ойыны
Қаламыздағы жаратылыстану-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 7 сынып оқушысы Нұрасыл Әбдікер «Эмоция тілі – сезімді сөйлететін сөздер әлемі» атты үстел ойын жобасын жасады. Бұл ойын қазақ тіліндегі тұрақты тіркестер арқылы эмоция мен көңіл-күйді меңгертуге арналған. Жоба мектепішілік «Зерде» шығармашылық зерттеу конкурсының да, еліміздегі 21 Назарбаев Зияткерлік мектеп желілері арасында өткен байқуда да І орын жеңіп алып, республикалық кезеңге жолдама алды. Нұрасылдан бұл жобаның ерекшелігін сұрадық.
– «Эмоция тілі» атты үстел ойынын жасау ойыңызға қалай келді?
– Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» романын оқыған соң идея келді. Сол шығармада кездесетін тұрақты сөз тіркестерінің көп екеніне және олардың эмоцияны өте әсерлі жеткізуіне назар аудардым. Оқырман ретінде эмоциялық тіркестерді толық түсіну қиын екенін байқадым. Мысалы, достарыма сол тіркестердің мағынасын түсіндіру оңай болмады. Сондықтан мен осы мәселені зерттеп, эмоцияны білдіретін тұрақты тіркестерді түсіндіруді ойын түрінде ұсынуды жөн көрдім.
– Бұл ойын арқылы тілге қатысты қандай мәселені шешуді мақсат еттіңіз?
– Сыныптастарым тұрақты тіркестердің мағынасын толық түсінбей, әрбір қажет сөз тіркесінің мәнін іздеп, сөздікке жүгінетін. Яғни тілді терең меңгеру, шығарманы түсіну кейбір оқушылар үшін қиын. Менің мақсатым – осы мәселені шешу. Сондықтан тұрақты тіркестерді ойын арқылы меңгертуге тырыстым. Мұндай тәсіл тұрақты тіркестерді жаттауды жеңілдетіп, тіл байлығын арттыруға көмектеседі деп ойлаймын.
– «Ұшқан ұя» шығармасын оқу барысында байқаған қиындықтар жобаны дамытуға қалай әсер етті?

– Шығармадағы кейбір тұрақты тіркестерді толық түсінбей қалған балалар кітаптың мазмұнына терең бойлай алмады. Мен осыған назар аударып, эмоцияны білдіретін тұрақты тіркестерді зерттеу жұмысын бастадым. Ең күрделі кезең – эмоциялық тұрақты тіркестер туралы ғылыми еңбектерді іздеп тауып, зерделеу болды. Қазақ тіл біліміндегі фразеология саласында бұл тақырыпты зерттеген зерттеушілердің еңбектеріне қарағанымда, кейбір тұстарын түсіну қиынға соқты. Жетекшілерім Ақбота Серікқызы мен Гүлзат Бурабайқызының ақыл-кеңесі мен көмегі аса маңызды болды. Олардың қолдауымен мен мағынаға бай, күнделікті қолданыстағы тұрақты тіркестерді таңдадым.
– Тұрақты тіркестерді қалай іріктедіңіз?
– Мен эмоция мен көңіл күйді нақты ашып көрсететін, күнделікті өмірде жиі қолданылатын және оқушылар үшін танымдық тұрғыдан қажет тіркестерді таңдауға тырыстым. Мысалы, қуаныш, реніш, қорқыныш, ашу сияқты сезімдерді бейнелейтін тұрақты тіркестерді таңдап алдым. Бұл тек сөз тіркесі ғана емес, адамның ішкі толғанысы мен көңіл-күйін жеткізетінін тілдік ерекшелік ұқтым. Тұрақты тіркестер оқушыларға эмоцияны өз тілінде еркін жеткізуге әрі қызығушылықты арттыруға көмектеседі деп сенемін.
– «Эмоция тілі» ойыны оқушыларға қазақ тілін үйренуге қаншалықты көмектеседі және сабақта қолдану қаншалықты тиімді?
– Бұл ойынның бір артықшылығы – оқушылардың сөздік қорын байытады, әрі қазақ тілінде дұрыс, көркем сөйлеп үйренуге көмектеседі. Сабақта осы ойынды қосымша ретінде қолданған кезде балалар мәтіннің мазмұнын терең түсініп, пікірталасқа белсенді қатысады. Мен сыныптастарыммен бұл ойынды ойнап көрдім. Олар қызыға қабылдап, ойынның арқасында тұрақты тіркестерді тез жаттап алғанын айтты. Жалпы айтқанда, «Эмоция тілі» оқушыларға сөз мағынасын түсінуде қызықтырушы құрал ретінде пайдалы болды.
– Республикалық кезеңге қандай жаңашылдықтармен барасыз? Ойынның онлайн форматындағы нұсқасын жасау жоспарыңыз туралы айтып берсеңіз.
– Жетекшілеріммен бірлесіп «Эмоция тілі» ойынын онлайн жоба ретінде жасауға ниеттіміз. Нақты айтқанда, ойынның компьютерлік нұсқасын әзірлеуді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар болашақта бұл платформаға басқа да әдеби шығармалардағы тұрақты тіркестерді мағынасымен бірге енгізіп, оқушылар мен оқырман қауымға арналған қосымша материал шығару ойымызда бар. Яғни онлайн бағдарламамыз оқушыларға қазақ әдебиетінің әртүрлі шығармаларынан эмоциялық фразеологизмдерді жинақтап, оларды ойын форматында меңгеруге мүмкіндік береді. Алдағы уақытта қазақ тілінің мақал-мәтелдері мен шешендік өнеріне қатысты жобаларды қолға алғым келеді.
– Осындай жобаға қызығушылық танытқан оқушыларға қандай кеңес берер едіңіз?
– Ең бірінші, өз идеяңызға сеніңіз. Өзіңізді қызықтырған тақырып бойынша көп кітап оқып, тың деректерді зерттеңіз. Ең бастысы, қорықпау және өз күшіңізге деген сенім.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан София Хайрулла
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!