Жексенбі, 24 қараша, 13:36

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

Шәкизат Қаратайұлы,«Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігі Қызылорда облыстық филиалының басшысы:Әрбір ата-ана құмар ойындардың, суицидтік ойлардың алдын алуды ойлау керек

18.06.2024

1284 0

«Сенімен болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігі – азаматтардың ерікті бірлесуі нәтижесінде құрылған ұйым. Бірлестіктің басты мақсаты – жас ұрпақ тәрбиесіне жауапты ата-ана қалыптастыру. «Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігі Қызылорда облыстық филиалының басшысы Шәкизат Қаратайұлымен бала тәрбиесінде ата-ананың рөлі туралы сұхбаттасқан едік.

– Ең алдымен бірлестіктің мақсатына тоқталсаңыз…

– Бірлестік қоғамдағы білім мен тәжірибе алмасу алаңына айналды. Әрбір құрылымдық бөлімше ұрпақ тәрбиесінде ата-ананың рөлі маңызды екенін түсіндіру мақсатында облыстық, республикалық және халықаралық деңгейде форумдар, семинарлар мен басқа да іс-шаралар өткізіп келеді. Ұйымның бас кеңсесі Астанада, 16 өңірде филиалдары орналасқан. 2021 жылдан бастап жұмыс істеп келе жатқан ұйымның құрылтайшысы – Нұркен Асанов. Мақсаты – қоғамда саналы мәдениетті қалыптастыру. Бүгінгі таңда бірлестікте 142 мыңнан астам ата-ана және 247-ден астам сарапшы бар. Бұл осы бірлестіктің қоғамдағы маңызы мен ықпалын көрсетеді. «Болашақ сенің қолыңда» – бірлестіктің негізгі ойы осы. Біздің бірлестікте сарапшылар ретінде тек мектеп директорлары ғана емес, сонымен қатар ата-аналар, тәжірибелі мұғалімдер бар. Біздің басты миссиямыз – бала тәрбиесіне назар аудару және оның пікірін ескеру қаншалықты маңызды екенін түсіндіру. Әрбір ата-ана құмар ойындардың, суицидтік ойлардың немесе ерте жүктіліктің алдын алу үшін не істеу керек екенін ойлануы керек. Біз ата-аналарға да, балаларға да осы проблемалардың салдарын ақпараттандырып, болдырмау үшін шаралар қабылдау маңызды екенін түсіндіріп келеміз

–  «Сенімен Болашақ» қандай жобалар мен бастамаларды ұсынады?

– «Сенімен Болашақ» қоғамдық бірлестігі мектептер мен колледждерден бастап уни­вер­ситеттерге дейінгі барлық деңгейдегі білім беру мекемелерімен белсенді түрде іс-шаралар жүргізіп келеді. Облыстық білім басқармасымен меморандумға қол қойып, бірлескен жұмыс пен тәжірибе алмасуға бағытталған бірқатар жұмыс жүргіздік. Біздің бірлестіктің негізгі мақсаты – ата-аналардың санасын ояту және олардың психологиялық-педагогикалық білімі мен дағдыларын арттыру. Біз балаларды тәр­биелеуде ата-аналарға жан-жақты қолдау көрсетуге тырысамыз. Ол үшін үнемі әртүрлі жиналыстар, кездесулер мен конференциялар өткіземіз, онда ата-аналар мен мұғалімдер өзекті мәселелерді талқылап, оларды шешудің тиімді жолдарын қарастырады. «Сенімен Болашақ» бірлестігі ата-аналар арасында психологиялық және педагогикалық сауаттылықты дамыту үшін жағдай жасай отырып, Қазақстанның білім беру жүйесінде шешуші рөл атқарады. Бұл қолайлы білім беру ортасын қалыптастыруға және тәрбие жұмысының сапасын жақсартуға ықпал етеді. Сондай-ақ ата-аналарға психологтардан және мамандардан қажетті ақпарат ала алатын түрлі кездесу алаңдарын ұйымдастырамыз. Балаларға әлеуметтік желінің теріс әсері көп. Бұл үрдіс ұлттық құндылығымызға көлеңке түсіріп, өске­лең ұрпаққа әсер етеді. Бірлестік мәдени мұра­ны сақтаудың маңыздылығын, балаларды өз дәстүрлерін құрметтеуге үйретеді. Мәдениет – тек өнер мен салт-дәстүр ғана емес, тұлға мен әлеуметтік құндылықтарды қалыптастыратын іргелі сала. Тақырыптық кездесулер, іс-шаралар мен білім беру бағдарламаларын ұйымдастыру арқылы біз өз дәстүрімізді ұмытпау үшін белсенді жұмыс атқарып келеміз. Бұл іс-шаралар ұрпақтар арасындағы диалог алаңы ретінде қызмет етеді, онда балалар өз мәдениетінің бірегейлігін сақтаудың маңыздылығын сезіне отырып, өз елінің мәдениетін зерттеп, бағалай алады.

– Қазіргі уақытта өңірде қандай жобалар жүзеге асуда?

– Әр өңірде қоғам дамуына үлес қосып жүрген психологтар, менеджерлер мен мамандар бар. «Сенімен Болашақ» бірлестігі шағын және орта бизнеске арналған гранттық конкурстар­ға қатыспайды, жиналыстар мен кездесулер ұйым­­дастырғанда коммерциялық мақсатты да көздемейді. Біздің қауымдастық халықтың қолдауымен құрылды және осы қолдаудың негі­зінде жұмысын жалғастыруда. Біз қоғам дамуына үлес қосуға және адамдарға көмектесуге тыры­сып, болашағымызды қалыптастыруға көмектесе аламыз деп сенеміз. Өзіміз өткізген зерттеулер мен басқа да қазақстандық зерттеу институттарының жарияланымдарының негі­зінде «Сенімен Болашақ» 2023-2024 жылдары жұмысын 10 тақырыптық бағытқа бөлді. Атап айтсам, репродуктивті денсаулық, буллинг пен кибербуллингке қарсы тұру, мектептер мен ата-аналар арасындағы тиімді ынтымақтастық, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, отбасын сақтау және ажырасудың алдын алу, отбасылық құндылықтарды насихаттау және әлеуметтік жетімдіктің алдын алу, саналы ой-сезім пен қысылтаяң жағдайларға төзімділік дағдыларын дамыту, тұлғалық даму, құмар ойындарға тәуелділікпен күресу, суицидтің алдын алу. Осы 10 бағыт бойынша пилоттық жобалар жасалған. Қазіргі кезде әр облыста түрлі әлеуметтік жобаларды қоғамдағы маңызды мәселелерді шешуде өз үлесін қосу мақсатында іске асырады. Өкінішке орай елімізде ажырасу деңгейі жылдан-жылға өсуде. Былтырғымен салыстырғанда көрсеткіш 33 пайызға өскен. Бұл мәселенің себебі көп. Бірақ әлеуметтік зерттеу жүргізгенімізде ең көп себеп отбасын дайын­дықсыз құру деген жауап болды. Осы мақсатта аймақта «Сенің болашағың» атты 6 ай бойы жүзе­ге асатын отбасын құруға дайындық мектебі пи­­лот­­ты жобасын іске асырудамыз. Мақсат – жас отбасылар арасындағы ажырасудың алдын-алу. Отбасын құратын жастарға немесе жас отбасыларды психологиялық тұрғыдан қолдау. Жобаға 200 респондент тартылды. Қаты­су­­шыларға жоба аясында тақырыптық дәріс­тер, түрлі форматтағы ауқымды іс-шара ұйым­дастырылды. Алғашқы дәрістер легі Абылай хан атындағы жоғары колледжде өтті. Жоба аясында 200 жас психологиялық, меди­циналық, ата-ана болуға дайындық бойынша оқытудан өтті. Отбасын даярлау мектебінен өтіп жатқан әр респондентті жан-жақты дамыту үшін түрлі форматтағы жұмыстарды жолға қойып, ұйымдастырып келеміз. Алдағы уақытта жоба бойынша жұмыстар жалғасын табады.

– Өткен жылы атқарылған жұмыстың нәтижесі қандай?

– 2023 жылы аймақта 217 іс-шара ұйым­дастырып өткіздік. Оның ішінде біздің баста­мамызбен – 91, шақырылушы тараппен – 126 шара. Басты 10 бағытымыз бойынша жұмыс істеп, 11 мыңнан аса ата-анамен кездестік. Өңірдегі 121 мектеп, 3 университетте болып, ұжыммен, оқушылар және студенттермен жо­лық­тық. Облыстағы мемлекеттік және жеке сек­тордағы 14 мекемемен ынтымастық мемо­рандумы бекітілді. Аймақтағы 403 педагог-психолог, 180 мемлекеттік қызметші, 411 ерекше бала тәрбиелеп отырған ата-ана, 100 жасөспірім, 422 балабақша тәрбиеленушілерінің ата-ана­лары оқыту курстарынан өтті. Репродуктивті тәрбие бойынша пилоттық жобаны сәтті жүзеге асырдық. Жыл қорытындысымен Қызылорда облыстық филиалы «Жылдың ең үздік филиалы», «Жылдың үздік филиал басшысы» номинациясын иемдендік.  Жалпы біз статистика үшін немесе сан қуып жұмыс істемейміз. Басты міндет – біз көтерген маңызды мәселелер жайлы ата-аналар мен жастардың хабардар болуы. Біз әрбір адамға сай мәдени дәстүрлерді сақтау, білім беру бастамаларын қолдау және балалар мен жасөспірімдердің психологиялық саулы­ғына қамқорлық жасаудың маңызды екенін түсіндіруге тырысамыз. Біз сана мен білімнің арқасында қоғамдағы ұзақ мерзімді өзгерістерге қол жеткізуге және әрбір баланың және оның отбасының өміріне оң әсер ететініне сенімдіміз.

– Маман кеңесі қажет болған жағдайда қалай байланысуға болады?

– «Сенімен Болашақ» бірлестігінде біз бір­қатар іс-шаралар, семинарлар, форсайт сес­сиялары және жеке кездесулер өткіземіз. Әлеуметтік желілерде ресми парақшаларымыз бар, онда біз әрқашан сұрақтарға жауап беруге және ата-аналарға көмектесуге дайынбыз. Кеңес немесе көмек сұраған ата-аналар үшін есігіміз әрқашан ашық. Біз құпиялылыққа кепілдік береміз және филиалымыз арқылы қажетті қолдау көрсетеміз. Біздің мақсатымыз мәселелерді шешуге көмектесу ғана емес, соны­мен қатар балаларды жақсы түсіну және тәрбиелеу үшін кітаптармен қамтамасыз ету. Егер бала тәрбиесінде қиындықтар туындап, қандай да бір қиын жағдайға тап болған ата-ана сайтта орналасқан ресми нөмірге хабарласуына болады. Отбасы құндылықтары мен бала тәрбиесі барған сайын қиындап бара жатқан қазіргі қоғамда кәсіби көмекке қол жеткізу ата-аналар үшін баға жетпес ресурс. Білікті мамандардың қолдауы отбасының беріктігіне айтарлықтай әсер етеді. Психологтармен және басқа мамандармен кеңесу ата-аналарға балаларының эмоционалдық қажеттіліктерін жақсы түсінуге және ата-ананың тиімді стратегияларын әзірлеуге көмектеседі. Мәліметтер құпия болып қалады, ата-ана тек телефон нөмірін қалдырады. Көмек көрсету үшін хабарласып, қаламыздағы ең жақын бөлімшеге бағыттаймыз, онда жағдайға байланысты психолог немесе басқа кеңесші мамандардан кәсіби көмек алды.

Сонымен қатар әрбір іс-шарадан кейін біз­дің ұйым анонимді сауалнама жүргізеді. Іс-шарамымызды одан да пайдалы және қызықты ету үшін қатысушылардың алдағы кездесулерде қандай тақырыптар мен мәселелерді талқылағысы келетінін білуге тырысамыз. Іс-шаралардан кейін жүргізілетін анонимді сауалнамалар өткізілетін шараның сапасын жақсартуға көмек­теседі, бұл бағдарламаларды қоғамның қажеттіліктеріне бейімдеуге мүмкіндік береді. Бұл тәсіл ата-аналар мен ұйым арасындағы сенім­ділікті арттырып қана қоймай, сонымен қатар ұсынылатын қызметтерді үздіксіз дамыту және жақсарту үшін негіз жасайды. Айта кету керек, бар ақпарат құпия болады және ата-аналар өздерінің жеке ақпараттарының қауіпсіз екеніне сенімді бола алады. Бұл сенімді арттырады және ата-аналарға олардың жеке өмірінің қорғалатынын біле отырып, өздерінің алаңдаушылықтарын ашық бөлісуге мүмкіндік береді. Тұтастай алғанда, мұндай бастамалар қоғамға оң әсерін тигізіп, бақытты отбасылар қатарын көбейтуге көмектеседі.

– Мектепке дейінгі мекемелермен қандай іс-шаралар жүргізілуде?

– Мектепке дейінгі мекемелермен үздіксіз өз­ара әрекеттесу аясында біз жақында 624 балабақша өкілдерінің, сондай-ақ тәрбиеленушілердің ата-аналарының басын қосқан «Кешкі шай» атты айтулы шара өткіздік. Шара бейресми форматта онлайн түрде кешкі сағат сегізде өтті. Бұл онлайн шара мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелеу мен дамытудың маңызды аспектілерін талқылау алаңына айналды. Апталық барысында қатысушылар оқыту әдістерінен бастап инновациялық тәсілдерге дейінгі кең ауқымды қамтитын 12 секцияда тәжірибелері мен білімдерін ортаға салды. Іс-шара­ның нәтижелерінен шығатын жалпы қорытынды қазіргі заманғы мектепке дейінгі білім беру тек оқыту мен дағдыларды дамытуды ғана емес, сонымен қатар мәдени құндылықтарды қалыптастыруда кешенді тәсілді қажет етеді. Қатысушылар балаларды мәдени байыту үдерісіне ерте қосудың маңыздылығын және ата-аналар тарапынан қолдау қажеттігін атап өтті. Мұндай іс-шаралар балабақшалар мен отбасылар ара­сындағы байланысты нығайтуға, сондай-ақ озық тәжірибелер мен идеялар алмасуға ықпал ететіні айтылды. Балалардың әлеуметтік ортаға бейімделуіне, олардың эмоционалдық деңгейіне және шығармашылық қабілеттерін дамытуға қатысты мәселелерді талқылау маңызды аспект болды. Мамандар тәрбиелеу және жастайынан қарым-қатынас дағдыларын дамыту толыққанды тұлғаны қалыптастырудың басты шарты екенін атап өтті. Іс-шарада айтылған қорытынды ұсыныстар мәдени білім беруді типтік оқу жоспарларына енгізуге, сондай-ақ балалардың жан-жақты дамуына жағдай жасауға бағытталған жаңа білім беру бағдарламаларын әзірлеуді қамтыды. Бұл тәсіл балаларға тек білім жинақтап қана қоймай, сонымен бірге әлеуметтік бейімделу мен шығармашылықты дамытуға мүмкіндік беретіні баса айтылады. Жалпы «Кешкі шай» мектепке дейінгі жастағы мәдени тәрбие тақырыбының өзектілігі мен маңыздылығын көрсететін сәтті бастама және білім беру мекемелері мен ата-аналар қауым­дастығы арасындағы диалогты жалғастыру қажет­тігін растады. Іс-шара тәрбие мен оқыту әдістерін одан әрі дамытуға және жетілдіруге, сондай-ақ балабақшалар мен тәрбиеленушілердің отбасылары арасындағы серіктестікті нығайтуға ынталандыру болды.

– Жалпыұлттық ата-аналар форумы туралы толығырақ айтсаңыз…

– 2023 жылғы 11 тамызда Астана қаласында еліміздің түкпір-түкпірінен 700-ден астам қаты­сушы, оның ішінде белгілі қоғам және мем­лекет қайраткерлері, ғалымдар, педагогтар мен психологтар жиналған республикалық ата-аналар форумы өтті. Осымен үшінші рет өткізіліп отырған форум бала тәр­биесі, олардың құқықтарын қорғау отбасы құндылықтарын насихаттаудың өзекті мәселелерін талқылайтын алаңға айналды. Форумда ата-аналардың білім беру үдерісі мен бала тәрбиесіне белсенді қатысу қажеттілігі, сондай-ақ Қазақстанның жас ұрпағына сапа­лы білім беру мен гүл­денген болашағын қамта­масыз ету үшін елі­міздің педагогикалық әлеуетін нығайтудың маңыздылығы аталды. «Сенімен болашақ» қоғамдық бірлестігінің құрылтайшысы Нұркен Асановтың айтуынша, форумға қатысушы ата-аналардың қатары жыл сайын артып келеді.  «Сенімен болашақ» бірлестігі бір жылда 126 мың ата-анаға тренинг-семинар өткізді. Әрбір аймақта аптасына 50-70 семинар өтеді. Астанада өткен жалпыұлттық ата-аналар форумында педагогикалық әдеп пен ұстаз тапшылығы мәселелерінен бөлек, көп­теген өзекті тақырып көтерілді. Ұрпақ тәрбиесі мен отбасы құндылықтарын тәрбиелеудің маңызды аспектілері, сондай-ақ ата-аналар мен балаларды қолдауға бағытталған әлеуметтік жобалар талқыланды. Ата-аналар институтының оқу-тәрбие процесіндегі рөліне, жасөспірімдердің репродуктивті денсаулығының мәселелеріне, балалардың цифрлық мәдениетіне қатысты мәселелерге назар аударылды. Сондай-ақ қазақ отбасы тәрбиесіне қатысты жүргізілген социо­логиялық зерттеулердің нәтижелері көр­сетіліп, ата-ана үлгісінің балаға маңыздылығы айтылды. Қазіргі ата-аналардың басты мәсе­лелерінің бірі – балалардың гаджеттерге тәуелділігі мәселесіне ерекше назар аударды. Осы жылы да жалпыұлттық ата-аналар форумы өз жалғасын таппақ.

– Бірлестік жастарды шабыттандыру үшін қандай әдістерді қолданады?

– Жастардың өмірінде мотивация мен шабыт басты рөл атқарады. Біз тек киім мен аксессуарларды ғана емес, сонымен қатар ұлы ойшылдардың мотивациялық сөздері арқылы шабыт көзін ұсынамыз. Худи, толстовкалар, футболкалар, шопперлер, бө­тел­келер мен бет­белгілер – бұл заттардың әрқайсысы іс-әрекетке, оқуға шабыттандыратын  нақыл сөздер бар тауарлар. Педагогика мен бала тәрбиесіне қатысты белгілі кітаптардың аудармасын басып шығарып, білімнің таралуына үлес қосып жатқанымызды да мақтан тұтамыз. Қазіргі таңда 3000 дана таралыммен шыққан кітаптарымыз мыңдаған оқырмандарды шабыт­тандырды. Бұл білімге және өзін-өзі дамытуға деген ұмты­лыстың мәңгілік және өзгеріссіз қалатынын растайды және біздің өнімдер жастарға жол табуға көмектеседі. Біз әр адамның әлемді жақсы жаққа өзгертуге құдіреті бар деп есептейміз және біздің міндетіміз осы сенімге қолдау көрсету. Біздің тауарларымыз бен кітаптарымыз жай ғана өнім емес, олар біздің тұтынушылармен бөлісетін идеялардың хабаршысы. Олар әрбір адам жақсы адам бола алады, әркім табысқа жете алады және әркім қоғамға өз үлесін қоса алады деген ойды жеткізеді. Жастар біздің өнімдерді сапасы мен стилі үшін ғана емес, сонымен қатар біз әрбір затқа енгізетін құндылықтар үшін қалай таңдайтынын көріп, қуанамыз. Бұл біздің көзқарасымыздың өзекті және сұранысқа ие екендігін, шабыт пен мотивацияның күнделікті өмірде алатын орны бар екенін және бүгінгі құрылып жатқан үлкен және жарқын болашақтың бір бөлігі бола алатынымызды дәлелдейді.

– Сұхбатыңызға рақмет.

Шәкизат Қаратайұлы,«Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігі Қызылорда облыстық филиалының басшысы:Әрбір ата-ана құмар ойындардың, суицидтік ойлардың алдын алуды ойлау керек

Әңгімелескен

София Хайруллақызы

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: