Сейсенбі, 23 қыркүйек, 12:59

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№72, 2185
23.09.2025
PDF мұрағаты

Шахаризадаханым Батырханова: Ұлттық өнердің өміршеңдігіне сенемін

23.09.2025

33 0

Бүгінгі таңда ұлттық өнер өзінің мән-маңызын жоғалтқан жоқ. Қайта жаңғырып, ұлттық болмысымызды айшықтай түсуде. Мәселен, Шахаризадаханым Батырханова табиғи жүннен тақия басып, оны заманауи деңгейде дәріптеп жүр. Оның еңбегі жай ғана бұйым жасау емес, ұмыт болып бара жатқан өнерді қайта жаңғырту, жастарға үлгі ету.

Шахаризадаханым табиғи жүннен тақия басуды өзінің сүйікті ісіне айналдырған. Оның қолөнерге деген құштарлығы бала кезінен бастау алған. Бүгінде ол ұлттық мұраны дәріптеуді өмірлік мақсат етуде. Ол үшін қолөнер жай ғана әуестік емес, жүрек қалауымен жасалатын өнер. Табиғи жүннен тақия басу ісін ол ине қолданбай, дәстүрлі әдіспен жүзеге асырады. Әр бұйымды ерекше ықыласпен жасап, оған ұлттық ою-өрнек, әсемдік пен мән-мағына береді. Оның айтуынша, табиғи жүннен жасалған бас киім денсаулыққа пайдалы, әрі әдемі, әрі ыңғайлы. Шахаризадаханым бұл істі кәсібіне де, хоббиіне де айналдырған. Ол қолынан шыққан әр тақияны ұлттық болмысымыздың бір бөлшегі деп санайды. Сондықтан әр туындысын өзгеше өрнектеп, қайталанбас нақышта безендіреді. Шахаризадаханым қолөнерді тек өз шеберханасында ғана емес, өзгелерге үйретуді де басты мақсаттарының бірі санайды. Жақында ол «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында өткен көрмеге қатысып, өзінің еңбектерін көпшілік назарына ұсынды. Бұл көрмеде оның табиғи жүннен ине қолданбай жасаған тақиялары ерекше қызы­ғушылық тудырған. Шебердің ой бастауы өзіне тәлім-тәрбие, білім берген №143 мектеп болды. Ол мектебіне арнайы барып, оқушыларға шеберлік сабағын өткізген. Сабақ барысында оқушылар табиғи жүннен тақия басудың қыр-сырын үйреніп қана қоймай, ата-баба дәстүріне деген құрметті сезінген. Шахаризадаханым үшін бұл тәжірибе өнерді дәріптеумен қатар, жас ұрпақтың ой-өрісін дамытуға бағытталған үлкен қадам. Ол оқушыларды әсемдікке баули отырып, эстетикалық талғамын жетілдіруді көздеді. Өзінің айтуынша, жас ұрпақ ұлттық өнерге құштар, жан-жақты талантты болып шықты.

– Болашақ жастардың қолында. Ұлттық өнерді жалғастыруға олар дайын болуы керек. Сол үшін біз қолымыздан келгенше бағыт беріп, дәстүрімізді дәріптеуіміз қажет, – дейді ол.

Шахаризадаханымның еңбегі тек туған ауылында ғана емес, алыс шет елдерде де бағаланып үлгерді. Өнерге деген адалдығы мен ұлттық нақыштағы тақиялары оған күтпеген қуаныш сыйлады.

– Былтыр Астанада өткен Димаш Құдайбергеннің кешіне арнайы бардым. Бұл кешке барудағы мақсатым – тек ән тыңдау ғана емес, өзімнің жасаған бұйымдарымды әлемнің түкпір-түкпірінен келген көрермендерге көрсету еді. Тілегім қабыл болып, сахнаның алдыңғы қатарынан орын алдым. Басымда өзім жасаған тақия. Бір сәтте арқа жағымнан шетелдік қонақтар түртіп, «Сіздің басыңыздағы бас киім ерекше екен, қайдан алғаныңызды айтып бересіз бе?» деп сұрады. Осы сәтте ұлттық өнердің құдіретін шетелдіктердің қызығушылығынан-ақ байқауға болатын еді. Мен олардың сұрағына мақтанышпен жауап беріп, тақияны өзім жасайтынымды айтқанда, таңданыс одан сайын артты. Олар әлеуметтік желідегі парақшамды жазып алды. Кейіннен тапсырыс берді. Осылайша, Американың бірнеше штаттарына қазақтың қолөнерін жеткізуге мүмкіндік туды, – дейді Шахаризадаханым Батырханова.

Шахаризадаханым Батырханова: Ұлттық өнердің өміршеңдігіне сенемін

Бұл ғана емес, ол сол кеште қазақ өнерінің мақтанышы Димаш Құдайберген мен қарындасы Раушан Құдайбергеноваға арнайы сый ретінде қолөнер туындысын тарту еткен.

Шахаризадаханым тек тақия басумен ғана шектеліп қоймайды. Ол тоқыма тоқу ісімен де айналысады.

– Бұл өнердің де қазақ тұрмысында өзіндік орны бар. Бұрын­дары жаңа туған сәбиге тоқыма киім кигізу ата-бабадан келе жатқан дәстүр еді. Мұның себебі де тереңде. Жүннен тоқылған киім баланың денесін тітіркендіріп, сол арқылы қимылдап, өмірге тез бейімделуіне ықпал ететін болған. Тоқыма тоқу тек қолдың икемділігін ғана емес, жанның тыныштығын да қажет етеді, – дейді ол.

Шахаризадаханым осы ұмыт бола бастаған дәстүрді қайта жаңғыртып, тоқыма бұйымдарын да әсемдік пен мән-мағына бере отырып жасайды. Осылайша ол табиғи жүннен бұйым жасаудың түрлі тәсілдерін меңгеріп, бірін-бірі толықтыратын өнер салаларын ұштастырып келеді. Бұл оның қолөнерге деген құштарлығының кеңдігін, дәстүрді сақтаудағы талпынысын айқын көрсетеді.

Шахаризадаханым Батырханова: Ұлттық өнердің өміршеңдігіне сенемін

«Өнер – таусылмас қазына, жұтамас байлық» деп дана халқы­мыз бекер айтпаған. Бүгінгі таңда ұлттық қолөнерді жаңғырту тек әсем бұйым жасау емес, халықтың тарихын дәріптеп, рухани құндылығын сақтап қалу. Шахаризадаханым осы жолда аянбай еңбек етіп келеді. Әлемнің алыс қиырындағы адамдардың өзі қазақтың қолөнеріне қызығып, баға беріп жатқаны өнердің шекарадан тыс құдіретін дәлелдейді. Бұл – бір адамның еңбегі арқылы күллі халықтың мәдениеті танылып жатқанын көрсетеді. Шахаризадаханымның басты мақсаты жастардың бойына ұлттық өнерге деген сүйіспеншілікті ұялату. Ол шеберлік сабақтарын өткізіп, өскелең ұрпақты ұлттық құндылықтарды бағалауға баулиды. Өйткені болашақ – жастардың қолында. Егер жас ұрпақ ата-баба өнерін қастерлесе, онда халқымыздың мәдениеті ешқашан ұмытылмайды.

Нұржан НҰҒЫМАДИЛЛА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: