Қазақта «шай ішсең көңілің жай» деген тәмсіл бар. Самаурынның шайын сарқып ішкен дәстүрді жалғастырып келеміз. Алайда бұрын шайдың бір-екі түрі бар еді. Бүгінде дүкен сөрелерінде самсаған шайдан көз сүрінеді. Қазақтың әдемі сөзімен өрнектелген шайдың сыртқы келбеті де, қызыл күрең шығымы да керемет. Ал сапасы қандай деген сауалға жауап іздеп көрдік. Өйткені ағзаға зиян бояғыштар денсаулыққа зиянын тигізері сөзсіз.
Көңілде көптен күдік келтірген сауалдың жауабын мемлекеттік бас санитар жариялап, елімізде фальсификацияланған шай өнімдерін әкелуге және сатуға уақытша тыйым салу туралы қаулыға қол қойды. Себебі тексеріс барысында біз тұтынып жүрген бірнеше брендтік өнімнің құрамынан рұқсат етілмеген жасанды бояғыш пен жалған өндіріс мекенжайы анықталған. Тиісті сынама алынып, зертхана сараптама жүргізген. Зерттеу нәтижесінде көптеген шай құрамынан сары бояғыш, тартразин, понсо 4 R бояғыштар табылған. Сонымен қатар өнім сыртында көрсетілген өндіріс және буып-түю мекенжайының шындыққа жанаспайтыны анықталған.
Осы мәселеге орай аймақтағы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті кейбір шай өнімдеріне қатысты уақытша санитариялық шаралар енгізіпті.
– Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті ішкі сауда нарығы айналымына келіп түсетін өнімдердің қауіпсіздігін бақылау мақсатында 2025 жылы 125 сауда орнынан барлығы 1 232 тағам өнімінің сынамасын алып, сараптама жүргізді. Оның ішінде халық көп тұтынатын шай өнімінің 12 сынамасы зерттелді. Нәтижесінде 5 шай өнімі санитариялық-химиялық көрсеткіш бойынша техникалық регламент талабына сәйкес келмеді.
Атап айтқанда, Қазақстанда қапталған Кения елі шайларының құрамынан тартразин, өзге де тағамдық бояғыштар анықталды. Нормада бұл қоспаларды қолдануға рұқсат етілмейді. Сәйкес келмеген өнімдер бойынша 5 сауда нүктесіне еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенті талабына және (немесе) бірыңғай санитариялық-эпидемиологиялық және гигиеналық талабына сәйкес келмейтін өнімді алып қою және өткізуден кері қайтарып алу туралы жедел ден қою шарасын қолдану туралы қаулы ресімделді.
Техникалық регламент талабына сәйкес келмеген 70 келі шай өнімі сатылымнан алынды. Ал өнімін тауарлық ілеспе құжаттарсыз сатқан сауда орындарына қатысты кәсіпкерлік нысанға ӘҚБтК-нің 203-бабымен 45 АЕК мөлшерінде қысқартылған тәртіпте айыппұл салынды, – деді облыстық СЭБД басшысының орынбасары Ерлан Ұзақбаев.
Сала маманының айтуынша, мұндай сәйкессіздіктер еліміздің бірқатар аймағында да анықталуына байланысты бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің 2026 жылғы 5 қаңтардағы №1-ПГСВ қаулысымен халықтың санитариялық эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы бақылау мақсатында сатып алу нәтижелері бойынша тиісті нормативтік құқықтық актілердің, кеден одағының техникалық регламент талаптарына сәйкес келмейтін шайды әкелуге және сатуға тыйым салынды. Олардың қатарында «Апамның шәйі Premium gold», «Al-Hayat» Golg, өндірушісі «Orda Trade Astana» ЖШҚ (Алматы облысы) өндірісі, «Sultan Suleyman», «Pakistan tea», өндірушісі «Real Trade Astana» ЖШҚ (Астана ), «БАЛҚИЯ Premium gold», өндіруші «Аль-Хадия» ЖҚ (Алматы), «Aje Onim», өндіруші «Орда Чай» ЖҚ (Алматы) «Кальций» ЖШС тапсырысы бойынша, «Al-Hayat» Golg, өндіруші «Empire KENIY E.P.Z. Limited» (Алматы облысы), «Al-Jannat Premium», өндіруші «Ferdaus» ЖҚ (Алматы), «Alfarah» (өндірушісі қаптамада көрсетілмеген) бар. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметімен тұрақты жүргізілмек.
Шайдың қызылы мен әдемі қорабына қызығып, беймәлім бояғыштармен ағзамызға зиян келтірмейік. Тек маман кеңесін қаперде ұстап, денсаулыққа пайдалысын таңдағанымыз жөн.
Гауһар АСҚАРҚЫЗЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!