Жексенбі, 22 наурыз, 01:52

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№21 (2232)
22.03.2026
PDF мұрағаты

Сеңсең тон, саптама етік, түлкі тымақ…

22.03.2026

36 0

Сеңсең тон, саптама етік, түлкі тымақ,

Тазы ертіп аңшы шықты, бүркітін ап.

Омбы қар. Қыстау маңы жайбарақат,

Қарайды айналаға күн шытынап…

Ақын Фариза Оңғарсынованың «Қыр келбеті» өлеңінде қыр қазағының киген киімі осылай суреттеледі. Кейін­гі буын өлеңде суреттелген бұл киім­нің бірін де білмейді. Қазір аяққа кигеніміз қытайдыкі ме, түріктікі ме, әлде басқаныкі ме, бәрібір. Қалтаға қонымдысын киіп жүрміз. Ал қазақтың саптама етігі қайда? Өлеңге арқау болған саптама етік бар ма өзі?

Қазақ халқының рухани құнды­лықтары туралы айтқанда өзгеден ерек­ше өрнегімен көзге тү­сетін ұлттық киімдердің орны ерекше. Соның ішінде аяқ киімнің өзі тек тұрмыстық бұйым ғана емес, халықтың өмір салты мен дүниетанымын бейнелейтін мәдени мұра ретінде саналады. Бүгінде етікшілік кәсіпті қолға алып, ұлттық мұраны осы күнге дейін жеткізетіндердің қатары сиреген. Ұлттық киімдердің түрлері ұмытыла бастағаны рас. Біздің кейіпкеріміз ата мұрасын жалғап жүрген шеберлердің бірі, Жандаулет Қарекеев саптама етік тігуді кәсіп еткен. Мағжан Жұмабаев «Жүрген жанның артында ізі қалар, етікші өлсе, балға мен бізі қалар»  дегендей, бүгінгі кейіпкеріміз ата-баба жолын жалғап келеді.

Шебердің айтуынша, саптама етік тігу – кез келгеннің қолынан келе бермейтін ауыр, әрі төзімділікті талап ететін жұмыс.

– Саптама – қазақтың көнеден келе жатқан ұлттық аяқ киім түрі. Оның басты ерекшелігі – сапасы мен төзімділігінде. Іші қалың киізден, сырты табиғи былғарыдан тігілетін бұл етік қыста жылы. Сондықтан оны көбіне малшылар киеді. Етікшілікке еріншек адам шыдай алмайды. Бұл – білек пен шыдамды қажет ететін кәсіп. Бір саптама етікті тігу үшін кемінде 10 күн уақыт кетеді, – дейді ол.

Шебер етіктің әр бөлшегін асқан ұқыптылықпен жасайды. Етіктің ішіне қалың киіз салынып, сырты былғарымен қапталады. Арнайы көн тері ысқыланып, керіліп, қалыпқа келтіріледі. Кейін ағаш шегемен бекітіледі. Бұл – ата-бабадан қалған дәстүрлі тәсіл.

Бүгінде саптама етік тігетін шеберлердің саны аз. Ал сұраныс жоғары. Елдің түкпір-түкпірінен тапсырыс түседі. Шебер әлеуметтік желі арқылы да тапсырыс қабылдап, саптама етік тігуде.

– Саптама етіктің бірнеше түрі бар. Мәсі, домбай саптама, заманауи үлгілер. Әсіресе домбай саптамаға мотоцикл жүргізетіндер жиі тапсырыс береді. Бағасына келсек, қара­пайым саптама 125 мың теңгеден басталса, күрделілігіне қарай 145 мың мен 200 мың теңге аралығында, – дейді ол.

Шеберді бұл кәсіпке әкесінің өтініші мен атадан қалған мұраны жоғалтпау ниеті жетелеген.

– Ата-бабам ұста болған. Атамның ше­берлігіне бүкіл ел там­санған екен. Ол бір қыздың жасауын киімінен бастап, зер­гер­лік бұйымы мен аяқ киі­мі­не дейін жал­­ғыз өзі жа­сап береді екен. Атам­нан қалған біз, был­ғары, жіптерді көріп, соны зерттеп, өзім үйрендім. Алғаш тіккен етігімді 200 мың теңгеге саттым. Қол жұмысы болғандықтан ұзақ уақыт алады. Аяқ киім тек таза былғарыдан тігіледі. Дизайнын тапсырыс берушілермен келісіп жасаймыз. Осы уақытқа дейін тапсырыс берушілерден теріс пікір айтылған емес. Біз ұлттық дәстүрді ұлықтап жүргендіктен, соған сәйкес тігеміз. Бұрынғы ата-бабаларымыз киген аяқ киімдердің де түрлері көп болған. Тіпті адам ағзасына да пайдасы бар еді. Қазіргі базардағы аяқ киімдердің табанындағы материалдар жасанды тері. Ал олар адамның аяғын терлетіп, тоңдырады. Сондықтан күн суықта қалың саптама етікті сұраушылар көбейеді. Әсіресе, солтүстік өңір тұрғындарынан көп тапсырыс түседі, – дейді ол.

Негізгі мамандығы жүк көлігін жүргізуші болғанымен, етікшілік  кәсібіне айналған. Қыс күндері тіпті демалыссыз жұмыс істейтін күн­дері де бола­ды. Тапсырыстың көп­ті­гі­нен кейбір тұтыну­шы­лар жаз­дың өзінде алдын ала тап­сырыс береді. Шебер отандық өнімді қолдауға да мән береді. Был­ғарыны Тараз, Алматы қалаларынан алса, бүгінде Шымкентте түрік мамандары илеген сапалы теріні де пайдаланып жүр.

Алайда шеберді алаңдататын бір мәселе – шәкірт тәрбиелеу.

– Бұл өнерді үйренуге қызығушылық танытатын жастар аз. Бірақ ынтасы бар адам болса, үйретуге дайынмын, – дейді ол.

Бүгінде ұлттық құндылықтарды жаңғыртып, саптама етікті заманауи үлгіде дамытып жүрген шебердің еңбегі – ұрпаққа үлгі. Се­бебі ұлттық кәсіп осындай қолөнер иелерінің арқа­сында сақталады.

Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: