Сыр өңірінде денсаулық сақтау саласын дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Жаңа нысандар салу және заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету бүгінде қолға алынған. Қазіргі уақытта тұрғындар сұранысына сай, облыс орталығында
300 орындық аурухананың құрылысы жүруде. Оған ауысымына 100 адам қабылдайтын емхана мен онкологиялық бөлімше енгізілген.
Әлеуметтік нысан Мемлекет басшысының тапсырмасымен салынуда. Аурухана заманауи техникалық шешімдерді ескеріп жобаланған, ең озық технологиямен қамтамасыз етіледі. Диагностика және емдеу бойынша заманауи стандарттарға сай келетін жоғары технологиялық инновациялар енгізіледі, бұл медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттырады. Осылайша Қызылордада шетелдік клиникалардан еш кем түспейтін заманауи медициналық кешен пайда болады.
«Мелиоратор» серіктестігі қолға алған жобаға 36 млрд 416 млн теңге қаржы қаралған. Бұл – аймақтағы халықаралық стандарттарға сай, ең ауқымды жобалардың бірі. Аумағы 57 мың шаршы метр, 7 гектар жерге орналасқан. Нысан 10 блоктан тұрады: емхана, пансионат, конференц-зал, асхана, физиотерапия, қабылдау бөлімі, әкімшілік, реанимация, химиотерапия және радиотерапия, операциялық бөлім. Құрылысы екі жыл бұрын басталған ғимаратты салу барысында осы уақытқа дейін 21 млрд теңге қаражат игеріліп, жұмыстың 70 пайызы еңсерілді. Қалған 16 млрд теңге биыл республикалық және облыстық бюджеттен бөлінген. Қазіргі таңда бетон жұмыстары толық біткен, ал кірпіш қалау аяқталып қалды.
Жуырда құрылысшылар терезесін салып, қасбетін бастайды. Сонымен қатар жылу құбырлары орнатылып, қажетті тораптарға қосылуда. Электр желісі тартылып, тарату нүктелері дайындалды. Құрылыс кестеге сәйкес жүргізілуде. Жоспар бойынша жыл соңына дейін құрал-жабдықтарын орнатып, пайдалануға береді.
«Ақмешіт-ақпарат»
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!