Жексенбі, 29 желтоқсан, 07:39

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Шаттыққа толы шырша тойы

28.12.2024

133 0

Осы аптада Өнер орталығында шаһар басшысының бүлдіршіндерге арналған жаңа жылдық кеші өтті. Жаңа жылдық шырша барша балдырғанды қуанышқа кенелтті. Өнер орталығының іші жұмбаққа толы таңғажайып ертегілер әлеміне айналды.  Сән-салтанатқа толы мерекелік шараға оқуда озат, спортта, өнерде алда жүрген оқушылар мен әл-ауқаты төмен көпбалалы отбасының балалары қатысты. Көңілді өрілген мерекеге қала мектептерінен  100-ге жуық бала қатысты.

Шырша тойына қала әкімі Нұржан Ахатов қатысып, бүлдіршіндерге ізгі лебізін жеткізді.

–  Баршаңызды үлкен үміт отын жағатын, қуа­ныштан, махаббаттан бастау алатын, айналаға нұр болып шашылатын, әрбір шаңыраққа шуақ болып тарайтын шырайлы сәт – Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын.

Ел Президентінің тапсырмасымен Қазақстанның түкпір-түкпірінде, біздің қаламызда жаңа мектептер, білім беру нысандары ашылып, көптеген ойын алаңы салынуда. Биыл облыс көлемінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен бой көтерген 21 мектептің ал­ғашқысы Сыр өңірінің бас шаһарында ашылып, шәкірт қабылдады. Заманауи үлгідегі 350 орындық «Оқушылар сарайы» пайдалануға берілді. Бәріңе бақытты балалық шақ, жарқын болашақ тілеймін. Жаңа жыл құтты болсын! – деді шаһар басшысы.

Мерекелік кешке келген балалар ойын ойнап, ән шырқады, театрландырылған қойылым тамашалады және естелік сыйлық алды. Әдемі кештің куәсі болған баланың бірі – Б. Шалғынбаев атындағы №217 ІТ мектеп-лицейінің 7-сынып оқушысы Асманұр Төрехан.

– Жаңа жылдық мерекеге қатысқаныма қуаныш­тымын. Мектептің үздік оқушысы ретінде мені таңдағаны үшін ұстаздарыма рахмет айтамын. Жаңа жыл мерекесін оқушылар асыға күтеді. Жаңа жыл жаңа үміттің белгісі, жаңа арман-мақсаттарға жол бастайтын қуанышты мереке. Жаңа жылда жақсылықтар көп бола берсін, – дейді ол.

Асыға күткен мерекелік шараға балғындар түрлі дайындықпен келгені байқалады. Олардың мере­ке­лік костюмі өздеріне жарасып-ақ тұр. Бүлдіршіндер сан алуан ойыншықпен безендірілген шыршаны ерек­ше қуанышпен айналып жүр. Аяз ата мен Ақшақар да қоржынын түрлі тәттіге толтыра келген. Әсем ән, жаңа жылдық би бүгінгі мерекенің шырайын келтірді.

Айтолқын  АЙТЖАНОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: