Бейсенбі, 26 желтоқсан, 21:17

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Шекара шебіндегі сарбаздар

17.08.2024

336 0

Бұл күн – еліміздің шекара шебін күзетіп жүрген шекарашылардың ерлігі мен жанқиярлық қызметіне құрмет күні. Шекарашылар жай ғана әскери қызметкерлер емес, олар ел тыныштығы мен қауіпсіздігінің сақшылары.

1992 жылдың 18 тамызында Президент Жарлығымен Қазақстан Республикасының шекара әскері құрылды. Ал шекарашылар күні кәсіби мереке ретінде 2012 жылдан бері аталып келеді. 5 мемлекетпен шектесетін еліміз достық пен татулықтың ерекше үлгісін көрсетіп отыр. Бүгінде 15 мың шақырымнан асатын шекара бойында антқа берік, рухы асқақ қыз-жігіттер еңбек етеді. Бұл көлемнің біздің аймағымызға тиесілі бөлігі 700 шақырымға тең. ҚР ҰҚК Шекара қызметіне 32 жыл толса, Қызылорда облысы бойынша департаменті ел тыныштығын күзете бастағанына 25 жыл толып отыр.

– Шекарашылар күнімен қатар, Қызылорда облысы бойынша департаменттің құрылғанына 25 жылдығын атап өтуді жоспарлаудамыз. Әрбіріміз үшін бұл мерейтойдың маңызы зор, өйткені ширек ғасырда қауіпсіздікті қамтамасыз етуде көптеген маңызды мақсаттарға қол жеткіздік. Барлық қиындықтар мен кедергілерге қарамастан, біз шекараның сенімді қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында аянбай еңбек етудеміз. Біздің жұмысымыз мемлекетіміздің шекарасында қырағылық пен тұрақтылықты сақтауды талап етеді. Шекара қауіпсіздігі – батылдық, парыз, абырой және әрбір қызметкерлеріміздің күш-жігерінің арқасында ел іргесі күндіз-түні бақылауда, – дейді «Застава тарландары» республикалық қоғамдық бірлестігінің Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Асан Худаяров.

Қазақстандағы шекарашылар күні ресми мереке ғана емес, сонымен бірге ардагерлер мен жас шекарашылардың бас қосып, тәжірибе алмасып, білімдерін ортаға салатын кезі. Шеруден бастап патриоттық шараларға дейін аймағымыздағы әскери-патриоттық қозғалысының жас шекарашылары аталған мерекеге белсенді қатысуда.

– Отанға мінсіз қызмет етіп, әскери құрылымның қалыптасуы мен өркендеуінде департаменттің әрбір әскери қызметкерінің қосқан үлесі орасан зор. Қиын қыстау кезеңдерде түпкі тамырынан көз жазып қалмай, табандылық таныта білді. Қазіргі таңда әскерипатриоттық қозғалыстың қатарында 300-ге жуық жас шекарашы бар. Ол Қызылорда қаласы, Шиелі, Қармақшы ауданындағы шалғай беттегі орналасқан мектеп пен колледждерде құрылды, – дейді ҚР ҰҚК Шекара қызметі Қызылорда облысы бойынша департаменті тәрбиелік, идеологиялық және кадрлық жұмыстары бөлімінің бастығы Нұрбек Абдиракинов.

 – Қазіргі уақытта әскери борышын өтеп келген сарбаздарды келісімшарт негізінде жұмысқа орналастырудамыз. Ал жоғары білімі бар, әскери кафедраны тәмамдаған азаматтарды белсенді түрде қызметке қабылдаймыз. Қосымша ақпарат пен қызметке орналасу және қажетті мәліметтерді алу үшін Қызылорда қаласындағы департаментке келіп, қажетті ақпарат ала аласыз, – дейді кадрлық жұмыстар бөлімінің бастығы Данияр Жұпарбеков.

Шекара қызметі Қызылорда облысы бойынша департаменті тәрбиелік, идеологиялық және кадрлық жұмыстары бөлімінің бастығы Нұрбек Абдиракиновтың айтуынша, мерекеге орай шекара қызметінде ел тыныштығын күзетуде еселі еңбегімен бірқатар шекара қызметкерлері, сарбаздардың ата-аналары алғыс хаттармен марапатталады.

Кеудесіне Отанға деген ұлы махаббат пен жауапкершілікті сыйдырып, тәуелсіз Қазақстанның қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген сарбаздарды біз де төл мерекесімен құттықтаймыз.

 София ХАЙРУЛЛАҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: