Сенбі, 04 қазан, 10:43

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№75,2187
04.10.2025
PDF мұрағаты

Шәкірт шырағын жаққан ұстаз

04.10.2025

38 0

Ғалым да, шахтер де бас иетін,

Ұстазым бар сенің қасиетің.

Білім берген, ой берген, ақыл берген,

Көз алдымнан кетпейді асыл бейнең деген өлең жолдары көз алдымызға мәртебелі мамандық иесі ұстаздың бейнесін алып келеді. Ұстаз – ұлағатты есім. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып , тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиетті бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаздың еңбегі зор. Сондықтан да ол әрдайым қасиетті тұлға ретінде ерекшеленеді. «Мұғалім мамандығы – барлық мамандықтың анасы» демекші, ұстаз алдынан тәрбие алмайтын жан жоқ. Ұстаз берген тәрбие әрбір жанның өміріне жол сілтер шамшырақ секілді.  Десе де, бала жүрегіне ерекше жол табатын ұстаздың да ұстазы бар. Осындай аяулы жанның бірі – «Сейілбек Шаухаманов атындағы №9 дарынды балаларға арналған облыстық «Білім-инновация»  лицей-интернатының география  пәні мұғалімі Ләззат Құлымбетова.

Мектепте шәкірттерге ширек ғасыр дәріс берген ұстаздың өткен әр сабағы оқушыға  шабыт сыйлайды.  Әр құрлықтың ерекше­ліктерін көрнекі заманауи бейне­баянмен  суреттеуге ерінбей, оқу­шының жан әлемін қызықтыра өткен жаңа сабағын шәкірттері ерекше ынтамен тыңдап, зердесіне құйып алады. 

– Түсіне білгенге география пәні өте қызық. Әр тарауды өткенде  әлемдегі материктердің құпиясын, табиғаттың тылсым кү­шін түсіндіру үшін баланы сан түрлі тәсілмен баурап алсаң, зейінін өзіңе аудара білсең, сабақ үстінде түсініп, көз жүгіртіп бір оқығаннан айтып беретін ұғымтал оқушылар бар.  25 жыл тәжірибем болғасын оқушының психологиясын танып, әр баламен  жеке жұмыс істеймін. Ұстазға ең бірінші педагогикалық шеберлік, оқушымен тіл табыса білу керек.  Сол кезде діттеген мақсатыңа жетіп,  сабақ жоспарың сәтті орындала­ды. Ұстаз мамандығына келуімнің сыры отбасында ата- анам мен апаларымның ұстаз болып қызмет атқаруы,яғни ұстаздар отбасында дүниеге келуім. Менің отбасымда әкем де, анам да ұстаз болған. Өзім де сол ұрпақтар сабақтастығын сақтап келемін. Әкем Тынымқұл Құрманбайұлы Сырдария ауданы Айдарлы ауылындағы №139 орта мектепте 42 жыл  физика-мате­ма­тика пәнінен сабақ берген  облыс­қа танымал ұстаздардың  бірі. Өз мамандығымызға адал болу­ды әкеміз бен анамыз үйреткен.  Сол кісілердің сара жолын жалғап келемін. Ұстаз бақыты – шәкіт­теріміздің жетістігін көріп, қуана білу және шәкіртінің ұстазға де­ген құрметі, – дейді ұстаз бізбен әңгімесінде.

Қорқыт ата атындағы Қызыл­орда мемлекеттік университетінің түлегі Ләззаттың еңбек жолы көп­теген ұстаздарға өнеге бо­ларлықтай.  Тынымсыз еңбегінің арқасында ол талай биікті ба­ғындырып,  озаттар қатарынан көрінді.

Ләззат Құлымбетова «Үздік педагог – 2022» байқауының жеңім­пазы, Қызылорда қаласы әкімі­нің, облыстық білім басқарма­сының, «Дарын» қосымша білім беру орталығының,  Білім және ғы­лым министрлігінің Құрмет гра­мотасы және Алғыс хатымен марапатталған. Сонымен қатар облыс әкімінің «Білім беру саласын дамытудағы еңбегі үшін», Оқу-ағарту министрлігінің «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісін өңіріне тақты. Лицейдің дамуына зор үлес қосып, сапалы білім мен саналы тәрбие беру жолындағы табысты жетістіктері үшін қаржылай сыйақы иеленіп, шетелдегі білім форумына жол­дама алды. Жыл сайын   «Білім-инновация» халықаралық қоғамдық қоры ұйымдастыратын мұғалімдер арасындағы пәндік емтиханнан жүлделі орынмен оралуда.

Ұстаз еңбегінің жемісі үздік оқушылар екені белгілі. Осы кезеңге дейін білікті ұстаздан білім алған шәкірттер пәндік олим­пиаданың қалалық, облыстық, рес­публикалық  кезеңдерінен үздік шығып, ұстаз мерейін асқақтатып келеді. Биылдың өзінде жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың об­лыстық кезеңінен 10-сынып оқушысы Орынбек Ахмет І орын,  облыстық кезеңінен 10-сынып оқушысы Айтмахан Ақниет І орын,  республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінен 9-сынып оқушысы Темірбек Қуаныш ІІ орын,  республикалық кезеңнен 11-сынып оқушысы Орынбек Ахмет ІІ  орын, облыстық кезеңнен 11-сынып оқушысы Орынбек Ахмет І орын,  облыстық кезеңнен 9-сынып оқушысы   Қылышбек Әлидар ІІ орын алып, өздерінің терең білімін дәлелдеді.

Ізденімпаз, тәжірибелі ұстаз мек­тептегі қоғамдық жұмыстарға да белсене араласады. Өзінің ұзақ жылғы тәжірибесін мектептерге таратуда.  2024 жылы авторлық бағ­­дар­ламасымен «Материктер мен мұхиттар географиясы» атты әдіс­темелік көмекші құралы жарық кө­ріп, ұстаздардың сұранысына ие болды. Әр жылдары облыстық семинарлар мен педагогтардың тамыз конференциясында маңызды баян­дама жасап, іс-тәжірибесімен бөлісіп келеді.

Өз бақытын ұстаздықтың ұлы жолынан тапқан іскер, жаңашыл педагогтың алға қойған мақсаттары көп.

– Қазақстанда жасанды интел­лект (ЖИ) бүгінде ғылыми зерт­­теулердің тақырыбы. Оны сабақ­та қолдану әдісін үйренудемін. Оқушылар арасында ЖИ-ге қы­зығушылық жоғары. Оларға дайын жауап табу ғана емес, түрлі қосымша арқылы тапсыр­ма­ны талдау, жаңа идея ұсыну, тіпті жобалық жұмысты жетілдіруге ыңғайлы. Бірақ дәл осы артықшылық кейде теріс пайдалануға да әкелуі мүмкін. Сондықтан мұғалімнің бақылауы мен бағыт-бағдары арқылы ЖИ  қолдану аса маңызды, – дейді білікті ұстаз.

Жақсы ұстаз – оқушы білімі­нің шамшырағы. Ұстаздар қауымы­на біліктіліктен өнеге көрсетіп жүрген Ләззат Құлымбетованың білім саласына сіңірген еңбегі елеулі екенін ел біледі.  Еселі еңбегімен өзін сан қырынан дәлелдеп жүрген ұстазға әсіресе шәкірттерінің құрметі жоғары. Ал шәкірттеріне бүкіл саналы ғұмырын арнаған ұстаз үшін одан асқан бақыт жоқ.

Гауһар АСҚАРҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: