Талант жас талғамайды. Тұлпарды шабысынан байқап, ерте бәйгеге қосады. Өнерде де өрен жүйріктер бар. Домбыра қағысынан-ақ қабілеті байқалатын осындай хас жүйріктің бірі – Бексұлтан Орынбасаров. Арал ауданы, Шөмішкөл ауылында дүниеге келген өнерпаз бүгінде қалалық «Жастар» театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі және облыстық филармонияның дәстүрлі орындаушысы, педагогика-психология ғылымдарының магистрі.
Ол 16 жасынан үлкен сахналарға именбей шығып, тіпті жеңімпаз атанды. Алғаш рет 2017 жылы Алматы қаласында өткен халықаралық «Бозторғай» байқауында дәстүрлі өнер жанры бойынша І орын алып, өнерсүйер қауымның назарын өзіне аударды. Араға жыл салып, «Менің пірім – Сүйінбай» атты республикалық ақындар айтысының ІІІ орын иегері атануы да қаршадай баланың жеңіске өрлеген сәтті қадамы болды. Жарқыраған өнерімен елді тәнті еткен Бексұлтан әрі қарай талай асуларды бағындырып, өнер көгіне самғай берді. Мәселен, Нұртуған жыраудың 130 жылдығына орай өткен облыстық жыршылар байқауының ІІІ орын иегері, 2019 жылы студенттер арасында өткен айтыс, жыршылар байқауы және ақындар мүшәйрасының жүлдегері, 2020 жылы Әйтеке бидің 375 жылдығына орай ұйымдастырылған «Жастар жырлайды» атты республикалық жастар айтысында ерекше көзге түсіп, «Жүрсіннің жүйрігі» атанды. Ал 2020 жылы Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай өткізілген «Абай жолымен» атты айтыста белгілі ақын Жансая Мусинамен тең түсіп, көрермен көзайымы атанды. Сонымен қатар 2020 жылы «Ақмешітін жырласын ақындарың» атты жыр мүшәйрасынан жүлделі І орын, Сыр сүлейі Жәмет Сайымұлының 125 жылдығына арналған «Елім деп жыр төгілткен Жәмет жырау» атты облыстық жыраулар байқауынан І орын, «Азаттықты аңсаған арыстарым» атты айтыстан І орын, «Тәуелсіздік мәңгілік елдің тұғыры» атты облыстық жастар арасындағы айтыстан ІІІ орын, 2021 жылы Қазалы ауданында өткен «Асандар көтерілісіне – 90 жыл» толуына орай өткен айтыста І орын, сол жылы «Мәңгілік ел – мұратым» атты республикалық ақындар айтысының дипломанты атанып, өнер төрінен көрінді.
Бексұлтанның керемет жетістігі «Ең бірінші бақытым» атты республикалық айтыстан бас жүлдемен оралуы болды. Ол республикалық «Күміс домбыра» айтысында ерекше өнер көрсеткені үшін ІІ орын иегері атанса, «Сыр дарыны – 2021» байқауының айтыс жанры бойынша бас жүлде алып, «Сыр дарыны» атанды. Көп ұзамай Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай өткізілген республикалық жас ақындар айтысында жүлделі ІІ орынға табан тіреді. Болашағынан үміт күттірер талант иесі қай жарысқа барса да, жүлдесіз оралмайтынына тәнті боласың. Небары 24 жастағы Бексұлтанның бойындағы табиғи таланты мен буырқанған бұла күші, суырыпсалмалық қабілеті талайды тамсандырып келеді. Бексұлтанның «Менің пірім – Сүйінбай» халықаралық ақындар айтысына жолдама алуының өзі талант пен еңбекті ұштастырғанының дәлелі. 2017 жылдан бері қолына қара домбырасын алып, небір хас жүйріктермен үзеңгі қағыстырған жас ақын бірнеше дүркін республикалық, облыстық, аймақтық айтыстардан бас жүлдемен, жүлделі орындармен оралып, Сыр елінің мерейін асқақтатты. Биылдың өзінде Шымкент қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен «Күміс домбыра» айтысының бас жүлдесін еншілеп, «Күміс домбыра» иегері атанды.
Ақындық пен жыршылықты қатар алып келе жатқан өнер иесінің жыр қорында Сыр сүлейлерінің терме-толғауларымен бірге ақын Нұрхан Ахметбектің «Ұры Қарға», Кете Жүсіптің «Шаһзада» Айбек Тәңірбергеновтің «Қира ат» және лиро-эпостық жыр «Қыз Жібек» те бар.
Бабадан жеткен тектіліктің төресі жыраулық өнердің шырағын жағып, ел ішінде насихаттап жүрген Бексұлтан жақында ғана республикалық «Алтын домбыра» сайысынан I орынмен оралып, айтыс аламанының тағы да бір шыңын бағындырды. Жыр додасынан шалқар шабытпен келген Бексұлтан жыраудың өз лебізін тыңдауды да мақұл көрдік.
– «Алтын домбыра» Астананың төрінде жыл сайын өтетін республикалық айтыс. Бұл додаға жылдың ең үздік ақындары таңдалып алынды. Өткен жылы «Күміс домбыра» жүлдесін алған соң дүбірлі додаға Сыр елі баптап жіберді. Қарсыласым ақтөбелік ақын Нұрбол Жауынбаев болды. Екінші айналымда қазақтың аймаңдай жарқыраған аруы Сара Тоқтамысовамен айтыстым. «Шын жүйрікке қалғаннан озған оңай» деп Қадыр атамыз айтқандай бағымыз жанып, I орынға табан тіреп, темір тұлпар мініп, олжалы оралдым. Бағым мен бабымның қатар шапқаны деп ойлаймын. Бұл айтыста бір ерекшелік болды. Көп ақындар үйреншікті мақаммен айтса, біз Сыр бойының жыраулық өнерінде қолданып жүрген мақаммен айту ерекшелігімен де ат оздырдық. Сонымен қатар жас буынның айтыс сахнасында жарқырауы да көрерменді бір желпіндіргені анық. Өйткені айтыс аламанына шыққан басқа айтыскерлер сақа ақындар болғандықтан болу керек Нұрбол екеумізге халықтың қолдауы керемет болды, – дейді айтыстың жас дүлдүлі.
Қалай десек те, Сыр елінің аманатын арқалаған Бексұлтандай жүйріктің шаршы топтағы аламанда, бәйгенің алдынан көрінгені жерлестерінің мерейін көтерді.
Гауһар АСҚАРҚЫЗЫ

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!