Сейсенбі, 09 қыркүйек, 15:23

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№68, 2181
09.09.2025
PDF мұрағаты

Ши тоқудың шебері

09.09.2025

55 0

Қазақ үшін қолөнердің орны ерекше. Қолөнер – халықтың тұрмыс-тіршілігін, дүниетанымын, салт-дәстүрін айқындайтын мәдениет кілті іспетті.  Сол киелі өнердің бірі – ши тоқу.  Ұмыт бола бастаған ши тоқу өнерін қайта жаңғыртып жүргендердің бірі – Зылиха Календар.  Ол 20 жылдан бері ши тоқумен айналысып келеді. Оның өнеріне біз де қызықтық.

– Зылиха апай, ең алдымен өзіңіз туралы айтып өтсеңіз. Ши тоқуды кімнен үйреңдіңіз ?

– Бала кезімнен сурет салуға, әдемі­лікке, көркем дүниелерге жақын болдым. Қағаз бетіне сурет салғанды жақсы көретінмін. Ал ши тоқуды ең алғаш сіңі­лім Камиладан  үйрендім. Содан бері бұл өнерге ғашықпын десем де болады. Ең­бекті сүйсең, ол сені шеттетпейді. Бұл – тө­зімділік пен тиянақтылықты қажет ете­тін іс. Қиындығы көп болғанымен, нәти­желі жұмыс.

– Шидің қандай түрі бар? Қандай мақсатта қолданылады?

– Жалпы ши екі түрге бөлінеді: ақ ши және орама ши. Ақ ши – күнделікті тұрмыста кеңінен қолданылған, өрнекпен әшекейленбеген түрі. Көбіне киіз үйдің оң жағына ілінеді. Оның ішіне ас-ауқатты, айран-сүтті, құрт-майды сақтаған. Тіпті ақ шиді «шыпта» деп те атайды, оған құрт жаятын болған. Ал орама ши –  түрлі ою-өрнек салынып, әше­кейленіп, киіз үйдің сыртқы жағын қаптау үшін қолданылған. Бұл киіз үйдің жылуын сақтаған.

Ши тоқудың шебері

– Шиді қалай тоқиды?

– Ши – құмды және таулы аймақ­та өсетін өсімдік. Қазан, қараша ай­ларында жинау маусымы басталады. Бұрын ата-бабаларымыз шиді түпкі  тамырымен бірге тартып алып, ши тоқитын болған. Қазіргі таңда біз та­мырына зақым келтірмей жинауға тырысамыз. Жиналған шиді алдымен кептіріп, тазалаймыз. Одан кейін шидің сұлбасы, дизайны жаса­лады. Қиялға ерік беріп, түрлі өрнек табамыз. Ши тек тұрмыстық бұйым ғана емес, ол арқылы эстетикалық образ жа­саймыз. Әрі қарай жүнді бояу процесі басталады. Бұл аса мұ­қияттылықты қажет ететін іс. Түстің үйлесімді болуы шарт. Содан кейін ғана тоқу жұмысы басталады.

– Шиді заманауи интерьерге  сай етіп тоқуға бола ма?

– Әрине, болады. Қазіргі заман жаңа­шылдық пен креатив дәуірі. Ши тоқу – көненің көзі болғанымен, оның заманға бейімделуіне еш кедергі жоқ. Мысалы, шетелдік туристер түрлі көрмелерде біздің қолөнер бұйымдарымызға қызығып, сәндік бұйым ретінде де қолданады. Тіпті, тоқылған шиді қабырғаға ілінетін декоратив ретінде пайдаланғанын көр­генде қуанасың. Ұлттық өнерге жан біткендей күй кешесің. Осы қолөнермен айналысып Қазақ хандығының 550 жыл­дығына, EXPO-2017 халықаралық көр­месіне, Қырғызстандағы қолөнершілер фестиваліне, көшпелілер фес­тиваліне қатыстым. Әсіресе, Қырғызстанда өткен байқауда  шиден жасаған бұйымдарым ерекше бағаланып, кубок иелен­дім. 2023 жылы Түркістан облы­сында өткен «Ұлы Жібек жолы бойындағы тоқыма және зергерлік өнер» атты халықаралық қолөнер шеберлерінің жәрмең­ке­сі­не қатысып, «Тұран» номина­циясын иелендім. Сонымен қатар Астана қаласында өткен халықаралық «Гагарин көктемі» байқауынан орын алдым. Бұл еңбегімнің бағаланғаны деп білемін. Бастысы, талмай еңбек­тену керек.  Мұнан бөлек, қатысқан облыстық, қалалық, аудандық қолөнер­шілер байқауы қаншама. Ең маңыздысы тәжірибе жинау деп білемін.

– Өнер адамы ретінде шабытты қайдан аласыз?

– Әр туындым – менің шабыт көзім. Қолымнан шыққан әр бұйым өз баламдай. Кейде тіпті шидегі оюлар өзімен-өзі сөйлеп тұрғандай сезі­леді. Өнерде шекара жоқ. Ұлтық бұйымға сұраныс жоғары болып жатса, әрі қарай ұмтылуға күш бе­реді. Ізденісте болып, тоқтамау керек.

– Қазір технология дамы­ған заман.  Бұл қолөнерге кері әсер етпей ме?

– Адамның қолымен жасалған бұйым ешқашан құнын жоғалтпайды. Себебі шебер­дің орнын техника алмастыра алмайды. Жасанды интел­лект те, роботта да шынайы шеберлік пен рухты алмастыруы мүмкін емес. Сондықтан сұраныс бар және бола береді.

– Шәкірт тәрбиелеп жүрсіз бе?

– Иә, шәкірттерім бар. Қазір №206 «Жиделіарық» орта мектебінде қолөнер үйірмесінде сабақ беремін. Онда қыздарға ши тоқу, сурет салу, тігін тігу, моншақтан бұйым жасауды үйретемін. Жастардың бойындағы шығармашылықты оятуға тырысамын. Үйре­немін деген адамның бетін қақпаймын, тек ынта мен ниет болса болғаны.

– Сұхбатыңызға рахмет.

Әңгімелескен Айдана Бахтияр

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: