Сенбі, 20 қыркүйек, 03:11

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№71, 2184
19.09.2025
PDF мұрағаты

Шахмат әлеміндегі  жарық жұлдыз

20.09.2025

34 0

Балалар әлемінде әркімнің арман-мақсаты әртүрлі. Бірі спортшы, бірі дәрігер болғысы келеді. Ал біздің бүгінгі кейіпкеріміз – шахмат арқылы ойы ұшқыр, ойлауы жүйрік болып келе жатқан Зейін Сәулебек. Ол – небәрі үшінші сыныпта оқыса да халықаралық жарыстарда ел намысын қорғап үлгерген спортшы. Зейіннен шахмат әлеміндегі алғашқы қадамдары, жетістіктері мен армандары жайлы сұрап білдік.

– Ең алдымен өзіңді оқырмандарға таныстырып өтсең…

– Мен Қызылорда қаласы Ж.Нұрманов атындағы №198 мектептің 3 «Ә» сыныбында оқимын. Алғаш мектепке барған кезімде сынып жетекшім Марзия Дәулетбайқызы бізге тапсырма берді. Тапсырманы тиянақты алғашқы болып сызып орындадым. Ұстазым бұл әрекетімді байқап, «Шах­мат ойнағың келе ме?» деп сұрады. Сол кезде мен шахматты білмесем де, ойынға деген қызығушылығым оянды. Ұста­зым анаммен ақылдасып, 2023 жылдың қыркүйегінен бастап шахмат клубына қатыса бастадым.

Шахмат әлеміндегі  жарық жұлдыз

– Шахматқа ден қойған екі жыл ішінде қандай жетіс­тіктерге қол жеткіздің?

– Шахматқа қатысқаныма биыл екі жыл толады. Осы уақыт ішінде мен 4, 3 және 2 разрядты спорт шеберлігі біліктілікте­рін қорғадым. Қала ішіндегі жарыстарда бірнеше рет ІІ және ІІІ орындарға ие болдым. Ең үлкен жетістігімнің бірі – маусым айында Қырғызстанның Ташкент қаласындағы «Иссык-Куль Open 2025» халықаралық турнирінде Қазақстан атынан өнер көрсетіп, жүлделі ІІІ орын алуым.

– Шахмат ойыны несімен қызық?

– Мен үшін шахмат – бөлек әлем. Ойын басталғанда ойым жүйеленіп, жаным тынышталады. Бұл ойын маған өзімді сенімді сезінуге көмектеседі. Сондықтан мен шахмат ойнағанды ұнатамын. Болашақта бұдан да үлкен жетістіктерге жеткім келеді. Ең басты арманым – әлемдік чемпионаттарда Қазақстанның на­мысын абыроймен қорғау.

– Шахмат ойынында мате­матика мен логикалық ойлау қажет пе?

– Мен үшін шахмат пен математика, логикалық ойлау арасында тікелей байланыс бар. Шахматтың әр жүрісі – алда шешілуі тиіс есеп тәрізді, сондықтан әр жүрісті мұқият есептеп, дұрыс шешім қабылдауға тырысу қажет. Сондықтан шах­­мат ойнаған сайын менің мате­матикалық шеберлігім де, логикалық ойлау қабілетім де дамиды деп ойлаймын. Соны­мен қатар әлемге әйгілі шах­матшылар туралы оқып, олардың партияларын зерттедім. Әр ойынды мұқият саралап, әр шахматшының ойын мәнерін зерделей отырып, пайдалы идея­ларды есте сақтадым. Осы зерт­теулер мен талдаулар өзімнің ойынымды жақсартуға көп көмектесті.

– Ең қызықты немесе күтпеген нәтижеңіз қандай болды?

– Ең қызықты әрі күтпеген жағдай – ІІ разрядты қорғау кезінде өте жақсы нәтиже көрсетуім болды. Мен өзім де осындай табысқа жеткеніме таң қалдым. Миымның осынша күр­делі шешімдер қабылдай алатынын байқап, ерекше қуа­ныштан танымай қалдым.

– Шахматтың күнделікті өмірде қандай пайдасы бар деп ойлайсыз?

– Меніңше, шахмат күнде­лікті өмірде ойлау қабілетін дамытып, есте сақтау шеберлігін жетілдіреді. Ойын барысында әр жүрісті мұқият жоспарлау керек болғандықтан, кез келген жағдайды байыппен ойлауға үйренеміз. Нәтижесінде ой өрісім кеңейіп, қиын тапсырмаларға да жүйелі түрде қарауға дағдыландым. Сондықтан шах­маттың пайдасын өте зор деп есептеймін.

– Бұл жолда сізге демеу болып, жігер берген кім?

– Менің шабыт қайнарым – мені қолдап жүрген ата-анам. Үнемі жанымнан табылып, маған демеу көрсетеді. Сонымен қатар сынып жетекшім Марзия Дәулетбайқызы мен жаттық­тырушы Әсілхан Нұрдәулет ағайымның еңбегі зор.

– Алдағы жарыстар мен жобаларға қатысты қандай жоспарларыңыз бар?

– Болашақта Қазақстанның барлық аймақтарында өтетін жарыстарда жүлдегер атанып, әлемдік аренада ел намысын қорғағым келеді. Ең үлкен мотива­циямның бірі – Қырғызстанда өткен халықаралық жарыста алғаш рет ел намысын қорғап, жүлделі орынға ие болуым. Сол себепті ары қарай шетелдік турнирлерде бақ сынап, жаңа белестерді бағындыруға бар күш-жігерімді жұмсамын.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Бетті дайындаған

София Хайрулла

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: