық жерлерге жастарды тұрақтандыру және қоныстандыруға бағытталған жұмыс жоспарын құру, оны ауылдық жастарға жеткізуді ұсынды.
Жыл өткен сайын ауыл қазағы қалаға көше берсе, ұлттың алтын бесігі саналатын қарашаңырақ иесіз қалмай ма деген сауал өзекті күйінде тұр. Ауылым көшіп барады…
Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!